Нұртөре Жүсіп: Денсаулық сақтау саласының басты міндеті – білікті кадрлармен қамтамасыз ету

3 Қараша, 09:45 406

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Абай облысында денсаулық сақтау жүйесін кадрлық қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерге арналған көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп төрағалық еткен шараға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдігінің басшылығы, сарапшылар және медицина саласының мамандары қатысты.

Нұртөре Жүсіп жиынды аша келіп, шараның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру аясында өтіп жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ өңірлерді медицина кадрларымен қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі екеніне тоқталды. Сенаторлар отырыс алдында Астана, Қарағанды және Абай облыстарында медициналық оқу орындары мен ұйымдарда кадр тапшылығы және болашақ дәрігерлерді оқыту жағдайы туралы мәселелерді талқылау мақсатында кездесулер өткізген болатын.

Депутаттар 2020 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау және оның қызметкерлерін қолдауға бағытталған бірқатар заңнама қабылданғаны туралы айтты. Олардың қатарында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті жаңарту, медицина қызметкерлерін қолдау туралы заң, сондай-ақ олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу бар.

Елімізді білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету – біздің заманымыздағы маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы бізге болашақ дәрігерлерді даярлау сапасын арттыру және оларға лайықты жұмыс жағдайын жасау міндетін жүктеді. Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның әр өңірі, әрбір ауылын қажетті медициналық мамандармен қамтамасыз ету және жас дәрігерлерге ел игілігі үшін өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беру, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Кездесуге қатысушылар заңнамалық және әлеуметтік қолдау саласындағы елеулі жетістіктерге қарамастан, кадр мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша медициналық қызметкерлердің жағдайын жақсарту, өңірлерге кадрларды тиімді бөлу және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуға ықпал ететін ұсыныстар әзірлеу жоспарланды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: