"Өлгім келмейді!". Үндістандық азаматқа күйеуге шыққан қарағандылық әйел Қазақстаннан көмек сұрады

29 Тамыз 2023, 10:11 18879

Үндістан азаматымен отбасын құрған қарағандылық келіншек "НемолчиKZ" қорынан көмек сұраған. Ол шетелдік күйеуі өзін және балаларын қинап ұстап отырғаны туралы айтқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Фонд басшысы Дина Таңсәрінің айтуынша, олар Калькуттада үш баласымен тұрады.

Балаларының ең үлкені 10 жаста, 3,5 жаста және 1 жастан асқан.

Егер менің осы жерден шығуға қандай да бір мүмкіндігім болса, өтінемін, көмектесіңіздерші, - деп жазған қарағандылық келіншек.

Оны Үндістан азаматы 4 жыл бойы ұрып-соғып, тұншықтырып, ас-судан айырған. Күйеуі отбасы мүшелерін ешқайда шығармайды. Тіпті, үлкен қызына білім алып, оқуға мүмкіндік бермей, ұрып-соғатынын айтқан. Қазақстандық әйелдің бар жиған-тергенін тартып алып, қорқытып отырғаны мәлім болды.

Әйел Үндістаннан кетудің амалын іздеп жатқанын айтқан.

Ол өзі жұмыс істеп, балаларын аяғына нық тұрғызады. Бірақ кішкентай балаларының визасы жоқ, ал үлкенінің визалық режимі біткен, - деп жазды Дина Таңсәрі.

Әйел балаларының болашағы жарқын болғанын қатты қалайды.

Мен мұнда өлгім келмейді. Балаларымның алдағы өмірі жақсы болса екен деймін. Балаларым күйеуімнің маған жасаған шабуылы мен неше түрлі затты лақтырғанына қарап өсіп жатыр, - деп жазған.

Үндістан азаматы отбасын құрғанға дейін өзін өте жақсы адам ретінде көрсеткен.

Мұндай қиын жағдай кез келгеннің басына түсуі мүмкін. Бұл жерде мемлекеттің көрсететін көмегі болуы керек. Ол біздің елдің азаматы емес пе? Сыртқы істер министрлігі мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, сондай-ақ Қазақстанның Үндістандағы елшілігінен көмек сұраймыз. Адам құқықтары және балалар құқықтары жөніндегі омбудсмендердің де бұл жағдайға назар аударғаны дұрыс, - деп жазды "НемолчиКЗ" қорының басшысы Дина Таңсәрі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: