«Ол мен үшін үлкен сынақ болды...»

30 Маусым 2020, 21:18 5681

Жарты жылда Түркияның жеті қаласын аралаған Жаннұр Үйсінбаймен сұхбат

Бүгінде шетелде білім алу – жаңалық емес. Десе де еліміздегі оқу ордасынан гөрі, сырт мемлекетте білім алуға ұмтылғандар жетіп артылады. Тіпті жан-жақты мұқият ізденса, басқа елдерден тегін білім беретін оқу орнын да табуға болады. Осы орайда «El.kz» порталы академиялық мобильділік арқылы Түркияда білім алған нұр-сұлтандық Жаннұр Үйсінбаймен әңгімелескен болатын. Сұхбат барысында сол жақтағы білім жүйесі, сырт елде оқудың қызықтары мен қиындықтары, жарты жылда саяхаттаған қалалары жайында әңгімелеп берді.

– Жаннұр, академиялық мобильділік туралы қайдан естідіңіз?

– Ең алғаш бұл бағдарлама жайында екінші курсты бітіріп жатқан кезде естіген болатынмын. Сол кезде үшінші курстың бірінші жарты жылдығына үлгермей қалдым. Өйткені құжат тапсырудың уақыты аяқталып қалыпты. Алайда екінші жартыжылдығына әлі уақыт барын естідім. Содан неге құжат тапсырып, неге өзімнің бағымды сынап көрмеске деп ойладым. Қысқасы, сол ой мені басқа мемлекетте білім алуға жетеледі. Осы академиялық мобильділік жайында жан-жақты ақпараттарды қарастырып, Түркия мемлекетіне барамын деп шешімге келдім.


– Бұл бағдарламамен шетелде оқу үшін қандай құжаттар керек?

– Мұнда ең бірінші студенттің оқу үлгеріміне яғни GPI-ға қарайды. Әр университеттің талап ететін GPI баллы әр түрлі болып келеді. Мәселен, мен таңдаған университетте 3,5-тен төмен болмауы қажет. Өзіңіз байқағандай, сабақ үлгерімі нашар студентті жібере бермейді. Өйткені ол бала үшін шетелдік университетке үлкен қаржы төленеді. Сол себепті бұл –басты критерийлердің бірі. Екіншіден, өздеріңізге мәлім, кез-келген елге барарда сол ұлттың тілін базалық деңгейде білуі қажет. Менің жағдайымда түрік тілінен болмаса ағылшын тілінен B2 деңгейінде білетінімді растайтын сертификат өткізу қажет болды. Үшіншіден, студенттің денсаулығына баса назар аударады. Сондай-ақ мотивацицялық хатты жазуға да мұқият қараған жөн. Мұнда ең бастысы неліктен таңдаған мемлекетте оқығыңыз келеді, неліктен сол жоғары оқу орнында деген сияқты сұрақтарға жауап берсеңіз, өзіңізге плюстары болады. Оған қоса, өзіңіздің оқытушыларыңыздан ұсыныс хат алсаңыз да болады. Мысалы, мен неліктен Түркия мемлекетін таңдадым? Өйткені ол елдің мәдениеті мен тілі мені қатты қызықтырды. Сондай-ақ өздеріңіз білесіздер, Түркияның табиғаты өте әдемі, ауасы жақсы. Нағыз туристердің отаны деуге болады. Сол себепті мен тек оқу үшін ғана емес, сол елдің мәдениетімен жақынырақ танысу үшін әрі қалаларында саяхаттау үшін барғанымды бүге-шегесіне дейін мотивациялық хатта қамтуға тырыстым. Расын айтсам, маған Түркияның журналистикасы ұнайды. Сол жақта осы саланың майталмандары қалай жұмыс істейтіндігін, қалай жұртшылыққа хабар тарататындығын өз көзіммен көріп, жақынырақ танысқым келді. Хатта сол жақта болған жарты жыл яғни алты ай көлемінде Түркияның болашақ журналистерін қалай дайындайды, оларға қандай білім береді деген сынды және осыған ұқсас жайттарды көрсеттім. Құжаттарды жинаумен қоса, факультет деканының, кафедра мүшелерінің де қолдары қажет. Ол да бір жеке шаруа деуге болады. Оған да бірнеше күн арнау қажеттігін айта кеткім келеді. Жалпы, өзім сол жағынан аздап қиналдым. Өйткені өте көп жүгіріс болды. Себебі құжат жинауды оқумен қатар алып жүрген болатынбыз...

– Сол жақтағы группаластармен алғаш танысқан кезіңіз есіңізде ме?

– Иә, әлбетте. Университетте оларды «группаластар» деп жатады ғой... Бірақ университетке барудың алдында бізді студенттерден құралған арнайы топ сол оқу орнымен таныстыру жұмыстарын ұйымдастырады. Көпшілік арасында еріктілер аталып кеткен бұл студенттер қауымы көптеген бағдарламалар арқылы сырт елден білім алу мақсатында келген студенттерді жергілікті қаламен, университетпен таныстыру сынды бірқатар жұмыстармен шұғылданумен айналысады. Елден ұшып барған бойда әуежайдан күтіп, үйімізге дейін жеткізіп тастап, студенттерге яғни біздерге әлеуметтік желілерде ортақ чат ашты. Онда күн сайын барлық ақпараттарды хабарлап тұрды. Жоғарыда айтқанымдай, бұлардың барлығын біз сияқты студенттер жасап отырды. Солардың арқасында біз бейімделу кезеңінен ойдағыдай өттік. Сабақты сол қаланың жергілікті студенттерімен бірге оқығандықтан аздап қысыласың. Сырт елден келген студенттер мен жергілікті студенттерді байланыстырушы яғни көпір оқытушыларымыз болды. Бір ерекше атап өтерлігі, оқытушыларымыз бізді қатарымыздан кем қоймай, барлығымызға бірдей қарады. Жергілікті студенттерге де осыны алғашқы сабақтарда түсіндірген болатын. Сол сәттен кейін топтағы жергілікті студенттермен жақсы араласып кеттік.

– Қандай пәндерді оқыдыңыздар?

– Біз сабаққа қатыспас бұрын, алдымен факультет деканымен бір семестрде оқитын сабақтар тізімін таңдап аламыз. Бұл кезде ескеретін маңызды жайт, мұндағы сабақтар Қазақстанда оқитын пәндермен сәйкес келуі қажет. Бірақ та оларда журналистика факультеті болған жоқ. Сол себепті мен жарнама, қоғаммен байланыс саласы бойынша білім алдым. Онда «Жарнама және анализ» деген сабақ оқыдық. Яғни, жарнамалайтын тауарды фотоға түсірудің қыр-сырын үйретеді. Одан бөлек, қоғаммен байланыс, әлеуметтану сынды өзге де сабақтарды оқыған болатынбыз.


– Ол жақтағы біліммен осы Қазақстандағы білім арасында қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

– Жалпы айырмашылық өте көп. Солардың бірнешеуіне тоқталып кетсем... Маған олардың университет жүйелері өте қатты ұнады. Оларда студенттер өз қалауымен сабаққа қатысады не қатыспайды. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды деуге келеді. Ал бізде міндетті түрде қатысу керек қой. Сабаққа қатыспаса, студент үшін ол үлкен мәселеге айналады. Мұнда тобымыздағы бір студентті семестр басталар уақытта және аяқталар уақытта яғни екі рет ғана көрген болатынмын. Сол кезде «Неге сабаққа қатыспайсың?» деп сұрағанымда «Өйткені маған бұл сабақтар қызық емес» деп жауап берген еді. Байқағаныңыздай, оқытушылар студенттерді сабаққа келуге міндеттемейді. Шынымды айтсам, топта көбінесе шетелден келген студенттер, яғни біздер, қазақ қыздары ғана сабаққа күн сайын барып тұрдық. Сол сабақтардың бірінде неге өзгелерге сабаққа келуін міндеттемейсіздер деп сұрағанымызда «Ол студенттің өз еркінде. Ол дәріс тыңдап, сабаққа қатысқысы келсе, келеді, қатысқысы келмесе келмейді» деген болатын. Оларда студент сабаққа келмесе, оны «Жоқ» деп белгілемейді. Яғни студенттердің сабаққа келу не келмеуін тексеру сынды жүйе жоқ екен. Ал маңызды емтихандар уақытында студенттер барлық сұрақтарға жауап беріп, өте жақсы бағасын алады. Ал дұрыс жауап бермегендер соған сай бағаланады. Жалпы емтихан кезінде оқытушылар тарапынан «Осы топта оқисың ба?», «Сен менің сабақтарыма қатысқан жоқсың» сынды түрлі претензиялар болмайды. Тағы бір айта кететін жайт, біздің елімізде студент емтихандардан төмен балл алып қалса, жазғы сессияға қалдырылады ғой... Яғни мұны ақша төлеп, тапсыру қажет... Оны студенттер қауымы өте жақсы біледі. Ал Түркияда бұл – тегін. Менің ойымша, мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Артықшылығы, әлбетте, тегін болуында деп есептеймін. Ал кемшін тұсы – жақсы баға алғанға дейін тапсыра бересің. Мұнда байқағаныңыздай ешқандай мотивация жоқ. Егер де ақша төлеп тапсыратын болса, бұл емтиханға студенттер мұқият әрі тиянақты тапсырушы еді.

– Сабақ кезінде үй жұмысын айтудан қиындықтар болды ма?

– Сабақ уақытында үй тапсырмасын айтудың да жағымды тұстары бар. Бұларда бір семестрге бір үй жұмысы яғни жоба беріледі. Бұл жобаны сол семестр бойы жан-жақты зерттеп, семестр соңында дұрыстап қорғап шығу қажет. Сол жобаның ойдағыдай қорғалуы студенттің қорытынды бағасына үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан оларда үй тапсырмасы деген сұралмайды. Соған өте таңғалған болатынмын. Бірақ бұл барлық сабақтарда жоқ. Бұл көбінесе мамандыққа қатысты негізгі сабақтарға ғана қарастырылған. Жалпы олардың күн сайынғы сабақ өту әдісін ұнаттым. Сол жақта біздің Ясемин есімді оқытушымыз болды. Оқытушымыз – мен оқыған факультеттің деканы. Ол кісі әр сабақты ерекше өткізу үшін түрлі нәрселерді ойлап шығаратын. Бір күні оқытушымыздың сабағына аудиторияға сегіз қыз келіп отырдық. Оларда күн ыстық болғандықтан аудиторияның іші де қапырық. Бір уақытта оқытушымыз аудиторияға кіріп, «қыздар, кеттік» деді. Біз аң-таң болып, оқытушымыздың артынан ердік. Ол жақта университеттің жеке қалашығы бар. Онда шағын түрлі кафелер жұмыс істейді. Табиғат аясында түрлі пикниктер өткізуге де жақсы орын. Әрі қасымызда үлкен-үлкен таулар болды. Содан кішігірім пикник ұйымдастырып, шай-тамағымызды сатып алып беріп, сол жерде шамамен 50 минуттай сабақ өттік. Сабаққа байланысты түрлі ойындар ұйымдастырдық. Біз сол кезде үшінші-төртінші курстың қыздары едік. Жалпы бұл да сабақты қызықты өткізудің ең тиімді әдістерінің бірі деп ойлаймын. Әр сабағын өзгеше етіп өткізуді қалаған оқытушылар – өз саласының нағыз мамандары. Біздің елімізде сабақ үстінде тамақ жеуге болмайды деп айтылады ғой. Олар да керісінше оқытушылар менен: «Жаннұр, не қалайсың? Шайды қантпен әлде қантсыз ішесің бе?» деп біліп алып, өзі барып алып келетін. Сол кезде өзімізді ыңғайсыз сезінетінбіз. Бірақ та сол жақтағы түрік қыздары «Біздің оқытушымыз осындай» деп айтатын. Мұндайды бірінші рет көрген біз, қазақ қыздары таңқалатынбыз... Жалпы оқытушының студентке деген қарым-қатынасы өте жақсы дамыған. Оларда «Сен студентсің», «Сен тыңдауың қажет» деген мүлдем жоқ. Керісінше дос сияқты араласатын едік.


– Жатақхана жайында айтсақ... Мәселен, бір бөлмеде неше қыз тұрдыңыздар?

– Сол уақытта академиялық мобильділікпен келген студенттерге жатақхана берілмеді. Бірақ жатақханада жатқан қыздардан естуімше, өте жақсы. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Айналасында үлкен стадиондары бар. Көптеген жеңілдіктер жасалған. Жатақхананың бағасы қымбат емес. Расын айтсам, өзім ішіне кіріп көрмедім. Өйткені бөтен адамдарға кіруге болмайды екен. Онда біздің елден келген екі магистрант қыз тұрды. Олардың айтулары бойынша, бір бөлмеде шамамен екі-үш қыз болған. Университеттің жан-жағында кішігірім тұрғын үйлер бар. Біз құрбым екеуіміз сол жерден пәтер жалдап тұрдық. Онда көбінесе біз секілді әлемнің түкпір-түкпірінен келгендер тұрақтайды екен. Мұнда да жалға алушыларға барлық жағдай жасалынған. Сол кезде біз ай сайын шамамен 70 мың теңге төледік. Бұған Wi-fi, коммунальдық төлемдер кірді. Қасымдағы қыз екеуіміз 35 мың теңгеден шығардық. Одан бөлек, газға жеке төлейтінбіз.Не үшін газға бөлек төлейміз? Өйткені газ оларда өте қымбат. Алғашында шамамен бір-екі ай бешбармақ сынды үйдің тамақтарын көп жасап жүрдік. Сол кездері газға бір айда алты мыңнан тоғыз мыңға дейін төлеген кездеріміз болды. Одан кейін біз үйде тамақтануды азайттық. Өйткені үйден гөрі сырттан тамақтану дәмді әрі арзанырақ екенін білдік. Үйдің іші өте жарық әрі кең. Арасында үй иелері хабарласып, жағдайымызды біліп тұрды. Бір ескеретін жайт, олар үйді жалға бермес бұрын депозит сұрайды екен. Яғни бұл үйдің бір нәрсесін бұзып алсаң, соған төленетін қаржы. Мысалы, мен Қазақстанда тұрып, Түркиядан үй іздестіре бастадым. Үй іздестіруге студенттерден құралған арнайы ұйым көмектеседі. Олар жалға берілетін үйлердің бірнеше вариантын жібереді. Сол суреттерге қарап, таңдау жасап, ақшасын жіберіп қоясыз. Бұл студенттердің жұмысы тегін көрсетіледі. Осы орайда оларға бұдан қандай пайда деген сұрақ туындайтыны орынды... Олар біз секілді сырт елден келгендермен араласады, достар табады. Оған қоса, бұл студенттер де өзге елдерге академиялық мобильділікпен барғанда қарсы алатын достары болады. Біздің елімізге де бірнеше достарымыз келіп кеткен болатын. Біз де оларды қарсы алып, қаланы көрсеттік. Жалпы олардың тигізер көмектері өте көп. Бір байқағаным, оларда барлығы белгілі бір жүйе бойынша жұмыс істейді.

Осы орайда университет асханасы жайында айта кетсем... Тіпті сол жүйесін бізге де енгізу қажет шығар деп ойлаймын. Себебі бізде студенттер қолма-қол төлейді ғой.. Ал оларда студенттер тек арнайы картамен төлем жасайды екен. Бұған терминал арқылы бір айда жұмсайтын ақшаңызды салып қоясыз. Кейін қоғамдық автобустарда және университет асханасында осы картамен төлем жасап тұрады. Оларда кез келген уақытта асханаға барып, тамақ іше алмайсыз. Өзінің белгілі бір уақытында ғана барасыз. Күніне төрт мезгіл тамақ беріледі. Яғни таңғы ас, түскі ас, бесін және кешкі ас. Бұған әр түрлі тағамдар беріледі. Мысалы, бір күні таңғы асқа ботқа беріледі. Өзім көбінесе түскі асты ғана ішетінмін. Түскі асқа бірінші және екінші тағамдар беріледі. Оның қасына міндетті түрде пахлава, түрлі тәттілер беріледі. Ал нан мен су –   тегін. Түскі асты шамамен теңгемен айтқанда 180 теңгеге алатынбыз. Сол уақыттар теңге бірде жоғарылап, бірде төмендеп яғни құлдырап тұрған кезі еді. Содан бірде түскі астың бағасы 40-50 теңгеге жоғарылағанда «Түскі ас қымбаттап кетті» деп отыратынбыз қыздармен (күліп). Жалпы тамақтары өте дәмді әрі берілетін мөлшері үлкен. Асханаға келгенде кезекке тұрып, тамақты алып, бос үстелге барып, қыздармен тамақтанамыз. Асхананың бір бұрышында түрлі көптеген дәмдеуіштер тұратын. Оларға да қаржы сұрамайды.

– Сол тамақтарына, басқа да қажеттіліктеріне бейімделе алдыңыз ба?

– Бірден бейімделіп кеттім деуге болады. Себебі олар да мұсылман елі ғой... Тамақтары қатты қымбат емес. Кез келген адамның қалтасы көтеретіндей қонымды бағалар. Бастысы – дәмді. Үйіміздің қасында әр апта сайын жәрмеңке болып тұрды. Мұнда жеміс-жидектерден бастап киім-кешектерге дейін сататын. Сол жәрмеңкелердегі сатушыларға: «Біз студентпіз ғой.. Жеңілдіктер жасаңызшы» дейтінбіз. Сатушылар: «Сендер сырт елден келген екенсіңдер әрі студентсіңдер. Сондықтан мен сендерге жеңілдік жасаймын» деп тауарларды арзанырақ беретін. Жалпы бағалары да, сапасы да барлығы біз үшін тиімді болды. Біз әсіресе көптеген дәрумендерге бай жеміс-жидектерді көбірек жеуге тырыстық.

– Өзге елге барған уақытта біреулерге суы ұнамайды. Ендібіреулерге ауасы ұнамай жататын кездер де болады. Осы орайда өзіңізге несі жақпады?

– Жалпы олар өте қып-қызыл етіп шай ішеді екен. Ал сүтті мүлдем қоспайды. Керісінше оларға шайға сүт қосу керектігін біз үйретіп кеттік (күліп)... Негізі мен шай ішпейтінмін... Ол жақта кафелерге барғанда ашық сұрасаң да, қып-қызыл етіп беретін. Маған шайларының дәмі ұнамады. Бірақ та қасымдағы таныстарымның арқасында елге оралған соң шай ішіп кеттім. Ал кофесін ішпедім. Тіпті дәмін де көрмедім. Ал менің жанымдағы құрбыларым кофесін ұнатты. Түркияда ет бізден екі-үш есеге шамамен қымбат. Сондықтан олар көбінесе тауықтың етін ғана жейді екен. Сол жақта бізде бір маңызды іс-шараға қазақтың тағамдарын әзірлеуге екі келі етті қателеспесем 10 мың теңгеге сатып алдық. Етті көрген сол жақтағы достарымыз: «Мұндай етті бірінші рет көруім. Сендер етті жақсы жейді екенсіңдер» деп айтатын. Сонда мен біз осындай етті Қазақстанда күнде жейміз дейтінмін. Осында келген алғашқы кездері бізге жергілікті халық «мұнда ауа температурасы +50 градусқа дейін барады» дегенде оларға «біз -50 градусты көріп шыққан адамдармыз» деп жауап қайтаратынбыз. Негізі оларда ауа температурасы қатты ыстық емес. Айлардың сұлтаны Рамазан уақыты сабақпен уақыты тұспа-тұс келген болатын. Олар бұл мерекені өте жоғары деңгейде күтеді екен. Университет кітапханалары тәулік бойы жұмыс істейді. Рамазан айында университет тарапынан университет қалашығында ауыз бекіту үшін сәресіне студенттерге үлкен дастархан жайылады. Осындай дайындықтарды көріп, түрік елінің мұсылманшыл, дінге жақын екенін түсіндім. Мысалы, түнгі үштерде сәресін ішуге университет қызметкерлері мен студенттерін қосқанда шамамен 200-дей адам жиналатынбыз. Мұндай отырыстар аптасына екі-үш мәрте ұйымдастырылып тұрды. Байқағаныңыздай, университетте барлық жағдай жасалған. Жалпы, бұл жоғары оқу орнының студенттерге көрсеткен қызметтеріне мен өте таңғалдым. Оларға шексіз алғысымды білдіргім келеді.

– Әке-шешеңізді, бауырларыңызды сағындыңыз ба?

– Әлбетте, сағынасың... Бірақ біз бейнебайланыс арқылы хабарласып тұрдық. Сол кезде мен алғаш рет ата-анамнан бөлек әрі өзге елде тұрдым. Ол мен үшін үлкен сынақ болды деуге болады. Яғни үйден жырақта қалай өмір сүреді екенмін? Қандай және қалай қадамдар жасайды екенмін? Жалпы үйренісе аламын ба? деген сауалдар алғашқы кездері мазалаған болатын. Менің ойымша, бұл да ой-санаңның өсуіне, жетілуіне, жалпы адамның жеке өзінің өмір сүруіне деген үлкен көмек болады екен. Жоғарыда айтқанымдай, әлбетте сағынасың... Бірақ та ел көру, жер көру, білім алу мақсатында барғандықтан сағынышты басудың түрлі амалдарын жасап тұрдық. Арасында атам келіп тұратын. Өздеріңіз білесіздер, үй мүшелерінің бірі келгендіктен сағыныш сезімі басылып кетеді...


– Оқудан бөлек қай қалаларға саяхат жасадыңыз?

– Санап отырсам, мен Түркия мемлекетінің шамамен жеті қаласында болыппын. Олардың арасында Стамбул, Анталья, Измир, Эскишехир, Мармарис және тағы басқа кішігірім қалалары бар. Ал өзім Денизли қаласында тұрдым. Біз оқыған университетте арнайы ұйым болды. Олар бізге яғни сырт елден келген студенттерге тегін автобус беретін. Сол автобуспен олар бізді қаланың көрікті орындарына апарып, көрсетіп тұрды.Әр апта сайын түрлі осындай «трип» ұйымдастырып тұрды. Бастысы бұларды демалыс уақытына жоспарлайтын. Менің ойымша, бұл студенттер үшін өте қолайлы деп ойлаймын. Өйткені бұл тегін ұйымдастырылатын. Саяхат барысында арнайы экскурсоводтар барлық орындарды егжей-тегжей түсіндіріп, сауалдарымызға жауап беріп отыратын.

– Олар несімен қызықтырды? Қандай әсер алып қайтыңыз?

– Өзім барған жеті қаланың ішінде маған Стамбул өте қатты ұнады. Бұл қалада екі рет болсам да, алдағы уақытта да тағы барамын деген ой бар. Стамбул Түркияның ескі шаһарларының бірі. Өздеріңіз білесіздер, Стамбулда сонау ежелгі гректер мекендеген Константинополь мәдениетінің қалдықтары әлі де кездеседі. Мұнда Еуропа мен Азия құрлығын байланыстырп тұрған аспалы көпірді көруге келушілердің санында шек жоқ. Бұл Византия мен Осман сынды қос бірдей алып империяның жүрегі болған мекен. Осында мен бір апта болсам да, қаланы толық аралап шығуға өте аз деп ойлаймын.. Екінші орында маған ұнаған қала – Мармарис. Бұл Түркияның оңтүстік-батысында Эгей теңізінің жағалауында орналасқан. Ол өзі кішкентай қала болғанына қарамастан өте таза, суы керемет, табиғаты әсем қала. Сырттан қараған азаматтарға бұл аймақтың адамдары жұмыс істемейтін сияқты көрінеді. Тек қана демалатын секілді... Үшінші орында Анталья қаласы тұр. Бұл қала көпшіліктеріңізге өте таныс. Жалпы бұл туризм дамыған өңірлердің біріне жатады.

– Алдағы уақытта осы бағдарламамен оқуға баратындарға қандай пайдалы кеңестер айтасыз?

– Бұл бағдарламамен Түркияға барып білім алғаныма еш өкінбеймін. Өзгелерге де айтарым, мұндай мүмкіндікті пайдаланып көріңіздер. Өзіңізге мол рухани жағынан бай қазына жинап қайтасыз. Ол ешқашан артықтық етпейді деп есептеймін. Шетелді көру, шетел тілдерін үйрену, шетелдің атмосферасына енудің сізге берер артықшылықтары өте көп болады. Тіпті алдағы өміріңізге де үлкен пайдасын тигізетініне кәміл сенемін. Сондықтан әрқашан әр нәрсеге позитивті көзқарас танытып, құжаттарды жинаңыздар, мотивациялық хатты жақсылап жазып, бағыңызды сынап көріңіздер дегім келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

(Суреттер Жаннұр Үйсінбайдың жеке мұрағатынан алынған)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: