Нұрсұлтан Назарбаев 2023 қандай атақ пен мүмкіндіктен айырылды

9 Қаңтар, 15:00 4696

Тағы бір жылды артқа тастадық. Қоян жылында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты да біраз маңызды шешімдер қабылданды. Солардың негізгілеріне тоқталуды жөн көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Құрметті сенатор» атағынан айырылды


senate.parlam.kz

2023 жылғы 12 қаңтарда экс-президент «құрметті сенатор» атағынан айырылды;

Конституциялық сот шешімі бар. Біз ертең «Тұңғыш Президент – елбасы туралы» заңның күшін жоюға қатысты шешім шығарамыз. Құрметті сенатор атағына қатысты сұрақ қойылды. Конституциядан мұны алып тастағандықтан, заңның күшін жоюды қарау кезінде «Құрметті сенатор» атағын регламенттен алып тастадық. Мұның бәрі жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша жасалып жатқан іс-әрекеттер, – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұған дейін «Құрметті сенатор» атағы бір-ақ адамға – Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген. Енді заңнамада «Құрметті сенатор»  деген атақ жоқ.

«Елбасы» туралы заң күшін жойды


primeminister.kz

2023 жылғы 15 ақпанда «Тұңғыш президент – елбасы»  туралы заңның күші жойылды.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтың айтуынша, бұл құжат республикалық референдумда қабылданған өзгерістерді конституцияға енгізуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, 2022 жылғы 8 маусымда Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Ата заңның 46-бабындағы «ҚР Тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілетігі ел Конституциясысы мен конституциялық заңы анықтайды» деген 4-тармақ алынып тасталды, - деді Қожахметов Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттар сол кезде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – елбасы туралы» заңның күшін жоюды көздейтін заң жобасын қабылдауға дауыс берген болатын.

Тіл тигізгендер жазаланбайды

Мамыр айында Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізіп, ар-ұжданын қорлаған азаматтарды жауапқа тартуды көздейтін ереже күшін жойды.

Елбасы мәртебесі жоқ. Сол себепті қылмыстық жауапкершілік қажет емес және қолданылмайды. Бұл ереже Елбасына ғана қатысты, ережеде отбасы туралы ештеңе айтылмаған, - дейді депутат Снежанна Имашева.

Заң жобасы шеңберінде Қылмыстық кодекстен Тұңғыш Президентті көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру (сондай-ақ оның суретін бүлдіру, оның заңды қызметіне кедергі жасау), Тұңғыш Президентке қол сұқпаушылық кепілдігін жою үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 373 және 374-баптар алынып тасталды.

Назарбаев кеңсесінің жұмысы тоқтатылды

Маусым айында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің жұмысы тоқтатылатынын мәлім етті.

Назарбаевтың канцеляриясы жалпы заңда көрсетілген аясында ғана жұмыс істейтін болады. Тек қана канцелярия ғана емес, оның аясында жұмыс істеп жатқан кітапхана да бар. Онда құнды дүниелер бар. Оны қандай министрліктің немесе мемлекеттік органның аясына ауыстыру керек, қайта құру керек. (...) Қазір реструктуризация процесі жүріп жатыр ғой. Негізінен жалпы оның заң аясында жұмысы тоқтатылады, - деп атап өтті ол.


t.me/KZgovernment

Назарбаев өз атымен аталған мекемелердің басшысы мәртебесінен айырылды

29 маусымда Сенат  Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталатын мектептер, ЖОО мен қордың жоғарғы кеңесінің басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.

Қабылданған заң бойынша Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев қоры мәртебесі туралы ҚР заңына мемлекет басшысының дербес білім беру ұйымдарының жоғары қамқоршылық кеңесін құру жөніндегі өкілеттіктерін айқындау жөнінде түзетулер енгізілген.

Заңға сәйкес ҚР президенті немесе президент тағайындайтын тұлға жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы болып табылады. Ал жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережені жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы бекітеді.

Сонымен қатар, дарынды балалардың Назарбаев зияткерілк мектептерінде оқуын төлеуге арналған «Өркен» білім грантын енді Назарбаев емес Тоқаев белгілейтін болды.

«Елбасы артық сөз». Қорғаныс университеті де атын ауыстырды

 ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің атауы да өзгерді. Оқу орны бұдан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті деп аталатын болады.

 

Медальдардың да атауы өзгерді


Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

«Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» деген медаль мен «Елбасы қорғаны» деген төсбелгі болған. Қыркүйекте медальдің атауын «Абыройлы қызметі үшін», ал төсбелгілі «ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің құрметті қызметкері» деп ауыстырды.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған жарлығында көрсетілген.

Қыркүйекте Назарбаев соңғы мемлекеттік лауазымынан айырылды


nazarbayev.kz

Нұрсұлтан Назарбаев басқарған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңесте жойылды.  Былтыр арнайы заңға толықтырулар енгізіліп, «басқарушы кеңес» деп аталатын қосалқы басшылықтың жұмысы тоқтатылды.

Осылайша, бұл Назарбаев айырылатын соңғы мемлекеттік лауазым болды.

Дегенмен, 30 жылды елді басқарған экс-президент ел алдына шығуды әлі тоқтатқан жоқ. 1 желтоқсанда екі тілдегі мемуарын кітабын шығарды.

 

Алмас Абылай
Бөлісу: