22 Тамыз 2014, 11:15
ҚОҢСЫ – қазан төңкерісіне дейін қазақ қоғамының төменгі әлеуметтік тобында кірген мұқтаж адам, отбасы, немесе қазаққа кірме рулардың күн көріс қамы үшін келесі бір көрші рудың ауқатты ауылына барып қоныстануы. Зерттеушілердің пікірінше қоңсы термині Шыңғыс тұқымына қызмет еткен қарашалардың атауымен мәндес келеді. Осыған орай, қоңсылықтың пайда болуын моңғол шапқыншылығына дейінгі кезеңге, яғни, түркі тілді көшпелі тайпалардың өмір сүрген уақытына апарады. Жалпы, қоңсы термині қазан төңкерісіне дейінгі орыс дереккөздерінде өте сирек кездеседі. Осылардың ішінде Н.Бобровниковтың еңбегінде оны көрші деген сөздің орыс тілінен аударғандағы баламасы ретінде көрсеткен. Бұл аударма қазақтағы көрші- қолаң, қоңсы-қолаң ұғымдарымен төркіндес келгенмен де, көрші мен қоңсы сөздерінің әлеуметтік мағынасы екі бөлек. Қазақта көрші ұғымы ауыл сөзімен тіркесіп, бір (рулы) ауылдан бірнеше шақырым қашықтықта жатқан келесі көрші ауылдың есебінде айтылады, ал қоңсының мәні бұдан бөлек. Қоңсы сөзінің негізгі мағынасына алғаш анықтама берген қазақтың ғұлама ғалымы Ш.Уәлиханов болды.
Қоңсы ауыл. ҚР МОМ – қорынан (ФКП - 3914)
ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап, қазақ жеріне орыс- казактардың дендеп енуі, қазақтардың шұрайлы қонысын тарылтып, мұның соңы кейбір рулардың кедейлене түсуіне әкелді. Осы заманды өз көзімен көрген Ш.Уәлиханов, отбасын асырау үшін мұқтаждықтан бай әулетпен және ауқатты ауылдың қасына көшіп барған кедейлердің қоңсы аталатынын айырып көрсетті. Осыған орай, қоңсы сөзі – кедейлердің өз отбасыларымен дәулетті адамның (бай, би, сұлтан т.б.) немесе ауқатты ауылдың жанына көшіп баруымен, яғни, қонбақ, қоныс, қоншы мағынасынан пайда болған деп тұжырымдалады.
Советтік тарихнамада қоңсы таптық тұрғыдан қаралып, олар байлар мен ақсүйектерге тәуелді шаруа деп бір жақты жазылып келді. Ал шын мәнінде қазақ қоғамында қоңсыны кедей немесе өзге рудан деп шеттетпей, оны ауылдың бір мүшесі ретінде қатарға қосқан. Осы жерде басын ашып айтатын бір мәселе, бір рудың ішіндегі ағайынның мұқтаждық жағдайымен өзімен аталас екінші ауылға көшіп барғаны қоңсылыққа саналмаған. Бірқатар жағдайларда қоңсы болуға алыс ағайыны келді деп те айтылады. Алайда, бұл жердегі алыс ағайыны деп отырғаны келген ауылға жиен, нағашы, күйеу немесе құда болатын, яғни, руы бөлек адамдарды меңзейді. Келесі бір ескерер жайт, адамдарды қоңсы болуға мәжбүрлейтін бірнеше жағдайлардың болатындығын айта кету қажет. Оның ішіндегі ең басты фактор қоршаған орта мен табиғаттың әсері. Мәселен, бір кездері өз байлығы өзіне жетіп артылған адамдардың жұт пен әртүрлі кеселдің салдарынан бар малынан айырылып, бір уақытта кедейге айналғаны да болған. Бұдан өзге осы санатқа бала-шағасы жоқ, қартайған, шаруалық жасайтын қайраты жоқ қарт адамдар да кірген. Ал көшпелі қазақтың өмірін төрт түлік малсыз елестету өте қиын. Осындай кезеңде олар амалсыздан ағайынының ауылына келіп паналайды, егер олардан қайыр болмаса ел-жұрттың көшінен ұзап, келесі бір көрші рулы елдің жеріне барып қоңсы болуға рұқсат сұрайды. Ал, қасына барған қоңсыны қондырмау қазақ үшін жат құбылыс саналған. Осы жағдайды ХІХ ғасырда Кіші Жүзде өмір сүрген айтулы билердің бірі Есет Қараұлының мына бір сөздерінен аңғаруға болады:
...Қасына қоңсы қондырмас, Қас жаманға мал бітсе.
Аталған шумақ қасына қоңсы қондырмайтын адамның қандай болатынын және ондай жағдайдың сирек кездесетіндігін аңғартады. Ауқатты адамның жанына көшіп барған қоңсыларға ерулік беріп қарсы алатын жағдайлар жиі ұшырасқан. Мұның өзі қарға тамырлы қазақтың қонақжайлығы мен халқымыздың туысқа (ұлтқа) деген жанашырлығын дәлелдейді. Барған жердің қабылдауына ие болған қоңсылар сол әулетпен немесе ауылмен бірге көшіп-қонып, олардың малын бағып, шөбін шауып, т.б. барлық шаруаларына көмектесіп, уақыт өте сол қауымның бір мүшесіне айналған кездері де болған. Қонған ауыл тарапынан қоңсылардың жасаған еңбегіне ризашылық малмен өтеліп отырған. Бірнеше жыл бірге көшіп-қонып жүрген қоңсы мен дәулетті әулет арасында кей кездері қыз беріп, құдандалы болатын жағдайлар да кездескен. Ең бастысы, қызмет еткен әулеттің батасы қабыл болып, қоңсылықтан алдына мал бітіріп, бай атанған адамдардың да болғандығын фольклорлық деректер дәлелдейді. Мысал ретінде әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының Сарыарқа толғауынан төмендегідей шумақ келтіруге болады:
Тоғыз жыл Есболайға қоңсы болған,
Жолмырза еншi алыпты Есболайдан.
Батасы Есболайдың қабыл болып,
Бай болды Есенгелдi жұрттан асқан.
Демек, қоңсылық адамның өмір бойғы тағдырының жазмышы емес, оның кей жағдайда белгілі бір өтпелі кезеңде, уақытша сипатта болды. Қазан төңкерісіне дейін қазақы (рулық, ағайындық) ортада болған қоңсылық үрдісі совет өкіметінің орнауымен өзінің мағынасын түпкілікті жойды.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»