«Олимпиада ойындарына 100 күн»: Астанада бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтеді

10 Сәуір, 13:48 954

Елордадағы «Астана» триатлон саябағында 17 сәуір күні «Олимпиада ойындарына 100 күн» атты 5 шақырым қашықтықта қала тұрғындары арасында бұқаралық жүгіру шарасы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, айтулы іс-шараға 5 шақырым қашықтықты бағындыра алатын қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Жас шектеуі жоқ.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы бұқаралық жүгіру шарасы Олимпиадалық қозғалысты насихаттау әрі олимпиадашылар мен олимпиадалық лицензияларды алуға үміткерлерді қолдау мақсатында өтпек. Сондай-ақ олар бұқаралық жүгіру шарасы спорттық жарыс емес екенін айрықша айтып өтті.

Маңызды оқиға – XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына осы жылдың 17 сәуірінде 100 күн қалады. Соған орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары қатыса алатын бұқаралық шарасын өткіземіз. Айтулы шара бұл жарыс еместігін айта кеткім келеді. Бұл – бұқаралық жүгіру, - дейді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бақтияр Масанов.

Тіркелу кезінде қатысушыларға лотерея билеттері таратылып, бағалы сыйлықтар ойнатылады. Оның ішінде велосипед, қорғаныс бас киімі, бөтелкелер бар. Қатысушыларды тіркеу сол күні сағат 08.30-дан бастап өтеді. Сонымен қатар, мәреге жеткендерге финишер медалі беріледі.

Бұған қоса, сахна жанында қол күрес (армрестлинг), арқан тартыс пен гір спортынан жарыстар өтеді.

Айта кетейік, 2024 жылғы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы – Парижде өтеді. Қазіргі уақытта Париж Олимпиадасына қазақстандық қыз-жігіттер 31 жолдама жеңіп алды. Оның үшеуі – астаналық спортшылардың еншісінде.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: