Қоқыс мәселесін Швейцария қалай шешті?

3 Қараша 2015, 08:26

Швейцарияға барған туристер ең алдымен осы елдегі қалалар мен ауылдардың тазалығына таңғалады, бірақ оның құпиясы неде екенін бас қатыра бермейді.

Швейцарияға барған туристер ең алдымен осы елдегі қалалар мен ауылдардың тазалығына таңғалады, бірақ оның құпиясы неде екенін бас қатыра бермейді. Шын мәнісінде, мұндай тазалық қоқысты іріктеу жүйесінің тиімділігінен туындап отыр.  

Көптеген елдерде қолданылып келе жатқан қоқысты іріктеу жүйесі Швейцарияда мейлінше дамып, шарықтау шегіне жеткен. Біздің елдің азаматтары үшін мұндай жүйеде өмір сүру мүмкін еместей көрінгенмен, швейцариялықтар оған үйренген.

Іріктеуге келетін нәрсенің бәрі іріктеледі. Барлығы өз қоқыстарын әртүрлі контейнерлер бойынша бөліп салуы тиіс. Ережеге бағынбау деген болмайды. Бір шетінен – бұл нағыз демократия, өйткені бұл іске барлығы атсалысады. Екінші жағынан – бұл демократияның жоқтығы, ешкімнің қарсылығы, пікірі қабылданбайды: келіспейсің бе, айыппұл төле.

Азаматтың материалдық байлығы, қоғамдық мәртебесі оның заңды бұзуына еш жол бермейді. Шетелдің қымбат көлігінен түсіп, бос бөтелкелерді еш ұялмастан өткізу орындарына тапсырып жататын адамдарды жиі көруге болады.

Швейцария өткізілетін бөтелкелер саны бойынша әлем бойынша көшбасшы – шыны ыдыстың 90 % зауыттарға екінші реттік өңделу үшін қайтарылады. Пайдаланылған шыны ыдысты кері қабылдау және қайта өңдеу бағдарламасы 1972 жылы басталып, осы күнге дейін тиімді қызмет етіп келеді.

Шыны ыдысын қайта өткізетіндер сірә тұрақты түрде ынталандырылып отырады. Мәселен, бірнеше сыра бөтелкесін өткізсеңіз, кепілдеме ақшаңызды қайтарып аласыз. Түсінікті болу үшін мысал келтірейік. Сусынның шынайы бағасы 200 теңге болсын делік, бірақ сіз оны тек 250 теңгеге сатып аласыз, арғы шетіндегі 50 теңге сіздің кепілдемеңіз. Егер сусынды ішкен соң бөтелкені өткізсеңіз, әлгі 50 теңгеңізді қайтара аласыз. Басқаша жағдайда кепілдемеңіз күйіп кетеді. Әрине, сусын аларда ешкім құжат толтырып, бөтелкенің нөмірін жазып алмайды, тек кез келген бір бөтелке қайтарсаңыз, ақша аласыз. 10 адам 20 бөтелке сусын ішіп, бос бөтелкелерді өзге бір адам тапсырса, сол адам 1000 теңге алады.

Қарапайым қаған картоннан бөлек (картонның өңделуі қымбат) өңделеді, осы себепті азаматтардан осы екі қалдықты бөлек салуды талап етіледі. Елде жасалған баспа өнімдерінің 1/3 бөлігі дерлік екінші реттік өңдеу орындарына өткізіледі.

Термопластикалық бөтелкелер бөлек, ескі электрлік құрылғылар мен үй техникасы бөлек, құрылыс қалдықтары бөлек, аспа шамдар бөлек, консерві банкісі бөлек (бұл қалдықты тапсырушылар міндетті түрде оны магниттік қысым көмегімен бос ауа қалдырмай тығыздап беруі тиіс), жануарлардың өлі денесі бөлек, машинаның май қалдықтары бөлек (машина майын қоғамдық орындарда ауыстыруға тиым салынған) тасталады. Бұл тізім осылайша жалғаса береді.

Мұны жасамай, барлық қоқысты бір контейнерге тастай салу ыңғайлы деп ойлауыңыз мүмкін және олай жасауға болады да. Алайда, ондай жағдайда сіз салыққа қаражат жұмсауыңыз қажет – қоқыстың әр килограмына салық салынады. Әрбір қоқыс пакетіне салықтың төленгені жайлы марка жабыстырылады. 5 килограмм қоқысты тастау 2-3 франк (баға әр кантонда әрқилы). Осы себепті жергілікті тұрғындар екінші реттік өңдеуге келетіннің бәрін өткізу орындарына алып баруға мүдделі.

Шай қалташаларын қоқыс контейнеріне дұрыс тастауға дейін нақты ереже бар: этикетка – картонға, қалташаның өзі – ескі қағазға, шайдың сәмесі – тыңайтқышқа, түйреуішті – металға. Мұны әзіл деп қабылдауға болады, бірақ швейцариялықтар үшін бұл әзіл емес, қалыпты жағдай.  

Қоқыс пакетін марканы жабыстырмай тастай салатын адамдар үшін қоқыс полициясы жұмыс істейді. Мамандар заманауи технологиялар арқылы салықсыз тасталған қоқысқа сараптама жүргізіп, заң бұзушыны ұстап алады. Айыппұл құны өте жоғары.

80 жылдардың өзінде-ақ Швейцариядағы экология апатты жағдайда еді – барлық өзендер мен көлдер фосфаттармен және нитраттармен, жер – ауыр металдармен ластанды, биоалуандылық деңгейі төмендеді, ал өсіп келе жатқан халық күннен күнге көбірек қоқыс шығарды. Қысқа уақыт аралығында тұрғындар өз қоқыстарынан тұншыға бастады. Территориясы мұншалықты аз елде қоқысты бір жерге жинап, алаңсыз өмір сүру мүмкін емес еді.

Осы кезден бастап жаңа экологиялық саясат жүзеге аса бастады. Оны толықтай орындауға 20 жылдай уақыт кетті, алайда нәтижесі ойдағыдан асып түсті. Бүгінде Швейцария – әлемнің ең таза елдерінің бірі – қоғамдық көлігі дамыған және ауасы өте таза. 


Дәурен Омаров

Бөлісу: