Оңтүстік музейі үздік деп танылды

4 Қараша 2016, 10:33

Үздік мемлекеттік музей

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мемлекеттік музейлер және қорық – музейлер арасында алғаш рет  республикалық байқау ұйымдастырылды.

 

Байқауға республика бойынша 200-ден астам мұражай қатысқан. Жарыс алты номинация бойынша іріктелді. Олар: «Үздік мемлекеттік музей (облыстық дәрежедегі)», «Үздік қорық-музейі», «Үздік мемлекеттік музей (аудандық, қалалық дәрежедегі)», «Үздік мемлекеттік музей (аудандық, қалалық дәрежедегі)», «Үздік музей қызметкері (облыстық дәрежедегі)», «Үздік музей қызметкері (қалалық, аудандық дәрежедегі)». Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау мақсатында салтанатты кеш ұйымдастырылды.

 

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне арналған бұл байқау осыдан 2 ай бұрын басталған. Қыркүйектің басында еліміздің барлық музейлері бұл шараға қатысуға өтінім білдірген. Шара Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде өтті.

Қуатжан Уәлиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы:

— Тәуелсіздікті алғаннан кейін еліміздің музейлері аяқтарынан нық тұрды. Қазақстанның барлық өңірлеріндегі мұражайлар өз жұмысын жақсы жүргізіп келеді. Бірқатар мұражай жөндеуден өтіп, кейбіреуі жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа жәдігерлермен толысты. Бұл байқау Қазақстан музейлерінің деңгейі өсіп келе жатқанының айғағы.

 

Байқау негізгі екі кезеңнен тұрады. Он адамнан тұрған әділ қазылар алқасының төрағасы ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай болды. Алқа мүшелері ішінде атақты ғалым, академик Жәкен Таймағанбетов және Асылхан Садуов сынды ел ағалары бар. Байқауға еліміздің барлық өңірлерінің мұражайлары мен үздік қызметкерлері қатысты. Екі айға созылған жарыс қорытындысы мынадай болды:

 

Үздік мемлекеттік музей (облыстық дәрежедегі) – Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі;

Үздік қорық-музейі – Шығыс Қазақстан облыстық сәулет этнографиялық және табиғи-ландшафтық музейі;

Үздік мемлекеттік музей (аудандық, қалалық дәрежедегі) – Жезқазған тарихи-археологиялық музейі;

Үздік музей қызметкері (облыстық дәрежедегі) – Ольга Тарлыкова;

Үздік музей қызметкері (қалалық, аудандық дәрежедегі) – Оксана Құсайынқызы;

Үздік қорық-музейі қызметкері – Райса Мұхамеджанова;

 

Жарыс жеңімпаздары мақтау қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Ең үздік музей» байқауы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі байқауға айналмақ.


Алмас САУДАНБАЙ 

Фотограф — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу: