27 Тамыз 2014, 08:44
А.Байтұрсынұлының «ағартушылыққа байланысты білдірген ойлары мен істеген істері тек оқу-білімге шақырумен тынба- ды. Ол қазақ даласындағы мектептердің жайын, бала оқытудың жолдарын газет-журнал беттерінде нақтылы сөз етеді, әсіресе бұл реттегі Қазан төңкерісіне дейінгі хал-жағдайды жақсы көрсетеді. 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Оқу жайы» деген бас мақала жарияланады. Мұны жазған А.Байтұрсынұлы болатын. Бұл мақалада оқу-білімнің қажеттігін халықтың экономикалық тұрмыс жағдайымен байланыстыра дәлелдейді: «Қазақ жерінде өндіріс жоқ, шикізатын сатады, ал сол шикізаттан жасалған өнімді 2-3 есе қымбат түрде сатып алады. Бұл – надандықтан келген кемшілік», – дейді. «Надандық» деп отырғаны әрине, білім-ғылымнан қалыс қалушылық. Ал қалыс қалуға үлкен себеп – қазақ жерінде мектептер өте аз дейді. Оның үстіне сол мектептерде бала оқытатын мамандардың да өте тапшы екенін ашып айтады. Оның тапшы болу себебінің бірі – оқытушылар даярлайтын оқу орындарына, мысалы, Орынбордағы Учительская школаға қазына есебінен (яғни стипендия алатын) 7-8 орын ғана берілетіндігі, оқуға түскісі келген балалар өз қаражатымен оқуға тиіс болатындығын айтады. Қаражаты бар ауқатты қазақтар баласын ақша жұмсап оқытуға ынталы еместіктен, кедейлердің шамасы келмегендіктен, сол школаға жылына оқуға түсуге 50-60 бала келсе, солардың тек төртеу- бесеуі ғана түсетіндігін баяндайды (Орысша оқушылар. [Бас мақала]. – «Қазақ», 1913. № 26, 15 тамыз).
Қазақ халқы қараңғы дегенде, кінә халықта емес, сол қараң- ғылықтан құтқаратын мүмкіндіктердің жоқтығында екендігін «алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн бе?», – деп келісті сауал қояды.
Балаларға білім берудің бірінші басқышы – бастауыш мектеп, сондықтан А.Байтұрсынұлы оқу-білімнің осы бірінші сатысына қатты назар аударады. 1914 жылы «Бастауыш мектеп» атты көлемді мақаласын жариялайды. («Қазақ», 1914. № 61, 9 мамыр). Мұнда автор қазақтың бастауыш мектептері қандай бо- луы керек деген мәселе қойып, сол кездегі қазақ жеріндегі ауыл мектептерінің жай-жағдайы мәз емес екендігін, оларда программа, оқу құралдары дегендердің жоқтығын, мұғалімдердің жетіспейтіндігін айтады. Бастауыш мектеп миссионерлік сая- саттан аулақ болуы керек дей келіп, халық сауатын ана тілінде ашуы керек. Атап айтқанда, бастауыш мектеп «бес жылдық болсын, алғашқы үш жылда балалар ана тілінде, кейінгі екі жылда орысша оқысын деген ұсыныс білдіреді. Бастауыш мек- тептерде: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс [тану] пәндері жүретін болсын» деп нақты ұсыныстар айтады.
Оқу мәселесін А.Байтұрсынұлы жан-жақты сөз етеді. Бірде:
«Қазақта балаларды оқытатын әзірге жосықтар (программа- лар) мен кітаптар (оқулықтар) жоқ» дей келіп, оларды жазу қажеттігін және арнаулы педагогтік білім алатын оқытушылар даярлау керектігін жазса, енді бірде, «білімнің бас құралын – кітап» деп, «білім конкурсы» дегенді жариялау арқылы да оқу- ағарту ісін жандандыруға болатынын айтады.
А.Байтұрсынұлы ағартушылық қызметін Алашорда үкіметі кезінде де, Қазан төңкерісінен кейін де ешбір тоқтатпаған.
«Алашорда» кеңесінің (үкіметінің) Оқу-ағарту жайындағы комиссиясының председателі болып, қазақ халқының жаппай сауатын ашып, білім беру программасын жасайды. Ал 1919 жылдардан кейін, кеңес үкіметі тұсында да, әсіресе алғашқы кезенде қазақ даласында оқу-ағарту ісінің экономикалық жағынан әлде де қиыншылық кешіп отырғанын, ол үшін не істеу керек екендігін «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» сияқты журнал беттерінде білдіріп отырған. Мысалы, 1923 жылғы «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керекң атты мақаласында: «Школдар ашуға үкіметтің шама- сы келмейтіндігі анықталып отыр, үкімет 2116 кісінің ғана расходын көтермекші, ал балаларды тегіс оқытуға 20.000- нан артық кісі керек. Сондықтан бір ауылнай, не бір болыс ел күш біріктіріп, байға байша, кедейге кедейше үй басына салық салып, сол жиналған салықты оқытушылардың һәм басқа қызметкерлердің, ақысына, школдың керек-жарағына жұмсауға міндетті болып, жергілікті оқу бөлімдерімен договор жасап, школ ашу керек. Ол школдардың жанында интернаттар ашу керек», – деп жазды. («Қызыл Қазақстан» журна- лы, 1923. № 14).