Олимпиадаға қатысудан бас тартқан Елена Рыбакина қазақстандықтарға үндеу жасады

25 Шілде, 22:07 534

Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқан Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина отандастарына үндеу жасап, төрт жылда бір келетін додаға неліктен қатыса алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Теннисшінің үндеуі Қазақстан теннис федерациясының ресми сайтында жарияланды. 

Құрметті қазақстандықтар! Мен үшін бұл туралы айту қиын. Өкінішке қарай, Париж Олимпиадасына қатыса алмаймын. Уимблдон турнирінен кейін жедел бронхитпен ауырдым. Жаттығуға қайта оралуға тырысқаныммен, ағзам әлі қалпына келген жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды.

Сіздердің үміттеріңізді ақтап, Париждегі Олимпиадада біздің құрама үшін бақ сынай алмайтыныма қатты өкінемін. Мен Токиода медальға өте жақын болдым және Қазақстан қоржынын алтынмен толықтыру үшін Париж ойындарына тыңғылықты дайындалдым. Өкінішке қарай, сырқатым бұл жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді",-деді Елена Рыбакина. 

Өз сөзінде теннисші дүбірлі додада өнер көрсететін қазақстандық барлық спортшыға сәттілік тіледі. 

"Біздің елдің барша спортшысына қолдау білдіремін және олар Олимпиадада ел намысын жоғары деңгейде қорғайтынына сенемін. Алға, Қазақстан!,-деді ол.

Перизат Саденова
Бөлісу: