Қатерлі ісік - үкім емес, диагноз

13 Қараша 2017, 16:44 25245

Қатерлі ісікпен күрес және оның алдын алу мүмкін бе?

Рак. Қатерлі ісік. Обыр. Біреуге бұл диагноз ажал сөзінің синонимі сияқты болып көрінер. Бұл ауру алыс-жақын танысын алып кетпеген адам жоқ шығар. Бірақ бұл тажал аурумен күресуге бола ма, жеңгендер бар ма, алдын алу үшін не істеу қажет? Осы сұрақтардың жауабын табуға тырыстық.

***

Ресми деректер қазір Қазақстанда 145 мың адам онкологиялық тіркеуде тұр дейді. Ал "Қатерлі ісікпен күресейік" қоғамдық қорының айтуынша диспансерлік есепте 160 мың науқас тұр.  Жыл сайын 15 мың адам осы дерттен көз жұмады. Өңірлер бойынша қарастырсақ, Алматы облысында тері және сүт бездерінің қатерлі ісігі кең таралған, Қызылорда облысында - асқазан, өңеш жолының қатерлі ісігі дендеп тұр. Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысының экологиялық жағдайының нашарлығына байланысты болар, "жаман ауру" өкпесінен алған адамдар көп. Жалпы бұл дертке шалдыққандар Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облысында  көп тіркелген. Ал Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары тізімнің соңында тұр.  

Обырдың алғашқы белгілері қандай болады?

Обыр (рак) – ағзада қатерлі ісіктің пайда болуынан туындайтын ауру. Жыл сайын елімізде 34 мыңға жуық адамда обыр табылады екен, бұл көрсеткіш 4%-ға артып келеді. «Аурудың алғашқы пайда болған кезін рак инцито деп атайды, бұл І-сатыға жетпеген кезең. Ал І сатыда обыр тек кілегейлі қабықта болады, ІІ сатыда ол келесі қабатқа өтеді. ІІІ-ІV сатыларда обыр түйінге айналып, тарай бастайды. Алғашқы екі сатысында емдеп жазуға әбден болады. Бірақ, науқастардың 30%–ы асқынған кезде, бізге келеді. Асқындырмас үшін үнемі тексеруден өтіп тұру керек. Егер скринингке жатпайтын түрі болса, жылдам профилактикалық тексерістен өту қажет. Тері, қалқанша безі мен сүт безінің обыры кішірек кезінде көрінеді. Ол мүлде науқасты мазаламауы мүмкін. Бірақ, оларды мұқият қарап, тексерсе бірінші сатысынан-ақ табуға болады», – дейді, Астана қаласындағы онкологиялық орталықтың бас дәрігердің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары, онколог-хирург Бақтыбай  Оразбеков.

Бұл орталықта бүгінге дейін 8840 адам тіркеуде тұр. Ал жыл сайын 1800 адам тіркеледі. Астана қаласының онкологиялық орталығында күніне ірілі-ұсақты 20-ға жуық ота жасалады.

«Қазақстанда 2008-2015 жылдар аралығында сүт безі обыры алғашқы орынды бермей келген еді. Ал қазір бірінші сатыға терінің қатерлі ісігі шығып кетті (100 мыңға шаққанда 21 адам). Сүт безі обыры екінші сатыға сырғыды. Ары қарай өкпе мен асқазан обыры жиі кездессе, бесінші орында тоқ-тік ішек обыры тұр.

Мен 1999 жылы еңбек тәжірибемді бастағанда сүт безі обырын тек ІІІ сатысында ғана табу мүмкін еді. Бүгінде скринингтің арқасында ісікті І-ІІ сатысында табу мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. Бұл сатыдан белгілі болған науқастардың жазылып шығу коэффициенті жоғары. Сол секілді оларды емдеу де арзанырақ түседі. Скринингтің көмегімен 80%-ға жуық сүт безі обыры алғашқы сатысында табылып отыр», – дейді онколог-хирург.  

Обырдың пайда болуына қоршаған ортаның тигізер әсері көп (80-90 %). Бұл дерттің алдын алу себептері нақтыланған жоқ, десек те, дерттің алдын алу мүмкін екенін дәрігерлер жиі айтады.

Қатерлі ісіктің алғашқы белгілері: жазылмай, ұзақ жүрген жаралар; несеп шығарудағы өзгеріс; ішек жұмысы бұзылуы; тері астының өзгерісі, тері құрылымы мен шырышты қабаты мен жұмсақ тіндердің өзгеруі; терінің қышуы; жұтқыншақта, ауыз қуысындағы жаралар; дауыстағы өзгеріс; ұзақ жөтел.

Обыр неден пайда болады?

Обырды тудыратын факторлар:
- дұрыс тамақтанбау – 30-35 %;
- темекі тарту  – 30 %;
- жұқпалы аурулар – 17 %;
- алкоголь – 4 %;
- қоршаған ортаның ластануы – 2 %;
- тұқым қуалау – 2 % және т.б.

Темекі тартудың белсенді және мәжбүрлі түрі де зиянды екенін де ұмытпаңыз. Обырдың салдарынан туындайтын өлім жағдайларының 25-30% темекіге байланысты. Тек қана темекі тарту емес, оған сондай-ақ алкогольдің қосылуынан ұйқы безі, бүйрек, асқазан, жатыр мойны, мұрын қуысты миелоидты лейкоз обыры пайда болуы ықтимал. Өлім жағдайларының көбісі орта жаста кездеседі.  

«Дәл қазір барлық қазақстандықтар темекі тартуды мүлде доғаратын болса, жылдың соңындағы көрсеткіште адамдардың қайтыс болуы 1%-ға, 20 жылдан кейін 20%-ға төмендейтін болады» - дейді дәрігер.

Обырды Қазақстанда тегін емдейді

«Қазір обырдың көп кездесіп жатқаны өмір сүру жасының ұзаруына да байланысты. Сол секілді күйзеліс – негізгі фактордың бірі. Аз көрсеткішке ие болса да тұқым қуалайтын обырлар да кездесіп жатады. Мәселен, әжесі, анасында сүт безі обыры табылса, қызынан да табылу қаупі бар. Бұл ұрпағы 100% обырға шалдығады дегенді білдірмейді. Генін тексерген кезде, мутация болса 90% пайда болу қаупі бар. Уақытылы тексеріс жүргізіп тұрған кез келген адам бұл дерттің алдын алуға мүмкіндігі бар.

Онкология дәрілері өте қымбат тұрады. Науқас бір дәріні бір ай ішу үшін шамамен миллион теңге кетеді екен. Оның бәрін 100 % қамтамасыз ету мүмкін емес. Дегенмен, емді бізде ТМД-дағы басқа елдерге қарағанда емдеу тегін жүргізеді. Мәселен 2010 жылы онгологиялық қызметті қаржыландыру 10,4 млрд теңгені құраса, 2016 жылы бұл 35,5 млрд теңгеге дейін жетіп отыр», – дейді Б.Оразбеков.

Обыр - өмірдің соңы емес. Дәрігердің айтуынша, өзінде ісік барын білген кейбір жандардың салы суға кетіп, тіпті отасы сәтті шықса да, болашаққа деген үмітін сөндіріп тастайды екен. Сол үшін барлық онкологиялық орталықта психолог мамандары жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олар науқастарға обырдың алғашқы сатысынан бастап, отаға дейін де, отадан кейін де арнайы дәрістер өткізеді.

Қатерлі ісіктің І сатысындағы науқастардың 95% емдеп жазуға болады, ал ІІ сатысындағылардың 80-90% емделуге мүмкіндігі бар. ІІІ сатысындағы науқастарда да ота сәтті жасалып, өз уақытысында ем алса, жазылуы ғажап емес. Ал дерттің IV сатысындағы науқастарға ота жасалып, олардың өмірін ұзартуға барынша жағдай жасалады.

Осы орталықта ем қабылдап жатқан Баян (54 жас) былай дейді:

– Менің асқазаным сәуір айында ауыра бастады. Тамақ жүрмей, салмақ жоғалттым. Асқазанға қатысты бір жеңіл-желпі ауру шығар деп үй жағдайында емделуге тырыстым. Ал қазір соған өкінемін... Ауырғаны қоймаған соң, тексерілуге тек тамыз айының басында келдім. Бір парақ тексерілуім тиіс тізімді қолыма ұстатты. Барлық тексерістен соң, онкологияның алғашқы сатысы деді. 4 химиотерапиядан өттім. Жақында асқазаныма ота жасалды, Аллаға шүкір сәтті өтіп, тағы біраз ем қабылдаған соң, үйіме жібереді. Бірақ, химиотерапиядан өтіп тұруым керек. Бірнеше курстардан соң, аяқтан тұрып кетемін деп ойлаймын!

Обырды жеңген жандар жетерлік!

Асқар, 45 жаста: Мамандығым шахтер. Бір үйдің жалғыз баласымын. Әкем де әулиетінің жалғыз еркек кіндігі болған. Ұрпақ үзіліп қалады деген үрей болды ма, жас кезімнен көп балалы болуды армандадым. Шүкір, 5 балам бар. Сүйген жарым, жұмысым. Тек соңғы уақытта жүрегім айнып, құсқым келетін болды. Бітпейтін қым-қуыт тірлік қой. Ақша болса, уақыттың ыңғайы болмайды, дәрігерге қаралуды ұзаққа созып алдым. УЗИ түсірілімін көрген дәрігер маймөңкелеген жоқ. Допплеросонография, ангиография мен МРТ-ға жіберді.  Бауырдың қатерлі ісігі. III кезең. Жолдасымнан жасыру мүмкін болмады. Бірақ дәрігерлер жазыласың деп сендірді. Адам жылы сөзге сенуге бейім ғой. Мұндай кезде басқа амалың да жоқ. Химиятерапияға барып жүрдім. Өз тобымдағылардың бәрін танимын. Тағдыр бұл әртүрлі адамдарды жинап алып бір палатаға бекер қамамаған сияқты. Әркім өз өмірі, жақындары туралы айтады. Бухгалтер Есен, таксист Шәкен, ұяң Марфуға, Бәтима әжей, "саясаткер" Ермек, құрдасым Гүлмира...  Олардың өздері ғана емес, туған-туыс, достары да жақындарына айналып кеткендей. Диагнозыңды естіген соң бір мезет өмірдің құнын түсіне бастайсың. Әр адамға жақсылық жасағың келіп тұрады. Ал кейде бүкіл әлемге өкпелісің. Неге мен? Неге өзіне қол жұмсайтын, өмірден түңілген біреу емес? Неткен әділетсіздік... Осылай апталап химия мен үй ортасында жүрген кезде қатарымыз сирей бастайды. Бастапқыда жазылып кеткен шығар деп жүрдім. 13 адамнан үшеуміз ғана қалдық. Саясат десе қызылкеңірдек болатын Ермек селқос. Ұялшақ Марфуға ашылып сөйлей бастады. Тек әңгіме сарыны ұяң емес. Біздің топтан үшеуміздің ғана қалғанымызды Ермек айтты. Мені ең алдымен кетеді деген екен. Сірісің дейді. Паника басталды. Мен әлі дайын емеспін. Өзім үшін емес, балаларым үшін. Үлкен ұлым 6 сыныпқа енді келді. Ертеңі не болмақ? Интернеттен бауырдың қатерлі ісігне қатысты барлық ақпаратты сүзіп шықтым. Күресемін деп шештім. Басқа амалым да, таңдауым жоқ. 

 Арай, 25 жаста: Бала кезімнен ән айтқанды ұнататынмын. Мектепте оқып жүргенде ешбір концерт менің әнімсіз өтпейтін еді. Сондай-ақ, барлық шараларға белсене қатысатынмын. Бір күні «Сенің күнің, донор!» атты акцияға қан тапсырып кеттім. Бар ойым көмек көрсету. Бірақ, мені ертесіне жедел түрде шақыртты. Қан нәтижесі дұрыс шықпапты. Жедел түрде гастробөлімге жатқызып, асқазанымды тексере бастады. Ертеңіне-ақ,  жүрек пен өкпе аралығындағы лимфа безінің ісігі барын айтты. Мұны естіген туған-туысқандарым мені өлімге шығарып салардай көңілдері түсіп, ағыл-тегіл жылап жүр. Шынымды айтсам, "жақында өледі екенмін" деп ойладым. Бір күні палатаға менімен қатарлас қыз кіріп келіп «Неге көңіл күйің жоқ деп сұрады?», ал мен болсам, ертең қайтыс болып кетердей «қатерлі ісік қой, сол» дедім. «Білесің бе, мен лейкозды жеңдім, енді міне, оқуға түсіп, студент атанбақпын, қатерлі ісік деген ештеңе де емес, жақсы ем қабылдасаң, ең бастысы өзің күресе білсең, мен секілді жазылып шығасың!» деді. Оның сөзі маған қанат бітірді. Білесіз бе, күніне 80 таблетка дәрі ішу керек болатын, басқа балалар солардың жартысын қоқысқа білдірмей тастап жатқандарын көргенмін. Мен не болса да ішіп, айығуым керек деп, таң ертең 25 болса, 25-ін де ішетін болдым. Қаншама химиотерапия, қаншама дәрілер... Ақыры, мен жеңдім! Осыдан кейін қайырымдылық жұмыстармен белсене айналыса бастадым. Университетке түстім. Бір күні өзім ем қабылдаған орталыққа жолым түсті. Барсам дәрігерім, бір науқас қызбен сөйлесуімді өтінді. Ол да дәл мен сияқты өзінің дертін білген соң, күйзеліске түсіп, бір аптадан бері жылап жатыр екен. Ұзақ сөйлестік. Ол мені қуанышты жүзбен шығарып салды.

Марсель, 30 жаста: Осыдан 3 жыл бұрын барлық денем тоқтаусыз кыши беретінді шығарды. Оған қарсы не түрлі мазь, ласьон, гель бәрін-бәрін қолданып көрдім. Пайда жоқ. Болмаған соң дерматологқа жазылдым. Ол да 1-2 тексеруден өткізіп, қауіпті ештеңе жоқ деп шығарып салды. Дертім әбден асқынды. Жұмыс істеу мүмкін болмаған соң, ауылға атам мен әжемнің қасына кетіп қалдым. Қышына бердім, жара бүкіл денеме жайылды. Киім киюден қалдым. Ол азапты күндерімді ешқашан ұмытпаспын. Осылай 10 ай жаттым. Менің өмірімнің біткен тұсы осы шығар деп ойладым. Бір күні үйге туысқан ағам дәрігер ағайын алып келді. 10 ай бойы анықталмаған диагнозым 5 минутта табылды. Лимфогранулематоз немесе лимфатикалық жүйенің қатерлі ісігі екен. Сенесіз бе, мұны естіп, шын қуандым. Жо-жоқ қатерлі ісікке ұшарағаныма емес, ақыры диагнозым анықталғанына! Бірден ауруханаға апарып, сол дерт бойынша тексеруден өткізді. IV сатысы екен. Дәрігерлер бар болғаны бірнеше ай өмірің қалды деді. Бірақ, мен жазылатыныма шын жүрегіммен сендім. Үйде ек бала едік. Бірнеше жыл бұрын інім мезгілсіз қаза тапты. Ата-анам менің де өлімімді көтере алмас еді. Сондықтан менің өлуге қақым жоқ. Не болса да, күресемін деп шештім. Қатерлі ісік деген  «үкім» емес қой. Ол да басқа аурулар секілді аурудың аты ғана. Соңғы екі жарым жылда химиотерапияның сегіз курсынан, сәулелі терапияның екі курсынан өттім. Израильде екі рет емделіп келдім. Жарты жыл бұрын дәрігерлер менде ремиссия деді.  Бұл менің жағдайымда обыр жасушалары белсенді емес дегенді білдіреді. Алла жазса, 80 жас анық жасайтын шығармын. Қолдау білдірген жақындарыма алғысым шексіз.

Керек кеңес. Қатерлі жаңа өскіндердің өсуіне жағдай жасайтын канцерогендер көптеген тамақтарда кездеседі. Мәселен, майға қуырылған тағамдар, консерві мен маринадталған, ұзақ тұрып қалған тағамдар. Күнделікті ас мәзіріне жеміс пен көкөністер, цитрусты жемістер, жасыл, сары, қызыл көкөністер мен пияз, сарымсақты кіргізіңіз. Сол секілді бидай мен қарабидайдан дайындалған ботқа немесе нанды пайдаланыңыз. Балықта ісіктің дамуына кедергі болатын заттар жеткілікті. Жаңғақ та обыр дертін болдырмау үшін пайдалы.

Тегін тексеріліңіз! 

40 жастан асқан әйелдерге:

Сүт безіндегі өзгеріс пен осы ағзадағы обырды анықтау үшін маммографиялық тексеруден өтіңіз. Жасыңыз 50, 52, 54, 56, 58, 60-та болса, скрининг жасатыңыз.

25 жастан асқан әйелдерге:

Сіздің жасыңыз 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60-та болса жатыр мойынының скринингіне қатысыңыз. Жатыр мойының шырышты қабатындағы өзгерісті анықтап, осы ағзаның обырынан сақтанғыңыз келсе, скринингке келіңіз.

50 жастан асқан ерлер мен әйелдер, сіздер – колоректальді обыр скринингінен өтіңіз. Ол үшін тоқ ішек пен тік ішектің обырынан сақтану мақсатында нәжіс пен қан тапсыру жеткілікті.

55 жастан асқан ерлерге:

Жасыңыз 55-тен асса қуық асты безіндегі өзгерістермен осы ағзаның обырынан сақтану үшін  қан анализін жасатыңыз.

Есте сақтаңыз, обырды емдегеннен гөрі, алдын алған әлдеқайда оңай! 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: