Қобыланды батыр

31 Тамыз 2014, 09:07

ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР, Қарақыпшақ Қобыланды (шамамен 15 ғ.) – батыр, тарихи қайраткер. Көшпелі өзбек мемлекетінің негізін қалаушы Әбілхайыр ханның бас батыры болған.

ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР, Қарақыпшақ Қобыланды (шамамен 15 ғ.) – батыр, тарихи қайраткер. Көшпелі өзбек мемлекетінің негізін қалаушы Әбілхайыр ханның бас батыры болған. Қазақ шежіресінде Қобыландыны Қарақыпшақтан тарайтын Тоқтарбайдан туғызады. Қобыландыдан Беркімбай, Беркімбайдан бес таңбалы Қыпшақ ұрпақтары өрбиді. Қ. б. ру аралық қақтығыстардың бірінде Арғын тайпасының билеушісі Қотан бидің ұлы Дайырқожа батырды (Ақжол) өлтірген. Қазақ ауыз әдебиетінде осы оқиға жөнінде Қотан бидің “Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным” деген жоқтауы сақталып қалған. Қазақ халқы арасында Қ. б-дың қызылбастар мен қалмақтарға қарсы соғыстарын баяндайтын “Қобыланды батыр” эпосы кең тараған.

Қобыланды батыр эпосы – қазақ халқының қаһармандық жыры. Жырдың 29 нұсқасы белгілі. Оның жиырма алтысында Қобыланды батырдың ерлік істері жырланса, үшеуі ұрпақтарының іс-әрекеттерін баяндауға арналған. Марабай, Мергенбай, Біржан, Айса, Нұрпейіс, Шапай, Мұрын, Досжан, Құлзақ, Көшелек, Нұртуған секілді жырау-жыршылар “Қ. б.” жырын түрлі көркемдік деңгейде жырлағанымен, олардың барлығы бір-бірімен ұқсас, бәрінде дерлік “Қарақыпшақ Қобыланды” деген тіркес сақталған. “Қ. б.” – мазмұны, идеясы, көркемдік ерекшеліктері жағынан бірқатар эпостық үлгілерден өзгеше. Жырдың сюжеттік желісінде түрлі дәуір оқиғалары жинақталған. Оның бір көрінісі Қобыландының қыпшақ елінің жауы – қызылбастарға, екіншісі – қалмақ басқыншыларына (Көбікті, т.б.) қарсы күресі болып табылады. Оқиға Қазан батырдың ноғайлы жерін, оның Қырлы, Сырлы шаһарларын басып алу оқиғасымен шиеленісе түседі. Көктім, Аймақ еліндегі жамбы атысында жеңіп алған Құртқа мен қалмақ Көбіктінің қызы Қарлыға тұлғалары жырда мінез-құлқы, іс-әрекеттерімен дараланған. Қият батыры Қараман Қобыландыға дос, құрдас бола тұрып, ішкі есебі бөлек, пиғылы тар, жағымсыз тұлғада көрсетілген. Жырда өзге қаһармандық жырларға тән типол. мотивтер: перзент көрмеу, батырдың туу тарихы, өсіп-жетілуі, ерлік істері, қалыңдығын батырлық сайыста жеңіп алуы, елін сыртқы жаулардан азат етуі, мұрат-мақсатына жетуі молынан кездесіп отырады. “Қ. б.” жырының құрылымы жинақы, қайталаулар, түрлі шегіністер сирек. Жеті буынды өлшеммен жырланған эпостың тілі айрықша көркем, теңеу, эпитет, метафора, т.б. молынан кездеседі. Жырдың этн. сипаты да біршама арнайы зерттелген. Ел арасына Қарақыпшақ Қобыланды деген атаумен мәлім жырдың қыпшақ этносының ортасында қалыптасқаны анық (В.Боровков, т.б.). М.Тынышбаевтың көрсетуінше, Қобыланды – Әбілхайыр заманында өмір сүрген тарихи тұлға (15 ғ.). Ел аузындағы деректерге қарағанда оның бейіті Қобда өз-нің бойында. С.П. Толстов болса Қобыландының қарақалпақ жеріндегі Қорғанша деген қамалда тұрғанын айтады. “Қ. б.” жырының күрделілігі жер-су атауларынан да байқалады. Жырдағы Көктім, Аймақ, Қызыл ер, Нарқызыл секілді көптеген антропонимдік атаулардың арқауында этнонимдік ұғымдар жатыр. Олардың бірі түрікмен, бірі қыпшақ тайпаларына қатысты ұғымдар. “Қ. б.” жырының қағазға түсуі 19 ғ-дан басталады. Марабай нұсқасын алғаш жазып алған Ы.Алтынсарин оның “Тайбурылдың шабысы” деген тармағын “Қырғыз хрестоматиясына” (1879) енгізді. Жыр мәтіндерін әр жылдары В.Радлов, Г.Потанин, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, т.б. жариялады. Үлкен текстол. зерттеу жүргізіп, толық нұсқасын жасаған ғалымдар – О.Нұрмағамбетова, М.Ғұмарова, т.б. Жырдың түрлі нұсқалары ҚР ҰҒА Орт. ғыл. кітапхана қорында сақтаулы.

Әдеб.: Қоңыратбаев Ә., Қазақ фольклорының тарихы, А., 1991; Әуезов М., Әдебиет тарихы, А., 1992; Ғабдуллин М., Қазақ халқының ауыз әдебиеті, А., 1996; Қоңыратбай Т., Эпос және этнос, А., 2000.

Т. Қоңыратбай

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: