Олжас Бектенов Ақтау, Құрық теңіз порттарының дамуымен танысты

25 Қыркүйек, 17:36 404

Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің көлік-логистикалық және туристік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Ақтау, Құрық теңіз порттарында болып, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағын дамыту перспективалары қаралды.

Құрық теңіз портын аралау барысында Премьер-Министрге жыл басынан бері жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 1,5 млн тоннадан асқаны, жыл соңына қарай көлемі 2,2 млн тоннаға дейін жеткізілетіні баяндалды. Биыл тереңдету жұмыстарын аяқтап, астық терминалын іске қосу жоспарланып отыр. Логистикалық кластер құру және паром флотын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы перспективалы жобалық қуаты жылына 6 млн тонна жүкті құрайды. Құрық теңіз порты жыл бойы автокөдік және теміржол паромдарын қабылдай алады, осы мақсатта мамандандырылған 4 айлақ бар. 

Мұнда Олжас Бектеновке энергетикада, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі және басқа да салаларда пайдаланылатын «жасыл» сутегін өндіру бойынша қазақ-неміс инвестициялық жобасы таныстырылды. Кәсіпорынның қуаты 2 млн тоннаға жетеді. Инвестиция көлемі €50 млрд-тан асады. Жобаны іске асыру кезінде су тұщыту зауыты мен қуаты 40 ГВт ЖЭК стансасын салу және пайдалану жоспарлануда. Жоба аясында 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Премьер-министр Ақтау теңіз сауда портының қуаттылығымен танысты. Нысан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуда маңызды рөл атқарады. Өзінің техникалық параметрлері мен қалыптасқан бизнес–процестері бойынша порт заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Техникалық жабдық жүктердің кең ауқымын өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда нысанның өткізу қабілеті 11 млн тоннадан асады. Мұнда үш мұнай құю және үш құрғақ жүк айлағы, жылына 800 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге қабілетті астық терминалы, сондай-ақ паром кешені бар. Биылғы 8 айда порт арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 3 млн тоннадан асты, негізгі бағыттары – Иран, Түрікменстан, Әзербайжан, Ресей және басқа да елдер. 

Мұнда Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салу жоспары туралы баяндалды. Инвестор ретінде Қытайдың ең ірі порт компанияларының бірі «Ляньюньган порт компаниялар тобы» ЖШҚ тартылды. Инвестициялық жоба тасымалдауды орта және ұзақ мерзімді жоспарлауға ықпал етіп, жүктерді жеткізуге қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде.

Премьер-министр халықаралық көлік дәліздерінің түйіскен жерінде орналасқан Маңғыстау облысының стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, оларды түрлендіру бойынша стратегиялық міндет қойды. Қазақстанның географиялық орналасуы – біздің артықшылығымыз, оны бар мүмкіндігінше пайдалану керек. Маңғыстау облысының қуатты транзиттік, логистикалық және инфрақұрылымды-сервистік әлеуеті өте жоғары, оны одан әрі дамыту қажет. Сондықтан отандық теңіз көлік-логистикалық кластерін кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа жобаларды іске асыру өте маңызды, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: