НЗМ оқушысын өлтіруге оқталған: Қыздың жағдайы ауыр

27 Мамыр, 16:18 640

26 мамыр күні Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысына қастандық жасалып, ауруханаға түскені белгілі болды. Денсаулық сақтау басқармасы оқушы қыздың жағдайы ауыр екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жедел жәрдем қызметі 2006 жылы туған қызды №2 қалалық көпсалалы ауруханаға ішінің алдыңғы қабырғасынан алған көптеген пышақ жарақатымен жеткізді. Жағдайы ауыр және тұрақты, - деп мәлімдеді Астана денсаулық сақтау басқармасы.

Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі оқиғаның 25 мамыр күні болғанын жеткізді.

Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Қазір оқиға сабақтан тыс уақытта болғаны, шабуыл жасаған жасөспірім НЗМ шәкірті емес екені белгілі болды. Өз кезегінде жалған ақпарат таратпауды және құқық қорғау органдарынан ресми түсініктеме күтуді сұраймыз, - деді баспасөз қызметі.

Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы 18 жасар қызды өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабының негізінде жария етілуге жатпайды, - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Бұған дейін оқушы қызға қастандық жасалғаны туралы жазған едік. 

Миражан Махан
Бөлісу: