«Оған ақша бөлінбеген». ТЖМ өртті әуеден сөндіретін ұшақтың жоқтығы жайлы

15 Маусым 2023, 16:00 827

Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінде өртті әуеден сөндіруге көмектесетін ұшақтар неге әлі күнге дейін жоқ? Бұл сауалға төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол Сенат отырысынан кейінгі кулуарда айтты.

Себебі оған ақша бөлінбеген. Біз сұрастырдық. Алайда ақша қарастырылмағандықтан, әлі сатып алған жоқпыз, - деп жауап берді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда министрлікте суағар құрылғылары бар 33 тікұшақ бар.

Оның ішінде 16-сы ауыр техника болып есептеледі, олар өрт сөндіруге арналған. Қалғаны іздеу, барлау жұмыстарында қолданылады, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Журналистер ведомство өкіліне «Төтенше жағдайлар министрлігіне қанша техника жетіспейді? Министрліктің қолындағы техника 60-70-жылдардағы екені рас па?» деп сұрақ қойды.

60-жылдардағы техника бізде жоқ. Бұл ақпарат дұрыс емес. Қазіргі уақытта бізде 3200-дей бірлік техника бар. Бірақ олардың жалпы саны 3600-ден артық болуы керек. 400-дей бірлік техника әлі жетіспейді. Оның бәрін кешенді жоспарға енгізіп, алдағы үш жылдың ішінде алуды қарастырып отырмыз, - деді ол.

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрінің сөзінше, бұл мақсатқа кешенді жоспарда 605 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2027 жылға дейін 537 млрд Төтенше жағдайлар министрлігіне қарастырылған. Күлшімбаевтың айтуынша, Семей орманындағы өртті сөндіруге жалпы 13 тікұшақ жұмылдырылған.

Оның ішінде суағар құрылғылары бар 5 тікұшақ Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі. Бұдан басқа Қорғаныс министрлігі, «Қазавиаорманқорғаудың» 2 тікұшағы жұмылдырылды, - деп жауап берді ол.

Миражан Махан
Бөлісу: