Нұрлан Өнербаевтың өмірлік ұстанымдары

30 Мамыр 2017, 14:22 12248

Әнші деген атты ел береді...

Нұрлан Өнербаев әнші, актер, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері. Өзінің қоңыр даусымен талайды тамсандырған, көптің көңілінен шыққан, халықтың сүйікті әншісіне айналған тұлға.

* Мен реалист адаммын. «Менiң қолымнан бəрi келедi» деп өзiмдi алдағым келмейдi. Əзiрге қолымнан келетiн iсiмдi атқарып жүрмiн. Халықтың өзiме деген құрметiн пайдаланып өтiп кетуiм де (Парламентке-авт.) ғажап емес. Бiрақ ол жерде ел аманатын орындай алмай жатсам, кiмдi алдағаным? Бiрiншi, өзiмдi, екiншi, маған сенген халықты алдағаным болып шықпай ма?

* Байлықты тек қаржылық дəулет деп есептемеу керек. Мен өте бай адаммын. Күпiрлiк болмасын, мен таршылық көрген адам емеспiн. Əке-шешемнiң алдында еркелеп жүрiп өстiм. Өнерге араласқалы берi менi, менiң өнерiмдi сыйлап, сыйласқан, өздерiне жақын тартып, туыс еткен, бауыр болған достарым көп. Қазақстанның қай түкпiрiне барсам да менi со-лар құшақ жая қарсы алады. Мiне, менiң ең үлкен байлығым да, дəулетiм де – осы. Егер маған қаржылай көмек керек болатын болса, қашанда достарыма арқа сүйеймiн.

* Мендегі ең басты ұстаным – ел ортасындағы әрбір іс-қимылыңа мұқият болу. Егер де менің шырқаған әрбір әнім халықтың жүрегінен орын алып жатса, онда әнші үшін өнердің шыңы деген осы. Менің жүрегім әрқашан да халықпен бірге. 

* Жұрт мені ғаламтордағы желіден емес, тірі концерттерден іздесе екен деймін. Елдің мені көп көре бермейтіні, бәлкім, жұрттың санасын ғаламтордың жаулап алғандығынан шығар. Кез-келген жерде жылтыңдау ыңғайсыз екені түсінікті шығар.

* Талмай еңбектенсең ғана ел ықыласына бөлене аласың. Әрі сенің дауысың да жұрт жадында сақталып қалады. Еліміздің қайсы бір шалғайдағы ауылына барсам да, барлығы дауысымнан-ақ танып жатады. Өнер адамы үшін мұның өзі зор қуаныш.

* «Театрдан эстрадаға ауысып кеткеніңізге өкінбейсіз бе?» деген сұрақтар жиі қойылады. Жоқ, мен ол үшін ешқашан өкінген емеспін. Өйткені, мен үшін қазақ өнерінің сахнасының бәрі бірдей. Қойылымды да, концертті де тамашалайтын сол бір көрермен. Оларды бөле жаруға болмайды. Әрі олардың әрқайсысының талғамы биік. Әрбір өнер иесі сол талғамнан табыла білсе, қазақ өнері өрге өрлей бермек.

* Кез-келген өнер иесі абырой-беделге оңайлықпен қол жеткізе алмайды. Бұл өз кезегінде ұзақ жылғы адал еңбек пен маңдай тердің нәтижесінде жүзеге асатындығы белгілі. Кезінде АҚШ президенті Авраам Линкольн: «Абырой бедел де азып-тозады» деген екен. Сол айтпақшы, абыройды иелену бар да, оны өз дәрежесінде ұстап тұру жағы тағы бар. Мәселен, өзім кейбір шоу бағдарламаларға қатысып, халықтың алдына орынсыз шыға бергенді құп көрмеймін.

* Әнші деген жұрттың көкейіндегісін дөп басып айта алатын, тыңдарманның іздеп, аңсап, сағынып барған әнінмен сусындата білетін, бір кеште жалғыз әнмен жылтың етіп емес, сол кешті өзі арқалап өткізе алатын мүмкіндікке ие болуы керек. 

* Мен жалпы шығармашылықтың адамымын. Қаншама жерде қызмет етсем де жеке шығармашылығыммен айналысуды тоқтатқан емеспін. Жұмыс істей жүріп, халық алдына шығып, ел аралап өзімнің жеке концерттерімді беріп жүрдім.

* Өз басым өнер жолына үлкен мектептен өту арқылы келдім деп толық айта аламын. Бұл тұрғыда жасқаншақтап, ешкімнің алдында кібіртіктемеймін.

* Сахнаға мен біреудің жобасы, не болмаса компьютер арқылы келгенім жоқ. Қазір екінің бірі сахнаға шығып, әнші болуға өте құмар. Менің түсінігімде әнші деген атақты, әнші деген атты ел береді. Қазіргі сахнада жүргендердің бәрі демесем де, басым бөлігі жоба, шоу жоба деп айтар едім. 

* Бір ән айтып сахнада өнер көрсетуге кез келгеннің шамасы жетеді. Киімін әдемілеп, түр-келбетін бояп дегендей сәттік қана сері болып көрінуге екінің бірі дайын. Ал, екі сағат бойы елді елең еткізбей, өзіңе елітіп ұстап отыра алатындай шамаң болса, сол кезде ғана сен әншілікке, яғни, елдің әнші деген атағына лайық болар едің деп ойлаймын.

* Менің түсінігімде әнші деген атақты, әнші деген атты ел береді.

Бөлісу: