Олжас Бектенов Ақтөбе облысының дамуы барысымен танысты

Бүгiн, 16:00 148

Премьер-министр Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өнеркәсіптік бірқатар кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысып, олардың мысалында отандық бизнесті қолдау шараларының тиімділігін және жолдауда мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика саласы мен АӨК назарға алынды.

Олжас Бектенов Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өндірістік қуатымен танысты. Кәсіпорын жылына 430 мың тоннаға дейін: темір жол рельстері мен пішінді илек өнімдерінің кең номенклатурасы мен арнайы профильдер және басқа да өнімдер шығарады. Зауытта рельстерді термоберіктеудің жоғары сапасын қамтамасыз ететін инновациялық технология қолданылады. Өндірілген өнім еліміздің темір жол құрылысында пайдаланылады, сондай-ақ Түркия, ТМД елдері, Эстония, Латвияға экспортталады. 

Мұнда Ақтөбе облысындағы өнеркәсіптің дамуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды. Жалпы, биылғы 8 айда өңірдің өнеркәсіп көлемі 6,9%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгеге дейін; өңдеу өнеркәсібі – 15%-ға, 699,2 млрд теңгеге дейін өсті. Өңірлік пулға бүгінде ТКМ, құрылыс индустриясы, энергетика, мұнай-газ химиясы сияқты және басқа да салаларда құны 3,9 трлн теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба кіреді. Оларды іске қосу 15 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Олжас Бектенов отандық кәсіпорындарды қолдау – Үкіметтің басым міндеті екенін атап өтті. Қолдау шаралары көрсетіледі, сонымен бірге импортты алмастыруға әсер ететін сапалы әрі қолжетімді тауарлар түріндегі нәтижелер қажет.

Премьер-министр Ақтөбе ферроқорытпа зауытындөндіріс барысымен танысты. Жобалық қуаты жылына 740 мың тоннадан асатын зауытта қож өңдеу цехы, тау-кен байыту және басқа да қосалқы нысандар жұмыс істейді. Өндірілетін феррохром, ферросилиций және басқа қорытпалар аса берік болат өндіруде, шойынды легирлеуде, сондай-ақ металлургияның басқа да бағыттарында пайдаланылады. Зауытта 4060 жұмыс орны ашылды. Көлемді одан әрі ұлғайту мақсатында балқыту пештерінің қуаты 300 мыңнан 700 мың тоннаға дейін арттырылды. 

Олжас Бектенов инновациялық технологияларды енгізудің маңызды екенін атап өтті, бұл жоғары деңгейде өңделген өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық бизнеске қажетті қолдау көрсетілуде. Алып кәсіпорындардың өндіріс көлемінің өсуі өз кезегінде аралас салалардың дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға, адамдардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға серпін береді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: