Қоғамдық қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктер қызметтеріндегі лоббизм

8 Желтоқсан 2015, 11:58

ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТАР, ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР МЕН БІРЛЕСТІКТЕР ҚЫЗМЕТТЕРІНДЕГІ ЛОББИЗМ

Өмір сүріп тұрған құрылысқа қатысы бойынша қоғамдық қозғалыстар революциялық, контрреволюциялық, реформистік, консервативтік, реакцияшыл болып бөлінеді. Ал әрекет тәсілдері мен әдістері бойынша – зорлықшыл және зорлықшыл емес қозғалыстар болып бөлінеді.
Қоғамдық қозғалыстар әр түрлі әлеуметтік негізде қалыптасуы мүмкін. Олардың кейбіреулері, мысалы, соғысқа қарсы, экологиялық, ұлт-азаттық қозғалыстар тап аралық (таптан тыс) сипатта болады. Екіншілері айқын көрінетін әлеуметтік-таптық сипатта ерекшеленіп, жұмысшы, шаруа, буржуазиялық қозғалыстар, сондай-ақ зиялы қауым, фермерлер, ұсақ меншік иелерінің қозғалыстары ретінде айқындалады. Қоғамдық қозғалыстар гендерлік ерекшелігі мен жас мөлшеріне қарай да: жастар, балалар, әйелдер қозғалыстары, зейнеткерлер қозғалысы және басқалары болып топтасады. Кәсіби белгілері бойынша ғалымдар, дәрігерлер, жазушылар және т.б. қозғалыстар құрылады. Қоғамдық қозғалыстар ядролық соғыс қаупін болдырмау, халықтардың экономикалық, мәдени және саяси қарым-қатынастарын дамыту, экологиялық апаттың алдын-алу, мәдени мұраны сақтау және т.б. әр түрлі әлеуметтік-саяси мақсаттарды көздейтінін айта кеткен жөн.
Нақты қоғамдық қозғалыстар ұлттық тарихтың мәні мен маңызын іздеп таба отырып, жекелеген мемлекеттер шеңберінде өрістей алады. Олар қайсыбір тарихи кезеңдегі ерекшеліктерін көрсетіп және мәселен, экологиялық қозғалыс сияқты кең халықаралық сипатқа ие болып, бір топ елдердің шеңберінде де тарала алады.
Ерікті бірлестіктерді қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға бөлу көбіне шартты сипатта болады және әрдайым оларды дәл ажырату оңайға түсе бермейді. Қоғамдық қозғалыстар ұйымдық принциптердің күшею шамасына қарай көбіне қоғамдық ұйымдар және де тіпті саяси партия құрудың негізіне айналады. Мәселен, экологиялық қозғалыстың дамуы әр тектес экологиялық одақтар мен ассоциациялардың құрылуына, кейін көптеген елдерде «жасылдар» партиясының құрылуына себепші болды. Жоғарыда көрсетілгендей, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар саяси билікті жеңіп алу мен іске асыруды өзінің мақсаты етіп қоймайды, оған ашық түрде бақылау жасауға ұмтылмайды. Олар үшін саяси процестерге ықпал етудің негізгі тәсілі билікке қысым көрсету болып табылады. Олар қоғамдық өмірдің басқа салаларындағы (экономикалық, әлеуметтік, мәдени) міндеттерді орындау үшін қажет болғандықтан ғана саяси қызметпен айналысады.
Бірақ, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар өздерінің алдына тікелей саяси мақсаттарды қоймаса да, олардың қызметі объективті түрде саяси сипатта болады. Азаматтардың бірлесуге деген конституциялық құқықтарының өзі оларды саяси әрекеттер шеңберіне қосады.
Әр алуан қоғамдық құрылымдардың саяси қарым-қатынастарға ықпал ету деңгейі де әр түрлі. Олардың бірі – жұмысшы, кәсіподақ және ұлттық қозғалыстар және т.б. саяси жағдайға елеулі түрде ықпал етеді, екіншілері – саяси өмірге іс жүзінде қатыспайды.
Алайда, қазіргі кездегі қоғамның жалпыға бірдей саясаттандырылуы жағдайында қоғамдық бірлестіктердің ешқайсысы саяси процеске тікелей немесе жанама қатысудан толығымен шеттей алмайды. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың саяси рөлі мемлекеттік билік органдары мен әр түрлі деңгейдегі басқару органдарының саяси шешімдер қабылдау процесіне ықпал етуден, билік құрылымдарына азды-көпті болса да тұрақты қысым көрсетуден тұрады.
Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар өзінше мүдделі топтар мен қысым- топтары ретінде алға шығады. Мүдде топтары немесе мүдделі топтардың тұжырымдамасын А. Бентли, Д. Трумэн жасады және оны басқалары батыстық саясаттануда мойындайды және берік ұстанады.
А.Бентлидің пікіріне сәйкес, саясат дегеніміз – белгілі бір топтарға ұйымдасқан адамдардың өздерінің мақсаттары мен мүдделеріне жету үшін өзара әрекеті мен күресі процесі. Мүдделі топтар – бұлар ерікті ұйымдар, олар оған кіретін адамдардың басқа да топтармен және саяси институттармен, сондай-ақ ұйымдардың өз ішіндегі өзара қарым-қатынастарындағы мүдделерін білдіру үшін және ұсыну үшін құрылады.
Топтардың бәсекелестігінде ұйымдасқан мүдделердің едәуір бөлігі азаматтық қоғам жолымен қанағаттанады. Бірақ бірқатар жағдайларда топ мүшелерінің ұжымдық қажеттіліктерін іске асыру биліктің шешімдерін талап етеді. Егер мүдделі топ жеке мүдделерін жария биліктің институттарына мақсатты түрде ықпал ету жолымен қанағаттандыруға қол жеткізетін болса, онда ол қысым тобы ретінде сипатталады.
«Қысым тобы» деген ұғым азаматтық қоғамда туындайтын әлеуметтік- топтық мүдделердің саяси факторға айналу қарқынын ашып көрсетеді. Қысым топтарының қызметінің тиімділігі көбіне олар тартатын ресурстарға (меншік, ақпарат, мамандық және тәжірибе, мәдени ықпал, этникалық және діни байланыстар және т.б.) қатысты болады. Кәсіптік одақтар, кәсіпкерлер ассоциациялары, кооператорлар, тұтынушылар одақтары, ерікті қоғамдар және басқа да қоғамдық бірлестіктер (саяси партиялардан басқа) мүдделі топтың түрлері болып саналады.
Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да ең бұқаралық қоғамдық ұйым кәсіподақтар болып табылады. Олар өндірістегі, сондай-ақ өндірістік емес салалардағы қызметінің түрі бойынша ортақ мүдделерімен байланысқан еңбекшілерді ерікті негізде біріктіреді. Олардың басты қызметі өзінің мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.
Нарықтық экономикалық қатынастарға өту, мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жағдайында еңбекшілердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауда кәсіподақтардың маңызы шұғыл артты.
Қазіргі Қазақстан жағдайында жағдай шұғыл өзгерді. Кәсіподақтар тек әлеуметтік-экономикалық қатынастарға ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы саяси процестерге де елеулі ықпал ететін ұжымдық келісімдер, бірқатар қуатты ереуілдер жасауда өздерін жаппай берік көзқарас тұрғысынан көрсете білді.
Бүгінде олар өз қызметтерінің жаңа жағдайларға сәйкес түрін іздестіруде. Дүниежүзілік тарихта қуатты кәсіподақтар мен кәсіпкерлер бірлестігі үкіметті өз талаптары алдында кейін шегінуге мәжбүр еткен мысалдар белгілі. Осы мақсатта олар саяси қысымның әр алуан түрлері мен әдістерін қолданды. Оларды айтар болсақ: бұқаралық ақпарат құралдарындағы насихат науқаны,
сәйкес талаптармен қол жинау, ереуілдер, үкімет жарлықтарына бой ұсынбау, пикеттер, митингілер, салтанатты шерулер және басқалары.
Қысым жасаушы топтардың билік органдарына ықпал етуінің әдеттегі тәсілдері болып табылатындар:
- біріншіден, биліктің өкілдік және атқарушы органдары құрамына, сондай-ақ әкімшілік аппараттың функционері ретінде өз мүшелерін тікелей ұсынуы;
- екіншіден, ұйым мүшелерінің парламент комиссиясы мен шағын комиссиясының, ведомствоаралық комитеттер мен қызмет саласына қатысуы;
- үшіншіден, парламенттің, үкіметтің мүшелерімен, мемлекеттік аппарат шенеуніктерімен және т.б. жеке «достық» байланыстарды қолдауы.
Барлық елдерде іс жүзінде лоббизм сияқты билік органдарына қысым жасаудың формасы кеңінен қолданылады.
Лоббизм – көп сатылы құбылыс. Бұл – билік институттарының жұмыс істеуінің ресми жүйесі мен үдерістерінен тыс іске асырылатын астыртын қызмет. Лоббизмнің барысында ықпалды ептілер мен саясаткер-лоббистер белгілі бір топтарға қажетті заң жобаларын қорғауға, талап етілген үкімет шешімдерін қабылдауға немесе сол үшін тиімді мемлекеттік тапсырысты жасауға ұмтылады. Жеке кездесулер, байланыстар, келіссөздер, «басып шығарушыдан» хаттар мен жедел хаттарды табыстау, ғылыми зерттеулердің нәтижелері баяндалған мәтіндер, қоғамдық пікірдің сауалнамалары және т.б. осы мақсатқа пайдаланылады.
Лоббистер көбіне өздерінің мақсаттарына қол жеткізу үшін қаратып алу, пара беру, қызмет көрсету, қауіп төндіру, бопсалау және басқалары сияқты құралдардан тартынбайды.
Лоббизм әсіресе АҚШ-тың саяси өміріне тән. Дегенмен мұнда лоббизм тек қана кеңінен қолданылатын астыртын түрдегі сатып алу ғана емес, сондай-ақ
өнеркәсіп корпорациялары мен фирмалардың қызметкерлерінің, заңгерлердің, есепшілердің, салық инспекторларының, кәсіподақтық және басқа да қоғамдық ұйымдардың функционерлерінің сарапшылар мен кеңес берушілер ретінде қатысуымен заң жобаларын және әкімшілік-басқарушылық актілердің әзірленуі мен қабылдану жүйесі.
Билік органдарына ықпал етудің аталған формасы белгілі ережелерге бағындырылып, заңға сәйкес қаржылық бақылауда болса да, саяси құбылыс ретіндегі лоббизмнің өзінің табиғаты бәрібір оған толықтай бақылау жасауды болдырмайды.
Көріп тұрғанымыздай, лоббизмді заңды және заңсыз деп бөлуге болады. Бұлардың екеуінің де шекарасын анықтау қиын болғандықтан, әр түрлі елдерде оған саяси құбылыс ретінде қарау да бір жақты емес. Лоббизмге деген тыйым салушы және құқықтық реттеушілік көзқарас бар.
Бірінші көзқарасты жақтаушылар лоббизмді қылмыстық қызметке теңестіреді және осы негізде юридикалық жазалау шараларын енгізу жолымен оны жоюға тырысады.
Екінші көзқарасты жақтаушылар лоббистік белсенділікті құқықтық шеңбермен шектеуге ұмтылады. Мысалы, Францияда лоббистік қызмет заңсыз деп танылады, Үндістанда – сыбайлас жемқорлықпен теңестіріледі, яғни, мемлекеттік билік органдарының лауазымды адамдарына пара берудің түрі боп есептеледі, АҚШ пен Канадада ол лоббизм туралы заңмен реттеледі.
Біз екінші көзқарасты тиімді деп топшылаймыз. Өйткені бұл көзқарас халықтың әр түрлі топтарының мүдделерін құқықтық шеңберде ұсынуды қояды. Сонымен бірге ресми емес лоббистік қызмет, әрине, заңмен шектелінуі тиіс. Осыған байланысты мемлекеттің құқықтық нормаларын мойындайтын
ұйымдардан басқа конституциялық құрылыстың, әрекет етіп тұрған тәртіптің принциптерін және азаматтық құқықтарды ресми түсінумен қайшы келетін қоғамдық бірлестіктер де пайда болуы мүмкін екендігін атап айтқан жөн. Мемлекет мұндай ұйымдарды мойындаудан бас тартады және олар ресми емес деп есептеледі. Олардың кейбіреулері өмір сүріп тұрған қоғамдық-саяси тәртіпке, құқықтық нормаларға шыдамдылық танытады. Екіншілері үкіметпен ымыраға келмейтін оппозицияға айналады да, онымен күрес жолына түседі.

Бұлардың екеуі де әр түрлі елдерде, соның ішінде Еуразия елдерінің аумағында да бар.
Қазіргі уақытта әрбір елде ондағы қалыптасқан нақты жағдайды көрсететін қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар аз емес.
Соңғы жылдары Қазақстан аумағында көптеген қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар пайда болды. Бүгінде біздің еліміздің қоғамдық өмірінде мыңдаған қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар әрекет етуде, олардың қоғамдағы ролі артып келеді. Қазақстан халқының бұқаралық санасының құрылымында жаңа демократиялық көңіл-күйдің және гуманистік құндылықтардың пайда болуы қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың бұрынғы, көбіне тиімсіз формаларынан азат етілген Қазақстанның әлеуметтік-саяси кеңістігін толтыруға қабілетті азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің жаңа түрлерін туындатады.
Осылайша, біздің елімізде азаматтық қоғамның жұмыс істеу өрісі кеңейіп келеді. Бұл әлеуметтік-саяси саланың демократиялануының неғұрлым жалпы үрдісін білдіреді.
Мұнда тек Қазақстанның қоғамдық өміріндегі оң дәстүрлермен байланысты жоғалтып алмау маңызды. Оған бұзушы сипаты бар және елдің демократиялық жаңаруына зиян келтіруге қабілетті қоғамдық бірлестіктердің енуінің алдын алу керек.
Қазіргі өркениетті қоғамдардың саяси жүйесінің элементі бола отырып, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар аса маңызды міндеттерді орындайды. Сондықтан қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қызметтерін айқындаудың маңызды теориялық және тәжірибелік мәні бар. Өйткені бұл азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет жүйесіндегі олардың орнын анықтауға, сондай-ақ олардың белсенділігінің байқалу формаларын, тәсілдерін көрсетуге көмектеседі.
Барлық қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың ортақ, негізгі қызметтерінің қатарына мыналар жатады:
1. Бірлестік мүшелерінің мүдделері мен қажеттіліктерін айқындау және қанағаттандыру. Адамдар кәсіби, жас ерекшеліктерімен, жеке бейімділігімен және т.б. байланысты қайсыбір ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ұйымдар мен қозғалыстарға бірігеді. Бұл мүдделер бастапқыда аса көмескі, жеке бастық және қызбалық түрде көрінуі мүмкін. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар мұндай екі ұшты көзқарастар мен пікірлерді нақты талаптарға айналдырып, сол бірлестіктің бағдарламасына сай қайта құрады, сол арқылы өз мүшелерінің мүдделер айналымына мүмкіндік береді.
Саяси партиялармен қатар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар мүдделеріне сай міндеттерін де, яғни пікір талас арқылы олардың арасындағы белгілі иерархиялар мен басымдықтағы көптеген жеке талаптар мен жарғылар келісімін белгілі бір дәрежеде шешеді. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың бұл функциясы жетілмеген партиялық жүйе жағдайында үлкен маңыздылыққа ие болуда.
2. Әлеуметтік біріктіру мен жұмылдыру функциясы топ мүшелері мен оны жақтаушыларды аталмыш құрылымның мақсаттары төңірегінде біріктіруге және ұйымдастыруға саяды. Бұл қызмет нақты қоғамдық бірлестіктің шеңберінен шығып кететін неғұрлым кең ауқымда бола алады. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар жұртшылықтың назарын өткір мәселелерге
аудартады, өзіндік шешім нұсқаларын ұсынады, өздерінің бастамаларының қоғамнан қолдау табуына ұмтылады.
3. Әлеуметтендіру қызметінде өзінің мүшелерін қоғамдық маңызды проблемаларды шешуге тарта отырып, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар олардың белсенді өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына, саяси білімі мен мәдениетінің көтерілуіне, азаматтарды мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруға тартуға мүмкіндік береді.
4. Өз мүшелерінің басқа саяси институттармен өзара қарым- қатынасындағы мүдделерін ұсыну мен қорғау қызметі. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар өз мүшелерінің ерекше мүдделері мен қажеттіліктерін ұғынуға және білдіруге мүмкіндік беріп қана қоймайды. Сондай-ақ, осы мүдделерді ұсынудың міндеткерлігін, топ талаптарын мемлекеттік органдарға, саяси партияларға, басқарушы элитаға мәлімдеп, жеткізу жауапкершілігін де өзіне алады. Қоғамдық ұйымдар мен қоғалыстардың билік құрылымдарына ықпал етуі екі жолмен: электоралдық өкілдік арқылы (сайлау жүйесі арқылы) және ұйымдасқан мүдделердің тікелей, функционалдық өкілдігі арқылы іске асуы мүмкін.
5. Қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың тағы бір қызметі саяси-қоғамдық құрылымдардың жаңа үлгісін жасау, әлеуметтік байланыстардың дәстүрлі емес формаларын іздеу мен сынап көру болып табылады. Қоғамдық, өзіндік әрекетті сипаттағы ерікті бірлестіктер әлеуметтік сынақ жүргізудің, халықтың әлеуметтік белсенділігінің жаңа өзін-өзі басқару формасын іздеу мен іске асырудың теңдесі жоқ жолы бола алады.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар – бұлар азаматтардың өздерінің мүдделерінің
ортақтығы негізіндегі олардың еркін көңіл білдіруі нәтижесінде пайда болған, бірақ өзінің қызметінің мақсаты ретінде пайда табуды көздемейтін ерікті құрылымдар.
Саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, азаматтардың мүдделері бойынша құрылымдары – ұйымдар, қоғамдар, одақтар, қауымдастықтар, қорлар және т.б. қоғамдық бірлестіктер ретінде танылады. Демек, қандай да бір әлеуметтік қажеттіліктерді бірлесіп қанағаттандыру үшін немесе халықтың белгілі бір бөлігінің мүдделерін білдіру және ұсыну үшін құрылатын азаматтардың барлық құрылымы қоғамдық бірлестік болып табылады.
Әрбір елдің заңнамасы мақсаттары қоғамның мүдделерімен, моральдық нормалармен және жалпы адамзаттық құндылықтармен сыйыспайтын қоғамдық бірлестіктердің – саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қызметіне рұқсат етпейді. Соның ішінде үкіметті құлатуды немесе конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді мақсат ететін немесе оған қол жеткізудің әдісі ретінде соғысты, зорлық-зомбылықты, мейірімсіздікті насихаттайтын, нәсілдік, ұлттық және діни алауыздықты қоздыратын қоғамдық бірлестіктер құруға тыйым салынады.
Сондықтан саяси партиялардың қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың арта түскен алуан түрлілігі мен белсенділігі қоғамның қоғамдық өмірінің терең процестерін көрсетеді, саяси күштердің қайтадан топталуына елеулі ықпал етеді, жаңа әлеуметтік-саяси орта құрады.
Осылайша саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың қызметі өркениетті, азаматтық қоғамның қалыптасуының, саяси жүйенің демократиялануының, өзін-өзі басқаруды дамытудың шынайы көрсеткіші болып табылады. Олардың жұмысы нәтижелі болған сайын өркениетті, азаматтық қоғам да кемелденіп, беки түседі.
Қоғамдық қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар мен мекемелердегі лоббизм - билік институттарының жұмыс істеуінің ресми жүйесі мен үдерістерінен тыс іске асырылатын астыртын қызметі болып табылады. Лоббизмнің барысында ықпалды ептілер мен саясаткер-лоббистер белгілі бір топтарға қажетті заң жобаларын қорғауға, талап етілген үкімет шешімдерін қабылдауға немесе сол үшін тиімді мемлекеттік тапсырысты жасауға ұмтылады. Жеке кездесулер, байланыстар, келіссөздер, «басып шығарушыдан» хаттар мен жедел хаттарды табыстау, ғылыми зерттеулердің нәтижелері баяндалған мәтіндер, қоғамдық пікірдің сауалнамалары және т.б. осы мақсатқа пайдаланылады.


Ақбөпе ӘБДРАСУЛ

Бөлісу: