Өліарадағы өнер

31 Наурыз 2017, 15:23 1538

Сал-серінің сарқыты Ерлан Төлеутай туралы эссе

Таным

Кешегі кеңестік комсомолдардың көбі егемендік алған бетте билікке тез бейімделгенімен, руханият биігіне бой ұсынғандары шамалы. Өйткені бес-алты жыл бұрынғы желтоқсан жарасы ырсиып жатқан болатын. Мектепте оқыған тарих-әдебиетіміздің дені дүбәрә боп, дүниеден баз кешіп кете жаздаппыз. Сонда да хақтың жолы ашылды, хатшыдан пәрмен кетті.

Тарих қайтадан таласа жазылды, шежіре шырмауықша шұбырды. Осы тоқсаныншы жылдары Ерлан Төлеутай Қарағандыдағы өнерлі жастардың алтын қазығы болды. Студент жастарды ұлттық өнерге сусындата жүріп, небір талантты балалардың бағын ашты. Қарағанды Мемлекеттік университетінің Жастар сарайы әннің базарына, жырдың ғажабына айналды. 1997-98 жылдары өткен «Наурыз», «Университеттің 25 жылдығы» мерекелері, «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» байқаулары, жыр мүшайралары мен ақындар айтысын ұйымдастырудың басы-қасында болды. Ұлттық мәдени мұрамызға мейлінше жақындай бердік. Атажұртқа оралған шәкірттермен біте қайнаса бірлесіп жұмыс жасады. Аймақтың ардақты ақсақалдары Жайық Бектұров, Ғабдолла Құлқыбаев, Хамзабай Бөкетов, Темірғали Көкетаев, Зарқын Тайшыбай сынды тұлғалармен пікірлесіп, пайдалы кеңестерді пайымдай білді. Жүре түзелетін көштің арқан-жібін бекітіп, аманат жүгін аударып алмауға тырысты.

Сал-серінің сарқыты Ерлан Төлеутай өнер жолын Қарағанды Мемлекеттік университетінің «Балауса» әдеби шығармашылық бірлестігінде әнші болып бастаған. Ол 1990 жылы Ташкент қаласында өткен «Орта Азия және Қазақстан жастар фестивалінің» лауреаты (вокал номинациясы бойынша), 1993 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ-республикалық «Жігіттің сұлтаны» байқауының жүлдегері болды. Өткен бабалардың өмірін  өнеге еткен, сол өнер мен өнегені аманатқа арқалап жүрген Ерлан Мұқатайұлы 1968  жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы Ортау ауылында дүниеге келген. Бір жасынан бастап, Байдалы би (бұрынғы Дружба совхозы) ауылында,  нағашысы Шөкен Орынбеков пен Бибігүл Қалмағанбетқызының қолында тәрбиеленген. Атасу орта мектебінде оқып, Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін тамамдады. Жас маман еңбек жолын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшісі болып бастады.

Кейін студенттер арасындағы КТК (КВН) думанында  келеңсіздіктер шығып, соның  кесірінен студенттер сарайынан аластатылғанымен, 1998 жылға дейін  ҚарМУ-дің археология-этнология және Қазақстан тарихы кафедрасында тағылымдамашы-зерттеуші боп қызмет жасады.

Тал қармау

Арқаның кіндік қаласы - Қарағанды қазыналы мекен. Столыпин реформасы, қазан төңкерісі, қуғын-сүргін, соғыс, қалпына келтіру кезеңі, тың игеру сияқты саяси-әлуметтік жағдайлар Сарыарқаға өз ықпалын  тигізді.

Жер қазынасын игеруге жер-жерден келімсектер көптеп келді де, елдің рухани қазынасы ескерусіз қалған болатын. Тәубе дейтін Тәуелсіздікке Ұлттық Рух  ауадай қажет еді.  Осы кезде отызға аяқ басқан Ерекең елдіктің еңсесін көтеруді қолға алды.  Университеттен кеткен соң, Қарағандыдағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына қызметке тұрды. Қаладағы осы құтхана жастар  орталығының ордасына айналды.  Кітапхана басшысы Роза Рысқанқызы мен қызметкері Жадыра Сембекқызының қолдауымен, рухани қатарластары журналист-сатирик Мартбек Тоқмырза, философ-ұстаз Омар Жәлелұлының демеуімен Қарағанды қаласындағы жастардың интеллектуальдық БОТА (білімпаздар, ойшылдар, тапқырлар, алғырлар) орталығын құрды.

1996-2001 жылдары Ерлан Төлеутай осы кітапханада ашылған орталықтың тұңғыш төрағасы болды. Өткен жылы жиырма жылдығын атап өткен «БОТА» орталығы көптеген талапты да талантты жастарға баянды бағыт-бағдар берді. Қазір Ерлан Төлеутайдың шәкірттері республиканың бас газетінен бастап, республикалық телеарналар мен мемлекеттік маңызы бар облыстық, үкіметтік ғимараттарда ғибратты еңбек етіп жатыр. Осындай орталықта техникалық, медициналық, гуманитарлық жоғарғы-орта оқу орындарының студеттері бір үйдің баласындай тәлім-тәрбие алып, республикалық-халықаралық жарыстардың жүлдегерлері атанды. Бұл ХХ ғасырдың соңы мен  ХХІ ғасырдың басындағы өңірдегі  өнерлі жастардың тал  қармауы болатын.

Кейін басшы Гауһар Бекбалақовамен пікірлесе отырып, кітапханаға саяси зобалаңның дәмін татқан, жерлес жазушы Жайық Кәгенұлы Бетұровтың есімін беру ісіне де белсене араласты. Кітапхана ішінен жазушының кітаптары мен өзі қолданған тұрмыстық заттардан тұратын мұражай ашылды. Қазір мұражайда жазушының көз алдында болған 500-ге  тарта кітап бар. Ерекең осы жәдігерлерді алуға барғанда, Жайық атамыздың жары жарықтық Жәукен апа кітаптың әр бумасымен кәдімгідей дауыс салып қоштастқандығын айтады. Осындай шаруаларды бір жақты ғып тындырған соң Төлеутаев мырза қолына қалам алып, журналистикаға жүргінді.

2001-2002 жылдары «Алтын Орда» республикалық тәуелсіз газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып істеді. 2003-2010 жылдары  «Қазақстан–Қарағанды» телеарнасында редактор болып еңбек етті. 2008-2009 жылдары Республикалық «Алаш Орда» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

Қандай жағдай да да домбырасы мен қаламын қатар ұстап, ұлттық ұстаным жолында оның келешегі үшін үмітпен тер төкті. 1998 жылы Астана қаласында өткен 1-халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. 2005 жылы өткен 1-ші республикалық Мәди атындағы әншілер байқауының дипломанты атанды. 2007 жылы Литва мемлекетінің астанасы Вильнюс қаласында өткен халықаралық музыка фестивалінде өнер көрсеткен Ерлан Төлеутайды Литва ұлттық телеарнасы «Фестивальдің ең үздік өнерпазы» деп таныған. Сол себепті ол Литва ұлттық телеарнасында Италия елінің әншілермен бірге тікелей эфирде концерт беру құрметіне ие болған. Осы сапарында ол Европаға арнайы сапармен келген және фестиваль қонағы болған Жапония мемлекетінің императоры Ахихто Хирохитомен жүздесіп, сұхбаттасты.  Түбі бір түркілік таныммен 2012 жылы Түркия мемлекетінде өнер көрсетті.

  Ән  өз алдына, Ерлан Төлеутай оны дәріптеуге бар ғұмырын арнап келеді. Көп жылдардан бері қазақ ән өнерінің тарихын зерттеу үстінде. Республикалық БАҚ-тарда, атап айтқанда, «Егемен Қазақстан», «Алтын Орда», «Қазақ әдебиеті», «Жас Қазақ», «Алаш айнасы», «Айқын», «Алаш Орда», «Аңыз Адам», «Жұлдыздар отбасы», «Азамат», «Начнем с Понедельника» басылымдарында ән өнері және оның шығу тарихы жайында жазған мақалалары, зерттеу еңбектері, сұхбаттары жарық көрді.

Өнер зерттеушісі оқырманы мен көреременін, тыңдарманы мен қатарластарын таң қалдырған тың дүниелерді алға тартты. 2006 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан Ерлан Төлеутайдың «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» атты кітабы жарықққа шықты. 2013 жылы «Өнер» баспасынан өнертанушының «Жүсіпбек Елебеков» атты деректі романы оқырманға жол тартты. 2010 жылы дүниеге келген әнші Қайрат Байбосыновтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Айбозым» кітабын құрастырушылардың бірі. Бұл шығармалар өнерді сүйген жүректің үні болатын.

Ерлан ән тарихын зерттеуші ғана емес, Арқаның шамшырағына айналған белгілі әнші. Әнші Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың, Жаяу Мұсаның, Естайдың, Жарылғапбердінің, Мәдидің, Иманжүсіптің, Сәкен Сейфуллиннің әндерін елітіп орындайды.

Ерекеңнің әншілігімен қатар, ақындығы да бар. Ұрымтал жерде ұтымды ұйқастарды ойнатып, тіл жаттықтырып,  жас ақындардың шеберлігін шыңдайтын.  Және оңайлықпен сөзден жеңіле қоймаушы еді.

Ал Ерекеңнің сазгерлік бағыты бөлек болмыс. Сөздің киесін, әннің иесін түсінген жанның ішкі толқынысы буырқанып ән болып төгіледі. Ерлан Төлеутай қазақ ақындарының көптеген өлеңдеріне ән шығарған. Әсіресе, әнші Мақпал Жүнісова орындайтын «Япырай» (сөзі Мұқағалидікі) және әнші Меруерт Түсіпбаева айтатын «Сен және Мен» (сөзі Жанат Әскербекқызынікі) әндерін әнсүйер қауым жылы қабылдады. Абайдың, Шәкәрімнің, Мұқағалидың, Жұматай Жақыпбаев, Еркеш Ибраһим, Қайырбек Асанов, Марфуға Айтхожина, Тұрсын Жұмаш, Жанат Әскербекқызы, Қайрат Асқаров, қырғыз ақыны Әкбар Рысқұловтың өлеңдеріне жазылған көптеген әндердің авторы.

Тағдыр

Танымнан басталған тағдыр таңдаудың жемісі. Талап пен таңдау Ерлан Төлеутайды 2010 жылы Алатау бөктерінен бірақ шығарды.  Алматы қаласындағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің бас редакторы қызметіне шақырылды. Ерлан Төлеутау өмірлік басты мұраты бала тәрбесіне ұлттық құндылықтарды сіңдіруге шындап кірісті.

Ерлан Төлеутай «Тағдыр» (Түрік халық ертегісінің желісі бойынша), «Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз» (1-бөлім),»Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмдерініің сценариін жазып, «Жау жүрек мың бала», «Алмас қылыш», «Қазақ Хандығы» 20 сериялы тарихи драмалық сериал-фильмдердің диалогтарын жазды. 

Режиссер ретінде «Мәди» деректі драмалық фильмін түсірсе, осы шығармамен бірге Қазақстан арнасында көрсетілген бес сериялы деректі драмалық «Абай» фильмінің сценарийін жазды.

Ерлан Төлеутай „Қазақфильм АҚ“ тапсырысымен өзі сценарийін жазған деректі фильмдерінде танымал тұлғалардың тағдарына үңіледі, атап айтсақ, «Тәттімбет», «Қасым Аманжолов», «Хабибаның Жүсіпбегі», «Талғат Бигелдинов», «Зейнолла Серікқалиев», «Акселеу Сейдімбеков», «Рымғали Нұрғалиев», «Мен көрген соғыс», «Ұлытау төрінде», «Генерал Сабыр Рахымов», «Қазақстан» Ұлттық арнасымен бірлесе «Мәшһүр Жүсіп»,  «Әбілхан Қастеев», «Шара Жиенқұлова», «Нәзір Төреқұлов», «Таң» телеарнасымен түсірген «Иса Байзақов» деректі филмдерін ұсынған.

Әйгілі «Жаужүрек мыңбала» секілді  көркем  фильмге редакторлық етіп, көркемсуретті жанрға қазақи жан берді. Сондай ақ, «Құнанбай», «Сүйінбай», «Дала даусы», «Анаға апарар жол», «Аманат» фильмдері  Ерекеңнің қаламынан өтті.

Әншілік хәм әдебиетшілік, тілшілік пен тіршіліктен алған тәжірибесімен  көптеген фильмдерге кеңесшілік еті. Бойына біткен ұлтжандылық мінезімен  кеңесшілік еткен деректі фильмдері де бір төбе, айтпасқа болмас; «Қазақстан» ҰА бағытымен «Әлкей Марғұлан», «Мәшһүр Жүсіп», «Халел Досмұхамедев», «Санжар Асфендияров», «Бейімбет Майлин», «Сәкен Сейфуллин», «Ілияс Жансүгіров», «Смағұл Сәдуақасов», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Қаныш Сәтбаев», «Дмитрий Снегин», «Евгений Брусиловский»,  «Әбілхан Қастеев», «Кәукен жұлдызы» деген жұлдызды тұлғалар туралы фильмдер болатын.

Қазақи болмыспен баптанған, сырт келбетінің өзі кешегі сал-серілердің бүгінгі сарқыты Ерекеңді көпшілік Нұрмұхан Жантөре марқұмға ұқсататыны шындық.  Ал Ерекеңнің өзі ара-арасында рольге кіріп кететінін біреу білсе, біреу білмес. Ол көркемдеген образдар «Жау жүрек Мың балада» – Төле бидің кеңесшісі, «Құнанбайда» – Жанақ ақын, «Мәдиде» – Мәди, «Однокласникиде»      –  құс фабрикасының инженерін сомдады.

Тағдыр деген ұғымды біз, тіршілігінде талай теперішіті көріп, татар дәмі таусылған жандарға телитініміз рас. Ерлан Төлеутай редакторлық еткен фильмдердің көбі тағдырлы тұлғалармен байланысты. Ерекеңнің сан қилы тағдыр соқпағы да Қарағандыдан Алматыға апарып, өнердің жоқшысына айналдырды.

Осыдан жиырма жыл бұрын жазылған мына өлеңім әлі де ескірмеген екен, тақырыбымызға тұздық болсын.

Е.Төлеутайға

1937-1997

Тұлпарларға шеңбер жасап шерлі еттік,

Жетпегендей сайын дала кеңдігі.

Бұлбұлдарды торға қамап әндеттік,

Құлағыңнан кетпесе де ел мұңы.

Томағамен қалықтайды қас қыран,

Шаңқылдайды шыңға мұңын шағынып.

Қыңсылайды қақпандағы қасқыр аң,

Кетердейін намыс буып жарылып.

Құлжаларын шынжырға әкеп шырмаған,

Арқарлардың арқан қиды мойынын.

Киіктерді нысанаға ап сұм заман,

Пәктігі үшін ол да тартты айыбын.

Маңғаз марал мал боп кетті момақан,

Теперішті, тегеурінді тірліктен.

Құрбақаға құлан дайын, таласа

Құлаған соң құндылығын жүнжіткен.

Ата қазға ермей қалды балапан.

Жыл құстары келмей қалды біз күткен.

Аққуларға айдын көлде жоқ отан,

Үркек үйрек қалыпты-ау тек дүрліккен.

Тасбақаға жүлделі орын тартамыз.

Меңіреу құр мінбеде тұр байқасаң...

Қарға үніне қозады екен арқамыз -

Түлкілердің адалдығын айта алсаң.

Жоқ, жүрегім аласұрма тыныш тап.

Адалдықтан ада болмай алға жүр.

Сол топалаң тарих болды жылыстап,

Ажырата аламыз ба, ал қазір...

Бөлісу: