Олжас Бектенов ЕО өкілдіктері басшыларымен су ресурстарын басқару мәселелерін талқылады

18 Сәуір, 18:17 456

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Қазақстан–Еуроодақ» диалог платформасының 14-ші отырысы өтті. Отырысқа Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшылары, сондай-ақ бірқатар еуропалық компаниялардың топ-менеджерлері қатысты.

Күн тәртібінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қаралып, су ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы бірлескен жұмыстың перспективалары белгіленді.

Қазақстан Үкіметінің басшысы елімізде орын алған күрделі су тасқыны жағдайы аясында тұрақты су инфрақұрылымын дамыту үшін ЕО елдерімен әріптестікті кеңейтудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

Табиғи апаттың ауқымы мен салдары бізден ресурстарды дұрыс пайдалану және болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін түбегейлі жаңа тәсілдер қабылдауды талап етеді. Бұл мәселеде бізді Еуропа елдері мен компанияларының озық тәжірибелері мен әзірлемелері ерекше қызықтырады. Қазақстан Үкіметінің күш-жігерін Еуроодақтың қолдау бағдарламаларымен үйлестіру маңызды, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда ҚР Үкіметі Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Оны жүзеге асыру нәтижесінде суды тасымалдауда ысырап азаяды, суармалы жерлердің жағдайын бақылау жүйесі жетілдіріледі, сондай-ақ төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін гидротехникалық құрылыстар жаңғыртылады.

Өз кезегінде Еуропалық Одақ Өкілдігінің елшісі Кестутис Янкаускас белгіленіп отырған бағыттың басымдығын растады. Мәселен, ауыл шаруашылығы және су ресурстарын басқару саласындағы өзара іс-қимыл биыл екіжақты күн тәртібіндегі негізгі мәселелер болмақ.

Су мәселесі – Орталық Азиямен ынтымақтастығымыздың басымдығы. Басқа табиғи ресурстар сияқты, суды тиімді пайдалану үшін оның құны болуы керек. Бұл тиімді технологияларды енгізуге түрткі болады және көптеген еуропалық компаниялар осы бағытта жұмыс істеуге дайын, — деді Кестутис Янкаускас. Сондай-ақ ол су бассейндері мен өзендерді тұрақты басқару саласындағы білім мен технологияның берілуін қамтамасыз етуге дайын екенін растады.

Сонымен қатар жиынға қатысушылар еуропалық өнімдерді Қазақстан нарығында ілгерілету және ЕО нарықтарында қазақстандық өнім ассортиментін арттыру мақсаты болып саналатын бірлескен агроазық-түлік миссиясы аясындағы жемісті ынтымақтастықты атап өтті

Кездесу барысында Еуропа елдерінің елшілері мен шетелдік компаниялардың өкілдері суды үнемдейтін технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы саласын дамыту тәжірибесімен бөлісті. Австрия Елшісі Вилли Кемпел инновациялық суару технологиясын, сондай-ақ суды тұтынуды айтарлықтай азайту арқылы жоғары өнім алуға мүмкіндік беретін жаңбырлы егін шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімді таныстырды.

Германия-Қазақстан аграрлық-саяси диалогының жетекшісі доктор Ольга Хунгер су ресурстарын үнемдеу Германияның да, Қазақстанның да ауыл шаруашылығы саласы үшін іргелі бағыт екенін атап өтті. Осыған байланысты суару технологиясына жасанды интеллект енгізу саласындағы білім мен инновация трансфертінің, топырақтың құнарлылығы мен ылғалдылығын сақтау мақсатында өңдеудің жаңа әдістерін қолдану келешегі зор.

Кездесуде сондай-ақ күн энергиясынан қуат алатын автономды онлайн стансаларды пайдалана отырып, жер үсті және жер асты суларының сапасын бақылаудағы Финляндия тәжірибесі қарастырылды. Қазақстанда тәжірибелік зауыттарды іске қосу перспективалары атап өтілді. Цифрлық платформа бөгеттермен байланысты тәуекелдерді бақылауға және су инфрақұрылымының тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Сурет: primeminister.kz

Сонымен қатар кездесуге қатысушылар ағынды суларды тазартуға инновациялық технологияларды енгізу саласындағы Швецияның, ал Венгрияның озық агротехнологияларға, оның ішінде тұқым шаруашылығына көшу бойынша тәжірибесін талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов су ресурстары мәселесі ауыл шаруашылығын дамытудың тиімділігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан Қазақстанның ЕО елдерімен өзара іс-қимылы екі бағытта да қарқынды және қатар жүргізілуі керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету міндетін қойды. Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі экономикамыздың маңызды салаларының бірі болып табылады. Бізде жоғары сапалы және органикалық ауылшаруашылық өнімдерін, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін өндіруге үлкен әлеует бар. Біз ЕО нарығына азық-түлік экспортын арттыруға мүдделіміз. Еуропалық компаниялардың озық агротехнологияларын ескере отырып, сіздерді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен жобалар жасауға шақырамыз. Біз өз тарапымыздан бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау үшін бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз, – деді Олжас Бектенов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: