Өгей ұлын ұрып өлтірген 19 жастағы студентке сот үкім кесті

23 Мамыр, 17:07 8084

Алматыда төрт жастағы Хантөрені сабап өлтірген өгей әкесіне қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сот Дархан Дәулетовті ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігімен көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танып, оны педагогикалық лауазымды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.

Сотталушы енді жәбірленушілерге, яғни марқұм Хантөренің туған әкесіне 10 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс.

Еске салсақ, қанды оқиға былтыр қыркүйек айында болды. 19 жастағы студент өзі оқитын колледждің мұғалімімен көңіл қосып бірге тұрған. Кейін сол азаматтық некедегі әйелінің баласын әбден сабап, балабақшаға апарған. Баланы ұрғаннан бауыры мен бүйрегі езіліп кеткен, ішегі үзілген. 4 жастағы Хантөре балабақшаға бар болғаны 17 күн барған. Қатты соққы алған Хантөре бес күн жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: