Нұрлан Амангелдіұлы: АЭС – болашақтың валютасы

24 Қыркүйек, 16:10 814

Елімізде атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. АЭС-тен туындайтын қауіп пен ел экономикасына ықпал ететін артықшылықтары туралы көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтың жауабын Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қауымдастырылған профессоры, ядролық физика бойынша PhD Нұрлан Амангелдіұлы түсіндіріп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нұрлан Амангелдіұлы атом электр станцияларының көмір немесе газ станцияларымен салыстырғанда қоршаған ортаға шығаратын зардабы айтарлықтай аз екенін айтады.

Көмір қоршаған ортаға 300-400 мың тонна күл шығады. Оның құрамында күшән, кадмий, сынап, қорғасын секілді ауыр элементтер бар. Ұшқан күлден табиғатқа келетін зиян мөлшері көп болып тұр. Парниктік газ да өндіріліп, денсаулыққа да, табиғатқа да кері әсерін тигізеді. Ал газ электр станциялары Қазақстанда салынып, дами түссе артық етпейді. Тек біздің елде газ тапшылығы бар. Қазірдің өзінде газды Астана мен басқа өңірлерде тұрмыстық жағдайда ғана қолдануға болады, - дейді ол.

Ғалым бүгінгі таңда атом энергетикасы саласында көш бастап тұрған елдер мен олардың жетістіктерінің басты құпиясына тоқталып өтті.

Менің білуімше, Америкада 95 атом электр станциясы бар. Қытайда 56 станция бар. Қытайлықтар тағы 26 станцияны бір уақытта салып жатыр. Францияда да белсенді жұмыс істеп тұр. Ресейде 33-і салынған. Оңтүстік Корея ел де атом электр станциясының артықшылығын түсінген елдердің қатарында. Олардың көшбасшы елдерге айналуының да себебі осы мәселеге тіреледі. Атом электр станциясының экологияға тиімді екенін біледі. Оған қоса аталған елдерде электр энергияларын көп мөлшерде қажет ететін кәсіпорындар көп. Көлік өнеркәсібі, тұрмыстық заттарды өндіретін зауыттарды дамытып, экономиканың қарқынын күшейтіп жатыр. Мамандар Таразда бірнеше зауыт салынып, электр энергиясының болмауынан іске қосылмай тұрғанын айтып жатады. Сонымен қатар, дамыған елдер жетістікке жету құпиясымен бөлісе бермейтіні анық. Әр мемлекет өзінің АЭС салу технологиясын да аша бермейді. Біреуі кем, біреуі артық болуы мүмкін. Қазақстанға атом электр станциясы ауадай қажет. Бұл болашақтың валютасы деп айтылады. Кейде қарапайым адамдар «Германия АЭС салудан бас тартты ғой» деп анық-қанығын сұрап жатады. Германия жалғыз бір жатқан ел емес. Франция секілді алпауыттармен шекаралас. Ертеңгі күні көрші елдерден электр энергиясын аламыз деген жоспарлары бар. Біз электр энергиясына қажеттілік туындағанда қай елден аламыз? Осы мәселенің де шешімі – АЭС салу, - дейді Нұрлан Амангелдіұлы.

Сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша жасалып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу, оны қайтадан отын ретінде қарастыру mox деп аталады. Мокстың ішінде әртүрлі басқа элементтерді қосу арқылы екінші реттік отынға айналдырады. Ол қазіргі уақытта Курчатов қаласында Жапония мен Қазақстан мамандарының бірлескен тәжірибесінде көрсетілді. Алғашқысы сәтті аяқталды деуге болады. Әлі де осы бағытта бірнеше эксперименттер жасалады. Бүгінгі таңда уранмен (мокс) жұмыс істейтін атом электр станциясы жоқ, ол тәжірибеде жүзінде зерттеліп жатыр, - дейді ядролық физика саласының PhD маманы.

Қазақстанда атом электр станциясын салған жағдайда өнеркәсіп пен өндірісті жолға қоюға болатынын атап өтті.

Болашақта Қазақстанда алғашқы атом электр станциясы салынып, өзіміз эксплуатацияны жасап үйренгеннен кейін екінші, үшінші станциялар салынатын шығар. Оның бәрі қаражатқа әкеліп тіреледі. Америка, Қытай атом электр станцияларын дамытуды жолға қойған көшбасшы елдердің қатарында. Экономиканы дамыту үшін соған сай өндіріс те керек. Ал өндірісте электр энергиясын өндіру мәселесі бірінші орынға шығады, - дейді маман.

Қауіпсіздік тұрғысынан жаңа буындағы реакторлардың жұмысы жоғары нәтиже беріп отыр. Айтуынша, соңғы ІІІ және ІІІ+ буындағы реакторлардың апатты жағдайда өзін-өзі залалсыздандыру процесі жүзеге асады.

Жаңа технология бойынша Бірінші буын реактор, екінші буын, үшінші буын, 3, 3+ деген буынды реакторлар салынып жатыр. Олар бірінші буын мен екінші буында кеткен қателіктерді қайталамау үшін жаңа заманауи инновациялық технология қолданылып жатыр. Олар қауіпсіздік деңгейі бойынша екі түрге бөлінеді. Активтік және пассивтік қауіпсіздік деп аталады. Активтік қауіпсіздік арнайы операторлар мен реттеуші стержень арқылы бақыланады. Олар реактордың жұмыс істеу режимін тоқтатады. Пассивтік қауіпсіздік кезінде ешқандай операторсыз, автоматты түрде датчиктің көмегімен іске асырылады. Ондай кезде реактор өздігінен суытылып, салқындатылады. Болашақта жылдам нейтронды реактор және термоядролық реакторларды сала бастайды. Жылдам нейтронды реакторлардың отыны қалай дайындалады деген сұрақ туындайды. Қазіргі аэс-тен шығып жатқан отынды басқа элементтер қосып, екінші рет жылдам нейтронды реакторларға пайдалануға болады. Мұндай төртінші буын реакторлар қазір зерттеліп жатыр. Ешқандай мемлекетке салынған жоқ. Мұндай реакторлар 2030 жылдан бастап салынады деген жоспар бар. Термоядролық энергетика дегеніміз токамак технологиясы зерттеліп жатыр. Ол – болашақтың энергиясы. Оның қашан жүзеге асып, іске қосылатыны белгісіз, - дейді Нұрлан Амангелдіұлы.

Ядролық физика маманы басқа энергия көздерімен салыстырғанда ядролық энергетикамен байланысты тәуекелдерге баға берді.

Басқа энергия көздерімен салыстырғанда тәуекел бар. Мысалы, күн және жел электр станцияларын мысал ретінде алсақ атом электр станциясында қауіпсіздік шаралары өте жоғары деңгейде сақталуы тиіс. Халықтың радиация деген ұғыммен таныс екені анық. Ол радиация арнайы қорғаныстың ішінде болады. Сол жердегі негізгі белсенді аймақтың сыртқы қорғаныс қабатының қалыңдығы 1 метрді құрайды. Осы қалыңдықтан ешқандай радиация сыртқа шықпайды. Кейін реактордан шыққан ядро қалдықтарын арнайы бетон капсулаға салып, бассейнге сақтап қояды. Қажет болған жағдайда екінші рет пайдаланады. Фокусимо мен Чернобыльді қазіргі электр станцияларымен салыстыруға келмейді. Фокусимода жер сілкінісі болып, екінші буынды реакторды су алып кетті. Сол кезде реактордың реттеуші стержендері істен шықты. Физика тілімен айтқанда, нейтрондар шығып, уранға тиіп, тізбекті реакциялар болды. Сол реакцияны тоқтата алмағандықтан реактор еріп, төмен қарай түсті. Дәл осы Фокусимодағы жағдайдан кейін қазіргі үшінші, үшінші+ буын реакторлар пассивтік қорғаныс жүйесін қамтамасыз етеді. Реактор қызған кезде автоматты түрде белгілі бір температурадан асқанда салқындатады. Ол жерде екі түрлі пассивтік қорғаныс түрі жұмыс істейді. Біріншісі –бірнеше тонна бор қосылған сұйықтық дайын тұрады. Осы сұйықтық реактордың ішіне құйылғанда салқындау процесі басталады. Екінші қорғаныс түрі – реактордың астында қорғаныс тұзағы болады. Реактордың ішіндегі белсенді аймақтағы уран еріп, төмен түскенде цементтен құйылған спираль тәрізді тұзаққа құйылып, салқындатылады. Чернобыль І+, ІІ буынға сәйкес келетін реактор. Ол жерде эксперимент кезінде оператор қателік жібереді. Пассивтік қорғаныс жүйесі жоқ болған. Ал жаңа заманауи ІІІ+ реакторлары эксперимент жасауға арналмаған. Электр энергиясын өндіру мақсатында салынады, - деді Нұрлан Амангелдіұлы.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: