Нығмет Сауранбаев

29 Маусым 2015, 05:07

Нығмет Сауранбаевтың ғылыми туындылары өзінің ғылыми-теориялық тереңдігі жазылу шеберлігі мен тартымдылық қуаты жағынан отандық және шетелдік тюркологияда кезінде жоғары бағалып отырған.

Нығмет Сауранбаевтың ғылыми туындылары өзінің ғылыми-теориялық тереңдігі, жазылу шеберлігі мен тартымдылық қуаты жағынан отандық және шетелдік тюркологияда кезінде жоғары бағалып отырған.

Нығмет Сауранбаев 1910 жылы шілде айында Жамбыл облысы Қордай ауданының Шарбақты селосында дүниеге келеді. Қазір сол ауылдағы орта мектеп Сауранбаевтың есімімен аталады.

Нығметтің әкесі Тінәлі шаруа кісі болған. Алты ағайынды Нығмет тағдыр тақсіретін ерте тартады да, жасынан батап еңбекке араласады. Ол өз ауылындағы іскер балалардың бірі болады. Ол 15 жасына дейін «Қасық» деген селолық орта мектепте оқып, негізгі білімді содан алады. 1925 жылы Н.Сауранбаев Алматыдағы оқу-ағарту институтының дайындық курсына түсіп, онда үш жыл оқиды. 1928 жылы сол институттың негізгі курсына ауысады. Келесі жылы институт Қостанай қаласына көшіріледі. Н.Сауранбаев институт коллективімен бірге Қостанайға барады да, 1932 жылы бітіріп шығады.

22 жасынан бастап Нығмет Сауранбаевтың қоғамдық-педагогикалық қызметінің тарихи беттері ашылады. Ол әуелі Халық ағарту комиссариатында инспектор болып жұмыс істейді. Одан әрі Н.Сауранбаев біраз уақыт Қызыл армия қатарында болады. Сонда жүріп бұрынғы білімдерін жетілдіре түседі. Өз бетімен дайындалып, Мәскеудің Герцен атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінде сырттай оқиды.

1938 жылы Н.Сауранбаев жаңадан ұйымдасқан Оқу-ағарту Комиссариатының мектептер жөніндегі Ғылыми-зерттеу институтының ғылыми жұмытар жөніндегі директордың орынбасары болып тағайындалады.

1939 жылы ол Халық Комиссарлар советінің жанындағы Терминологиялық комитеттің ғылыми хатшысы болып қызмет атқарады. Қазақ әдеби тілінде жаппай шығып, қаулап келе жатқан ғылыми-техникалық жаңалықтар мен әлеуметтік мәдени табыстар тудырған көп салалы терминдерді бір ізге түсіріп, белгілі форма мен тұрақты мағынада қолдану үшін Терминологиялық комитет көптеген жұмыстар атқарды.

1941 жылы Н.Сауранбаев СССР Ғылым академиясы Қазақ филиалының алғаш ұйымдасқан Тіл, әдебиет және тарих институтының тұңғыш директоры болып бекітілді. Жас институттың директоры есебінде Н.Сауранбаев жас кадрлар дайындап, Тіл, әдебиет және тарих ғылымдарының даму перспективаларын қарастырады.

1943 жылы Нығмет Сауранбаев «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1948 жылы бұл еңбегі өз алдына кітап болып басылып шығады.

1946 жылы бүкіл республикамыздың ғылыми-мәдени өмірінде үлкен жаңалық орын алады. Қазақ ССР Ғылым академиясы құрылады. Нығмет Сауранбаев осы академияның толық мүшесі болып сайланады да, қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-секретары қызметіне тағайындалады.

1951 жылы Н.Сауранбаев Қазақ ССР Ғылым академиясының вице-президенті болып жаңа қызметке ауысады.

Өмірінің соңғы жылдарында (1956-58жж) Н.Сауранбаев Тіл білімі институтында Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімін басқарады. Қазақ тіл білімінде кенжелеу дамып, артта келе жатқан осы сала бойынша тиісті мамандар тәрбиелеп шығаруға қатты көңіл бөледі. Қазақ филологиясының өзекті мәселелерін зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру барысында ғалым көп еңбек сіңірді.

Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер Нығмет Тінәліұлы Сауранбаев өмірден ерте – небәрі 48 жасында өтті (1958 ж. қарашада). Бірақ оның артында өлмес мұрасы, ғылыми еңбектері мен асқақ арманы қалды. Көрсеткен үлігіс мен өнегелі аты қалды. Академик Нығмет Сауранбаев бүкіл өмірін ғылымға арнаған, сол салада өзіндік үлесі зор үлкен тұлға. 

Бөлісу: