Олжас Бектенов италиялық компаниялар басшыларымен кездесті

Бүгiн, 12:06 233

Олжас Бектенов италиялық Maire Tecnimont және Ansaldo Energia компанияларының басшылығымен өндірісті локализациялау келешегін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов биыл қаңтарда Римде ҚР Президентінің қатысуымен өткен Қазақстан-Италия дөңгелек үстелінің алаңдарында жасалған келісімдер мен меморандумдарды іске асыру мәселелері бойынша энергетика және мұнай-газ химиясы саласындағы жабдықтардың жетекші өндірушілері – италиялық компаниялардың басшыларымен кездесті. 

Ansaldo Energia бас директоры Фабрицио Фаббримен келіссөздер барысында инновациялық технологияларды қолдану арқылы энергетикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру шаралары талқыланды. Бұл бағытта италиялық компанияның газ және бу турбиналарын әзірлеу саласындағы тәжірибесі перспективалы саналады. Бұрын қабылданған келісімге сәйкес Алматы ЖЭО-3 үшін екі газ турбинасы өндірілетін болады. Осыған байланысты тараптар өзара тиімді ынтымақтастыққа және Қазақстандағы газ турбиналық қондырғылар үшін компоненттерді локализациялауға мүдделі. Бұл елімізде газ турбиналы генераторлық қондырғылар үшін әртүрлі компоненттер өндіруге мүмкіндік береді және электр энергиясын өндіруге арналған жабдықтар саласында жоғары технологиялық жеткізу тізбегін жасайды.

Maire Tecnimont компаниясының президенті Алессандро Бернинимен кездесуде көмірсутек шикізатын терең өңдеу және қосылған құны жоғары, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруды арттыру саласындағы өзара іс-қимыл қарастырылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда әлемдік нарықтарда сұранысқа ие полимерлер мен басқа да маңызды өнімдерді шығаратын зауыттар салу бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. Өз кезегінде, Maire Tecnimont полиэтилен, бутадиен, тұрақты авиация отынын өндіру, сондай-ақ газ бөлу кешенін салу саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуға мүдделі. Айта кету керек, тұрақты авиация отыны жобасы бойынша серіктестік Қазақстандағы авиация саласындағы жасыл технологияларды дамытуға елеулі үлес қосады. Аталған отынды өндіру көміртегі зиянды қалдықтарын азайтуға, экологиялық қауіпсіз ұшуды арттыруға және Қазақстанның жаһандық экологиялық технологиялар нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов қайта өңдеуге баса назар аудара отырып, экономика құрылымын әртараптандыруға және өзгертуге бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық бастамалардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде Үкіметтің шетелдік инвесторларға жәрдем көрсетуге әзір екенін растады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: