Облыс әкімі: Тұрғындарға бос уәде беріп, алдамауға тиіспіз

16 Қазан 2023, 08:22 753

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрғалығымен Тараз қаласын дамыту, мәселелерді шешу жолдарын қарастыру бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Жиынға қала басшылығы, аумақтық округтердің бас инспекторлары, пәтер иелерінің кооперативтері, мүлік иелерінің бірлестігі, кварталдық комитет төрағалары мен үй ағалары да қатысты.

Ербол Қарашөкеев бұған дейін жұмыс кестесінен тыс таңертеңгілік уақытта қаланың бірқатар аумақтарын аралап, тазалық, аулаларды реттеу бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелгенін жеткізді.

Аймақ басшысы, күрделігіне қарай ол тапсырмалардың орындалуы өз нәтижесін көрсетіп жатқанымен, ауқымды мәселелерді шешу үшін алдағы уақытқа жүйелі жоспар, нақты шаралар керектігін атап өтті.

Басқосуда баяндама жасаған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жоспарлы жұмыстардың орындалу барысына және өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Оның айтуынша, 11 аумақтық округке бөлінген Тараз қаласының  халық саны 429 адамды құрайды. Шаһарда 57270 жеке тұрғын үй, 70 тұрғын алқап, 1438 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. 1438 үйдің 1103 үйі пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі, «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында 2011 жылдан бастап 477 үй күрделі жөндеуден өткізілді,  626 үйді жөндеуден өткізу жоспарлануда.

- Тараз қаласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық Даму картасында қаламызды жан-жақты дамытуға бағытталған, барлық саланы қамтитын жұмыстар қарастырылған.

Жалпы қалада орын алған өзекті мәселерді шешу осы Даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады,-деді Бақытжан Орынбеков.

Аталған кешенді жоспарға сәйкес, көше жарығы мәселесі бойынша ағымдағы жылы 500,3 млн. теңгеге 83 көшедегі темір бетонды бағаналарға түнгі жарық шамдары орнатылып, жарықтандырылды. Келесі жылға тағы 76 көшенің бағаналарын ауыстыру жұмыстарына құжаттама шаралары жүзеге асуда. Ал, 2024 жылы қаладағы 345 көпқабатты тұрғын үй ауласына және кіреберіс жолдарына түнгі жарық шамдарын орнату жоспарлануда.

- Жалпы қалада 821 аула бар десек, оның ішінде, 417 ауланың жағдайы өте нашар. 2020 жылы жұмыспен қамту жол картасы аясында 163 аула абаттандырылған. Оның бүгінде, 152 ауласының жағдайы сын көтермейді, жарамсыз күйге түскен. Ал, 13 ауланың жағдайы орташа. 2022 жылы 5 аула абаттандырылса, 2023 жылы 27 аула абаттандырылды.

Бүгінгі күнге нашар жағдайдағы 417 ауланың  191 аулаға балалар ойын алаңшаларымен қоса ауланың жолдарын жөндеу, көлік тұрағын қалпына келтіру, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу, ал, 226 ауланың жолын жөндеу, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолын салу қажет етеді,-деді қала әкімі.

Ағымдағы жылы 5 спорттық алаңша, 2024 жылы 10 спорттық алаңша, 2025 жылы 10 спорттық алаңша салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2024 жылы 77 аула, 2025 жылы 114 аула, 2026 жылы 113  аула, 2027 жылы 113 ауланы жаңаша абаттандыру көзделуде.

Сонымен қатар, биыл 144 көше, бұрылыс және тұйықтарын орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнде 83 көшеде жұмыстар аяқталса, қалған 61 көшеде  құрылыс-монтаж жұмыстары орындалуда. Саңырық батыр және Шостакович көшелері қайта жаңғырудан өтуде десек, «Барысхан» және «Бұрыл» тұрғын алқаптарында жол құрылысы жүруде.

2024 жылы 22 жоба бойынша орташа жөндеу жұмыстары жүреді (107 көше бұрылыстары, 6 жаяу жүргінші жолы, Құмшағал, Шөлдала алқаптары мен 28 саяжайдың жолдарына шағал төсеу). Одан бөлек, Асқаров, Қойгелді және Рысбек батыр көшелері қайта жаңғыртылады. Ал, 2025 жылы 86 көше орташа жөндеуден, 4 көше қайта жаңартылады деп жоспарланған.

Басқосу барысында жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, қоғамдық көлік қатынасын арттыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, қоқыс алаңшаларын реттеу, аулалардың тазалығына да қатысты мәселелер талқыланды.

Пәтер иелерінің кооперативтерін санын көбейту, кварталдық комитет төрағаларының статусын көтеру, сол арқылы олардың жұмыс сапасын арттыру қажеттігі айтылды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев барлық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстарын тұрақты түрде қатаң қадағалау керектігін ескертті.

- Қала аумағы кеңейіп жатыр. Соған сәйкес, шешімін күткен мәселелер де қордалануда. Барлық жүйелі мәселені бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Дегенмен, біз тұрғындардың өтінішін ескере отырып, алдымен нақты өзекті жағдайларды анықтап, басты көшелерді реттеуге, оларға қоғамдық көлік қатынастарын тартуға айрықша ден қою керекпіз.

Бұл ретте бюджет мүмкіншілігін есептеп, нақты жоспар құру қажет. Жақын арада орындалмайтын жұмыстар үшін тұрғындарға бос уәде беріп, алдамауға тиіспіз. Оның жауабы болады. Халықтың сенімінен шығу – маңызды. Қандай жоспар құрсақ та, нақты нәтиже  көрсеткен дұрыс, -деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы салынған алаңшаларды күтіп ұстау, қоқыстар шығару, аулалардағы тазалық бойынша тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру шараларын ұйымдастырып, қоғамдық жауапкершілікті арттыру керектігін баса айтты. Екі жақты бірлескен шаралар ғана, нақты нәтижеге жол ашатынын жеткізді.

Жиында аумақтық округтердің бас инспекторлары,  пәтер иелерінің кооперативтері, мүлік иелерінің бірлестігінің өкілдері, кварталдық комитет төрағалары мен үй ағалары да өз ой-ұсыныстарын білдірді.

Ербол Қарашөкеев қала басшылығына айтылған барлық ұсыныстарды назар алып, жан-жақты жұмыстарды күшейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: