16 Маусым 2014, 04:26
Тарихи деректерге сүйенсек, ежелгі Селжүк (Түрік) мемлекетінің көсемі Селжүк 935 жылы өзінің дүние жүзіне әйгілі жорығын сол кездегі Оғыз қағанатының орталығы Жанкенттен бастайды. Белгілі түрколог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша Жанкентті мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейілхан (түрікмен) 1043-жылдан кейін сан түрлі себептермен Сыр бойынан ығысады. Сөйтіп, Сырдың төменгі саласын мекендеген Оғыз -Қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады.
Жанкент жайлы ең бірінші жазбаша естеліктер ІХ-Х ғасырлардың үлесіне тиеді, ал ХҮ ғасырда қала туралы деректер жоғалады. Тек арада үш жүз жыл өткен соң, ХҮІІІ ғасырда ғана Жанкенттің аты қайта жаңғырады. Алайда, бұл, қираған Жанкент жайлы жазбалар. Жанкент қаласы жөнінде орыс саяхатшысы П.И.Лерх өзінің 1867 жылы жасаған археологиялық экспедициясынан соң құнды мәліметтер қалдырған. Қираған қаланың орнын қазу үстінде араб әріптері табылған. Аңыз бойынша Жанкентті билеп тұрған қатыгез Санжар хан Қарабура әулиенің қарғысына ұшырап, 1153 жылы қарауындағы халқымен бірге опат болады. Ал, сақталған жазба деректерге сүйенсек, 1219 жылы күзде Жанкент қаласына моңғолдар шабуыл жасайды. Халықты қырып, қаланы түгелдей өртеп жібереді. Отқа оранған қаланың үстімен қаһарлы Жошы хан шауып өтеді. Қала ХІҮ ғасырда бұрынғы қалпына келеді. Енді, Жаңа Жанкент араб-мұсылман мәдениетінің орталығы саналады. Осылайша «Мың өліп, мың тірілген» Жанкент тағы бір ғасыр өткен соң мәңгілікке жойылады. Яғни, ХҮ ғасырдан бері қаланың көне тарихтың куәсіндей орны ғана жатыр. Аумағы төрт шаршы шақырым жерді алатын қасиетті де қасіретті қаланың сыры мен мұңы қойнында. Ол жайлы тарих пен шежіре ғана сыр шертеді. Қаланың күншығыс қапталын қоршап жатқан қалыңдығы екі метрден асатын ескі қорған сол заманның ескерткішіндей ата-бабаларымыздың өткен өмірін көз алдымызға елестетеді. Жанкент қаласының орны Қазалы ауданының қазіргі «Өркендеу» ауылының оңтүстік-шығысында өткен тарихтың куәсіндей болып жерге шөгіп жатыр. Ал,киелі топырақтың астында біз білмейтін қаншама сыр бар?..
Жанкент –Азия мен Европаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бойындағы қала болатын. Орта ғасырларда ашыла бастаған жағырапиялық жаңалықтар құрлық пен теңіз арасындағы сауда жолдарына үлкен өзгерістер енгізді. Осыған байланысты дүниежүзілік маңызы бар керуен жолдары қысқара бастады. Жанкент арқылы Сырдарияны кесіп өтетін үлкен жолдың да ғұмыры аяқталады. Сырдария мен Жаңадария, Қуаңдария бойындағы Жент, Жанкент, Күйік-кескен, Күйік қаланы мекендеген халық осындай себептерден және моңғол, жоңғар, қалмақ шапқыншылығының кесірінен күйзеліске түскендіктен ата-мекенді амалсыз тастап, бірте-бірте осы күнгі Өзбек жеріне-Ташкент, Бұхара, Самархан, Хорезм және Жайық өзенінің төменгі жағалауына қоныс аударады.
Ұлы Отан соғысынан кейін 1946 жылы Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі тарихи орындарды зерттеген Ресей ғалымы С.П.Толстовтың жетекшілігімен жүргізілген ғылыми экспедиция Жанкент шаһарын ұшақ арқылы фотосуретке түсіріп, археологиялық картасын жасаған. Сондай-ақ, қаланың орнын қазып, түрлі әшекей бұйымдар мен құмыралар, темір теңгелер, адам сүйектері табылған. Алайда, бұдан кейінгі кезеңде археологиялық ескерткіш ретінде есепке алынғаны болмаса, тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Тек, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы жарияланған соң ғана елімізде археологиялық қазба жұмыстарына мән беріле бастады. Осыған байланысты 2005 жылдан бері үш жақты келісімге сәйкес: Қорқыт-ата атындағы Қызылорда мемлекеттік Университетінің, Ә.Марғұлан атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының және Ресей Ғылым Академиясының Н.Н.Микулхо-Маклай атындағы Этнология және Антропология ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының Жанкент шаһарының орнына археологиялық зерттеу жұмыстары қолға алынды. Жыл өткен сайын ежелгі Жанкенттің қойнында жатқан тұңғиық сырлар ашылу үстінде. Мәселенің мәнісі де осында. Біз-бүгінгі ұрпақ ортамызда жатқан орта ғасырдың тарихи ескерткішінің сырын ашып, оның тарихи маңыздылығын бүгінгі және келешек ұрпаққа дәйектілікпен жеткізуіміз қажет.