Нысана көздеуден Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

18 Ақпан, 10:00 854

Шымкентте нысана көздеуден командалық Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бір аптаға созылған бәсекеде 7 өңірден келген 100-ден астам мерген 12 жүлде жиынтығын сарапқа салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің жазуынша, шешуші жарыс күні 10 метрден тапаншамен оқ атудан аралас жұптық сын (микст) өтті. Іріктеу нәтижесінде финалға Шымкент-1 және Алматы-2 командасы шыққан. Бұл дуэльде Ұлттық құрама спортшылары - Ирина Юнусметова мен Никита Чирюкин басым түсіп, Шымкент командасына кезекті алтын медаль алып берді. Қола медаль Дилара Вахитова мен Эльдар Иманқұловтың (Алматы-1) еншісінде.

Жалпы есеп бойынша Шымкент қаласының командасы жеңімпаз атанса (7 алтын, 7 күміс, 2 қола), Алматы қаласы 2-орыннан көрінді. Үздік үштікті Астана қаласының спортшылары түйіндеді.

«Биыл чемпионатқа ірі қалалар мен облыстардың таңдаулы мергендері келді. Бұл - жылдың алғашқы республикалық жарысы. Соған қарамастан бәсекелестік өте жоғары болды. Соңғы жарысты есепке алмағанның өзінде Шымкент қаласы 1-орын алып тұр. Одан кейінгі сатыға Алматы мен Астана командасы жайғасты. Чемпионат Ұлттық құрама спортшыларының дайындығын пысықтауға бағытталған. Сонысымен маңызы зор»,-деді Қазақстан чемпионатының бас төрешісі Ролан Юнусметов.

Айта кетейік, бұл бәсекеге Ұлттық құраманың барлық спортшысы қатысты. Бұл қатарда Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған Ислам Сатпаев, Александра Ле, Константин Малиновский, Арина Алтухова мен Никита Чирюкин де бар.

Оқи отырыңыз: 

Жансая Әділбек
Бөлісу: