Оңтүстік аймақтарға жылу қашан беріледі?

7 Қазан 2022, 16:24 1257

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары талқыланды

ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде селекторлық кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Кеңеске Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «KEGOC» АҚ,  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің, сондай-ақ энергетикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында қатысушылар электр станциялары мен желілердің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің дайындығы, сондай-ақ өңірлерде отын дайындау мәселелерін талқылады.

Еліміздің көптеген өңірлерінде жылыту маусымы басталып, штаттық режимде өтуде, оңтүстік өңірлерде 10-15 қазан аралығында басталады деп жоспарлануда. 30 қыркүйекте энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын алуға құжаттарды қабылдау аяқталды.

Дайындық паспортын алу қағидаларына сәйкес оларды беру мерзімі 19 қазанға дейін созылады. Қазіргі уақытта энергетикалық кәсіпорындардан келіп түскен құжаттарды қарау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 161 өтініш келіп түсті, оның ішінде 77-сі (54 станция, 23 желі) берілді, тағы 84 (40 станция, 44 желі) қаралуда.

Кеңес қорытындысы бойынша жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтау және отынның нормативтік қорын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.

Бөлісу: