Олжас Бектенов экономиканы дамыту жөнінде кеңес өткізді

Бүгiн, 10:53 258

Қаңтар-ақпан айларындағы ЖІӨ өсімі 5,4%-ды құрады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің экономикалық блок министрліктері басшылығымен мемлекет басшысының ел экономикасының тұрақты өсуі мен әртараптандырылуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесі бойынша жұмыс кеңесінде айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар-ақпан айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Есепті кезеңде ЖІӨ өсімі 5,4%-ды құрады. Тауар өндірісі мен қызмет көрсету секторында өсу серпінінің жақсарғаны байқалады. Өнеркәсіптік әлеуетті ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өнеркәсіп өндірісінің көлемін 5,7%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Өңдеу өнеркәсібі бойынша бұл көрсеткіш 8,9%-ды құрады. Негізгі салалар ішінде машина жасау (18,2%), азық-түлік өндірісі (13,1%), құрылыс материалдары өндірісі (21,6%) және металл бұйымдары өндірісі (20,1%), сондай-ақ химия өнеркәсібі (9%) жоғары көрсеткіштер көрсетті. Тау-кен өнеркәсібінде өсім 4,1%-ды құрады.

Құрылыс саласында жоғары қарқын сақталған. Орындалған жұмыстар көлемі 408,1 млрд теңгеге, ал нақты көлем индексі 112,8%-ға жетті. Сауда саласындағы өсім 6%-ға, ал көлік және қоймалау қызметі 21,3%-ға артқан. Жалпы, астық, тұқым және мал азығы (өсім 5,8 есе), фармацевтикалық өнімдер (44,6%-ға), автокөліктер мен жеңіл көліктер (38,8%-ға) өткізетін көтерме сауда кәсіпорындары айтарлықтай жоғары үлес қосты. Астық тасымалы 43%-ға артып, 2,4 млн тоннаға жетті, ал ұн өнімдерін тасымалдау 12%-ға өсті.

Сонымен қатар терең өңделген өнім өндіретін салаларды қолдау жүйесінің нәтижелері атап өтілді. Осылайша, қосылған құны жоғары өнімдер, атап айтқанда, құрама жем экспорты 5 есеге өсіп, 273 мың тоннаны құрады (2024 жылы – 56 мың тонна), өсімдік майының экспорты 28%-ға артып, 94 мың тоннаға жетті.

Премьер-министр өсу қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырып, жоспарлы өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты күшейту қажет бірқатар бағытты атап өтті. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: