Нью-Йорктағы радио толқынынан қазақ күйлері күмбірледі

24 Наурыз, 06:32 698

Әз-Наурыз мейрамында Нью-Йорк қаласындағы Radio толқынынан қазақ күйлері күмбірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24KZ-ке сілтеме жасап.

Халқымыз ежелден қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа ұлықтап  келе жатқан құнды мұрамыз көпшіліктің көңілін толқытты. Құрманғазы күйлерін естіген тыңдармандардың әсерін әріптесіміз Айжан Сыдыкова біліп қайтты.

Нью-Йорк университетінде оқып жүрген Ерсұлтан мерекеге орай қазақ күйлері ойналатынын естіп, радионы қосып жүрді. Түстен ауа әз-Наурызда АҚШ-тың алып шаһарының Radio USA толқынында күй атасы Құрманғазының құнды мұрасы қойылды.

Осылайша, 8 миллионнан астам тұрғыны бар қаланы «Сарыарқа» күйі сазға бөлеп, алып шаһардың күнделікті тіршілігі күмбірлеген «Адай» күйімен жалғасты.

Проджект менеджмент мамандығында оқимын. Өзім Павлодардан боламын. Болашақ бағдарламасымен келдім. Америкада көп болмасам да, Қазақстанды қатты сағынамын. Сондықтан Нью-Йорк радиосынан қазақ күйлері ойналатынын естіп, қатты қуанып кеттім, - дейді Нью-Йорк университетінің магистранты Ерсұлтан Омар.

Нью-Йорктегі орыстілді аудиторияға арналған радиосынан тараған рухани мұрамыз АҚШ астанасы Вашингтонға да жетті. Қазақы құндылыққа құлақ түргендердің арасында Джорджтаун университетінің оқытушысы Джил Нойондерф пен студенттері де бар. Ол: «Қазақстанға барған сапарынан жылы естеліктерім көп», – дейді.

Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Былтыр шілдеде Алматыға 1 айға барып, Қазақ ұлттық университетінде орыс тілін оқып үйрендім. АҚШ-тан меннен басқа 15 мұғалім болды. Біз сол кезде Ұлттық аспаптар мұражайына бардық. Сол жерде домбыраның үнін алғаш рет естідім. Қатты ұнады. Тіпті біздің топтағы бір құрбым оған қызығып, сатып алып, өзімен бірге АҚШ-қа алып келді, - дейді Джорджтаун университетінің мұғалімі Джил Нойондерф.

Құрманғазы мұрасымен қазақ еліне деген сағынышын басқан Джил биыл  маусым айында тағы да саяхаттап барып, достарымен кездесуді жоспарлап отыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: