20 Қыркүйек 2014, 10:32
Қатты жауын жауып, күн күркіреген түндердің бірінде басынан аяғына дейін су болған Қасеннің үлкен ұлдары күлімдеп үйге кірді. Қолтығынан күшікті суырып алып, оны қасқыр елтірісінің үстіне сала салды. Разы болған олар жылы төсектеріне жата қалып, тез ұйықтап кетті.
Ертесіне үйді жинап жүрген шешелері ұйықтап жатқан күшікті көріп қалды. Ол қыңсылап, тұмсығын қасқырдың елтірісіне тыққылап, ояна алмай жатты. Шешелері ұйықтап жатқан ұлдарын ұрсып қоя берді:
- Үй, ұйқыбастар! Мына томпақты қайдан алдыңдар? Қарай көр өзін, - деп сөйлей жүре, ол балаларының су болған киімдерін жинай бастады. Киімдерді аулада іліп болған соң, ол сәкіде отырған балаларының әкесіне қарап:
- Естіп тұрсың ба, Кәке, сенің жүгермектерің түнде бір жерден күшік алып кепті.
- Жарайды, тек сенің тауықтарыңды тасып жүрмесе болғаны - деп, әншейінде қатал жүретін әкелері күле салды.
Сөйтіп кішкентай күшік үлкен отбасында қалды. Бірнеше түн бойы Нун-на қыңсылап, ал күндіз қасқырдың елтірісімен ойнады. Ақыры ол далаға шықты. Бәрі де оған беймәлім болғаннан соң, айнала-төңірегін тіміскілей бастады. Тауықхананы айналып шығып, Нун-на бір кезде шаңқылдап, қысқа құйрығын қысып алып, үйге қарай қаша жөнелді. Артынан оны қоңыр-алтын түсті үлкен әтеш қуа жөнелді. Нун-на үй ішіне жүгіріп кіріп, кенеттен кері бұрылды да, артынын ерген қуғыншыға үре бастады. Мұндайды күтпеген әтеш есік алдына тоқтай қалып, құтырған бурадай қытқылдап, басын шайқап, тырнағымен жер қазды. Айналада бәрі сап тына қалды. Сол күні Нун-на құйрығындағы азулы әтеш қалдырған жараны жалап, үйден алыс шықпады.
Бірнеше ай өтті. Нун-на өсіп, аулада емін-еркін жүгіріп ойнайтын болды, бірақта кей-кейде құс қораға қарап, азулы әтеш жаққа көз салып қоятын.
Күздің бір күнінде өсіп қалған Нун-на Кәкенің атқа мініп аң аулауға шыққан үлкен ұлдарының соңынын ілесіп кетті. Күні бойы ол атқа мінгендердің артынан жүгіріп, кешке қарай шаршап, қайта-қайта тоқтап, аттағыларға ілесе алмай қалды. Ақырында ұлдар оны өзімен бірге ат үстіне алды. Үйдің алдында оларды әкелері күтіп алды.
- Бос келе жатқан жоқсыңдар-ау деймін, - деп риза болған әкелері айтқанша болған жоқ, аттың үстінде салбырап келе жатқан Нун-на жерге сырғып түсті.
- Тьфу! Мен сендерді сайғақты әкеле жатырма десем, - деп әкелері қолын бір сілтеп, үйге кіріп кетті.
Сөйтіп бірінен кейін бірі екі-үш жыл өте шықты. Нун-на өсіп, кішкентай ойнақы күшіктен үлкен қызыл-тұмсықты төбетке айналып шыға келді. Ол аулада алшаңдай басып жүретін болды, оның үлкен бойы мен қатты арсылы келген адамға үй иесін қақпа қасында күтуіне тура келтіретін болды.
- Жақсы ит – деп, әкесі итті шоқтығынан жиі қағатын.
Бір күні шешелері әкесіне шағына бастады:
- Кәке, соңғы уақытта тауықханадан жұмыртқалар жоғала бастады, - деп Зертай итке қарай сенімсіз қарады.
- Әй, Зәке! Ондай ойды қой! Ол аса тұқымды, ондай ұрлыққа баруы мүмкін емес, - деп, әкесі Нун-наға жылы көзімен қарады.
- Қандай тұқымды екенін білмеймін, бірақ жұмыртқалар жоғалатын болып жүр, - деп, Зәке бұрқылдағанын жалғастырды.
Өзі туралы сөйлеп жатқанын сезіп, Нун-на жылы орнынан тұрды. Арқасын майыстырып керіліп, мықты аяқтарын алдыға созып , ірі тісті жағын ашып есінеп, ойланғандай боп қораны айналып шығып кетті.
- Әне, көрдің бе, Зәке, оны сенімсіздік көрсетіп ренжіттің, - деп, әкесі үстелден тез тұрып кетіп қалды.
Бірнеше күн бойы Зәкенің сенімсіздікпен ренжіткен сөзінен кейін Нун-на бұқпалақта отырып алып, тауықхананы бақылауға алды. Бірде үйдегілердің бәрі кетіп қалып, үйді Нун-наның бақылауына қалдырған күні, мынадай оқиға болды.
Зертай фермадан үйге келсе, ит ешқайда жоқ болып шықты.
- Ол бүгін таяқ жейді, үйді қараусыз тастағанын қарашы, - деп, Зәке ұрса бастады
Бір кезде тауықхана жақтан иттің ырылдаған дауысы естілді. Тауықханаға кірген Зәке бұрышта екі бетін алақанымен жауып алған көршісін көрді. Төбет оның екі иығына өзінің ауыр аяқтарын асып қойып, әрбір қимылына ырылдап тұр екен. Аяқтың астында шашылған жұмыртқамен себет жатты.
- Нун-на! Келе ғой мында, айналайын! – деп, Зәке жалбаңдап, ақырындап итті көршінің иығынан тартып алды.
Иттің құрсауынан босаған көрші, тізесіне құлап жылап жіберді:
- Кешір мені, Зәке. Сенің әппақ жұмыртқаларыңнан екеуін қамыр жасау үшін алайын деп едім, бір кезде мына алып пайда болды. Қорқыныштан өліп кете жаздадым, осылай тұрғаныма бір сағаттан асты, - өксігін баса алмаған көрші көз жасына булықты.
- Жарайды, жарайды, бәрін ала бер, тек жылама, ал біздің итімізді кешір, - өз-өзін күлкіден әрең тоқтатып, Зәке көршісін ішкі қақпаға дейін шығарып салды.
Кешке қарай отбасының барлығы дастархан басына жиналған кезде, шешелері күндіз болған оқиғаны айтып берді. Бәрі де өле-өлгенше күліп, балалар күлкіден жер сырғанады. Сөйтіп Нун-на Зәкенің құрметі мен сенімін жеңіп алды.
Көктемде малды жайлауға айдағанда, Нун-на артта қалған қойларды ебімен қайырып отырды. Төбеттің туа біткен қой бағушылық қасиеттеріне таң қалған қойшылар бірнеше рет Кәкеге сөз салды:
- Бұл оның қанында ғой, Кәке! Бізге итіңді сатшы. Біз саған он-он бес қой береміз!
- Жүз қой берсеңдер де, оны сендерге бермеймін, - деп, әкесі абдыраған шабандарға қарқылдай күлді.
Жайлауға жеткенше екі асудан өтті. Малды жіберіп, шабандар тамақ әзірлеуге кірісті. Бір сәтте:
- Қасқыр! Қасқыр! Әне қашып бара жатыр! – деп, жас шабан саусағымен нұсқады.
Иттердің арсылынан қасқыр құйыршығын қысып қаша жөнелді. Қуғындарға жиі-жиі бұрылып қарап, ол ағынды өзенді тез өтті де қашуын жалғастырды. Оны қуалаған иттер гүрілдеп аққан өзеннен қорқып тоқтады да, қашқан қасқырдың артынан үрулерін жалғастырды. Сол жерде тұрған адамдардың көргіш біреуі айқай салды:
- Әне, қараңдар, Қасен ағаның иті өзенді өтті, қасқырды қуып жетіп қалды!
Қасқыр үлкен емес, бөлтірік еді. Ол тау жаққа қаша жөнелді. Нун-на қуып жеткен кезде, ол кенетттен бұрылып ақ тістерін ақситқанымен, онысынан ештеңе шықпады. Қасқырдан қорықпайтын Нун-на оны бірден жерге құлатып, тамағын өзінің мықты тістерімен ебімен қамтып алды. Табанының астынан кішкентай дірілдеген денені және тұншығып жатқан бөлтіріктің сырылдауын сезіп, Нун-на кенеттен алыстағы балалық шақтың иісін есіне түсірді. Көп уақытқа дейін баспана болып, өсіп келе жатқан тістеріне ойыншық болған, ескі жылы терінің иісі. Кенеттен еске түскен алыстағы ұмытылған мейірімді естеліктер тірі қасқырдың баласына аяныш оятып, ол қарысқан жағын ашты. Есін жиған бөлтірік үстінен төніп тұрған алыпқа өзінің жауы мен құтқарушысын есіне ұстап қалғысы келгендей ұзақ қарады. Ол ақырындап Нун-наның астынан сытылып шықты. Жеңілгенімен де тірі қалған қасқыр құйрығын қысып, аршаның қалың шеңгеліне кіріп тез жоқ болды.
Осының бәрін көріп тұрған көп адам Нун-наның бұл қылығын әр-түрлі саққа жүгіртті.
Нун-на өзенді қайтіп кесіп өтіп, асықпай кейін оралды, бұл сәтте оның көзқарасы өмір мен өлімнің қырын сезгендей өте мазмұнды еді. Оны күтіп тұрған ит үйірі әрқалай қарсы алды. Ұрғашы иттер қасында жүгіріп құйрықтарымен ойнақтап, бетін жалады, еркек иттер жанында тұрып, оған қызғана қарап, үйірдің жетекшісі екенін мойындап, құйыршықтарын мақұлдай қозғады.
Сол түні олардың маңайында көп адам жиналды. Олар таң атқанша Нун-наның оғаш ісін әңгімеге айналдырды. Тек Қасен мен оның сенімді төбеті тырс-тырс етіп ағаштан жалындай шыққан оттың тіліне қарап, үн қатпай алаудың жанында жатты.
Бір күннен кейін жайлаудағы табыншылар құрық салмаған аттарды таңдай бастады. Жас тайды арқандап алғанымен, оған жүгенді қалай салып, ертоқымды қалай кигізерлерін білмеді. Жас тай маңайына жолатпады, оның күшін мойнындағы арқан да бағындыра алмады. Кәке шыдамсыз кібіртіктеп, өзіне қарайлай берген төбетіне мақұлдаған ым берді.
- Айдақ!
Айтақты күткен төбет жүгірген бойда тайдың құйыршығынан сап беріп, бірнеше рет тартып қалып, жерге бастырды. Мұндайды күтпеген ат сырылдап, кейін шегініп, дірілдеген аяқтарымен тәлтіреңдеп тұрып қалды. Табыншылар қорқып қалған тайға дереу жүген кигізіп, ертоқым сала қойды. Кәкенің бұйрығымен Нун-на тайдың құйыршығын босатып, иесінің жанына қайта оралды. Төбеттің күші мен ақылдылығына тәнті болған көпшілік таңдайларын қақты. Табыншылар бірнеше рет төбетті сатуын өтініп Кәкеге жабысса да, ол ешкімге көнбеді. Қасен өз қойларын басқа табынға қосты да, өлеңдеткен бойда жайлаудан ауылға түсті.
Үйде оны қаладан келген қонақтар, дәлірек айтқанда этнографиялық экспедиция күтіп отыр еді. Ол өзінің жабырқау түріне қарамай, бірнеше күн бойы жас ғалымдармен әңгімелесті Ұмыт болған мерекелер жөнінде әңгімелеп, ескі ұмытылған сөздердің мағынасын түсіндірді. Жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді бір кітапқа жетерлік етіп айтып берді. Ғалымдар зейін сала тыңдап, оның айтқандарын дәптерге жазып, таспаға түсіріп алды. Ақсақалдың қазақ иті төбет туралы білімінің тереңдігі соншалық, тіпті ауыл ақсақалдары таң қалып, таңдай қағатын. Керекті деректерін жинап алған ғалымдар, бірнеше күннен кейін жиналып, қоштаса бастады:
- Кәке, барлығына да көп рахмет, егер құпия болмаса айтыңызшы, төбетіңіздің аты неге оғаш?
- Мұның ешкандайда құпиясы жоқ, оны үйге әкелген кезде кіші баламның жасы екіде ғана болатын, күшікті көре салысымен «Нун-на», «Нун-на» деп сөйлеп кетті. Содан осы сөз төбеттің аты болып қала берді- деп, әкесі қызарақтаған кіші баласына қарады. Ол болса өзінің сүйікті төбетінің қасында, құлағын қасып тұрды.
Нун-на сонан соң да бірнеше жыл бойы Кәкеңмен аңға, жайлауға бірге шығып жүрді. Төбеттің таң қалдырар қылықтары жөнінде талай аңыздар мен болған оқиғалар ауыздан-ауызға таратылып айтылып жүрді.
Кейіннен Кәкенің үлкен балалары оқуға кетіп, қалада қалып қойды. Кіші балалары өсіп, әкелеріне қолғанат болды. Кешкі уақыттарда дастархан басында жалғыз қалған қариялар балаларының қылықтарын еске түсіріп, сағынып отыратын. Бір күні шешесі былай деді:
- Кәке, біздің төбет қартайған-ау, үргенді қойды, үнемі ұйықтайды, жас төбет өсіру керек шығар?
- Тәйт, кәрі қақпас, тіліңді тарт!-деп, әншейінде байып сақтайтын әкесі күрт тиды.
Бірнеше күннен соң, әскерге шақыру қағазын алған кіші баласы үйге бір кішкентай күшік әкелді. Күшік жылпылдап, өзіне таңдана қараған Нун-наға үре бастады. Нун-на оны иіскелеп, тұмсығынан бір жалаған соң, өзінің қаны екеніне көзі жетті. Алғашқы күндері Нун-на тынымсыз күшіктен қашқақтап жүрді, қайта-қайта өзіне күшік жабыса берді – бір нәрсе білгісі келді ме, әлде әкелік қамқорлық іздеді ме. Бірақ көп уақыт өтпей, олар тіл табысып кетті. Нун-на орнынан тұрған кезде, ойыншыл күшік ырылдап, аяғына жабысатын. Төбет одан қашса, күшік артынан жүгіріп, үлкеннің білгендері мен әдеттерін бойына сіңіре берді.
Бір күні Кәкенің үйіне табыншы келді. Шай ішіп болып, өткен-кеткендерді есіне түсіріп бола бере, кәрі табыншы жанында жатқан төбетке көңіл бұрды.
- Иә, Кәке, біз ғана емес, итіміз бен аттарымыз да бізбен бірге қартайды-ау.
- Шарап қана жылдан-жылға күш жинайды, құрдас! – деп Кәке қабағын түйді.
- Тек жақсы ит қана өлімін иесіне көрсетпейді, - деп, терлеген тақыр басын алақанымен сүртіп, ақ киіз қалпағын басына іліп, табыншы үй иелерімен қоштасты да, ақырындап атының басын жайлауға бұрды.
Әлде төбет айтқан әңгімені түсінді ме, әлде уақыты келді ме, Нун-на орнынан тұрды да бұрма жолға бағыт алды. Күшік бұрынғыдай артынан тұра жүгіріп еді, Нун-наның сақтандырған ырылынан соң, қыңсылап ауылда қалды. Нун-на табыншыны тез қуалап жетіп, артынан кетті.
Табыншы бірінші өткелден өтіп, түнеуге тоқтаған кезде ғана Кәкенің төбетін байқады.
- Сен мұнда қалай келдің, а?- деп, ақсақал аң-таң қалды. Оның сөзіне мән бермеген Нун-на, жатып алып алыстан жылтыраған ауыл шамдарынан көз алмады.
- Мә, ал, әйтпесе аштан өлесің, - деп, ақсақал төбетке бір түйір суық ет тастады. Ол болса тырп етпестен, ауыр басын алдыңғы аяғына салып, жабырқау көздері жасқа толды.
Түнде ақсақал ұйықтап кетті. Аспанда ай шықты. Нун-на ауырлап тұрып, өзен жаққа бет алды. Өзен тыныш ағып жатты, тек түскен ай сәулесінен оның беті қатарлап жүзген күміс балықтарша жылтырап жатты.
Нун-на суға кірді де, кішкене тұрған соң, ағынға қарсы бет бұрды. Ол бірнеше рет тастарға сүрініп, басынан аса суға кірсе де, қайта күшін жинап тұрып, ары қарай жүре берді. Өзен жағалаулары жарға айналып, әр жерде көлеңкелер пайда бола бастады. Ол басын көтеріп, өзіне қарап тұрған үш қасқырды көрді. Ай жарығында ірі жетекші қасқырдың таныс сары көздері төбетке қарап тұр еді. Оның жанындағы қасқырлар сілекейлерін жұтып, ұли бастады. Бірақ жетекшінің ырылы оларды орнынан қозғалтпады.
Нун-на басын төмен салып, аз қалған жолын жалғады. Төмендеу жағалауға жеткен соң, ол суық өзеннен жағаға шықты. Үстіндегі судан сілкінбей, артына бұрылып қарады. Қасқырлардың кеткенін көріп, ол асықпай үлкен тастың артына кіріп жоқ болды. Бұдан былай оны ешкім көрген жоқ.
... Өзен жаңа өмірді өзіне қосып алып, тастармен шуылдап, ескі арнамен аға берді.
Авторы: Мухтар Гунн
Мақала tobet.kz cайтынан алынды