ОҚО-да ат спорты ойындарынан халықаралық турнир басталды

17 Қараша 2016, 11:09

ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров атындағы ұлттық ат спорты ойындарының ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Халықаралық жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев турнирге қатысушы барша  командаларға сәттілік тілеп, Асанбай Асқаровтың елге сіңірген еңбегі мен жетістіктеріне тоқталды.

«Асанбай Асқарұлы ұзақ жылдар бойы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың бірі. Қоғам қайраткерінің осы өңірді басқару кезінде осы тұрған Орталық атшабар, Дендросаябақ пен Зообақ және балалар темір жолы сынды қаншама әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілген. Ел ағасының облыс тұрғындары үшін жасаған игі істері мен қалдырған ізгі мұраттары бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, ел есінде мәңгілікке сақталады деп білемін»,  – деді әкім.

Бүгінгі турнирге ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Түркияның астанасы – Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бірқатар мемлекеттік жаттықтырушылар қатысып отыр.

Халықаралық ұлттық спорт бәйгесіне көршілес Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасынан арнайы командалар қатысса, республика өңірлері – Астана қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Түлкібас ауданынан  «Майлыкент» командалары бақ сынауда.

Айта кетейік, жалпы облыстағы түрлі деңгейдегі мекемелерде ұлттық спорттың 10 түрі – қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, асық ату, теңге ілу, саят түрлері дамытылады. Аталған спорт түрлерімен 220-дан астам жаттықтырушы, 5 мыңнан астам спортшы айналысады. 

Жалпы, өңірде ұлттық ат спорт түрлері - көкпар, аударыспақ, жамбы ату сынды ойындардан топ жарып, көш бастаған спортшылар баршылық. Атап айтсақ, көкпаршылар -  Бақтыбай Шырынқұлов, Нұржігіт Мырзабаев, Темірхан Айтбаев, Омарбек Еркебайлар салым салуда ешкімге тізгін бермесе, аударыспақтан Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров және Түймебек Жұмалиев көш бастап тұр. Ал, ұлттық ат спорт түрінен Ғалымжан Ізжанов, жамбы атудан Айкөз Ералхан, Қазақстан Республикасының спорт шебері, жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы ретінде Сарыбай Айтбек танымал.

Бөлісу: