«Нұр жол» автомобиль өткізу пунктіне 69 млрд теңге жұмсалды

23 Қараша 2022, 12:59 1420

«Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті 2018 жылы пайдалануға берілді

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz.

«2018 жылы Қазақстан-Қытай шекарасында мемлекет пен жеке әріптестік механизмі арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде орналасқан жаңа «Нұр Жолы» автомобиль өткізу пункті пайдалануға берілді. Өткізу пункті Орта Азиядағы ең ірі және технологиялық жағынан озық. Құрылысқа арналған инвестициялық шығындар шамамен 69 млрд теңгені құрады», - деді ол.

Күнделікті 2,5 мың көлік, оның ішінде 2200 жүк көлігі мен 300 автобус пен жеңіл автомобильдер қатынайтынын атап өтті.

«Соңғы 4 жылда өткізу пунктінен 209 432-ден астам көлік құралдары өтті, 223 356 млн теңгеден астам кедендік баждар мен салықтар түсті. Бұл ескі «Қорғас» өткізу пунктімен салыстырғанда 4 жыл ішінде көлік саны 1,6 есе өсті, төлемдер түсімі 546,6%-ға артты», - деді Бақытжан Слямов.

Миражан Махан
Бөлісу: