Нүкенованың өлімі: ІІМ вице-министрі тергеудің әділдігіне күмәнданған туыстарына жауап берді

16 Қараша 2023, 11:25 997

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованың туыстары марқұмның жерлеу рәсімінен соң тергеудің әділ өтетініне күмәнданатынын жеткізген.

Олардың айтуынша, қылмыстық іс қозғалғалы бері бірнеше күннің ішінде үш тергеуші ауысып, желіде түрлі бұрмаланған ақпарат тарап жатыр. Марқұмның жақындары әділдікті талап етуде. Бұған ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл еш шындыққа жанаспайды. Бірінші күні тергеу орнына кезекші тергеу тобы шығады. Бірақ ол іс тапсырылған тергеу тобы емес. Ертеңінде іс нақты бір тергеу тобына тапсырылады. Осы іс тапсырылған тергеу тобы істі соңына дейін жеткізеді. Бір ғана тергеуші тергемейді. Бір топ болып, бірнеше тергеуші істі ашуға қатысады, - деді ол.

Айта кетейік, көз жұмған әйелдің туыстары желіде тараған жалған ақпараттар мен түсініктемелер тергеудің белгісіз жағдайда, тыныш өтуіне әсер етіп жатқанын жазды.

Олар жағдайды тыныштандырып, жұмсартуға тырыса ма деген қорқыныш бар. Қандай себептермен екені белгісіз, іс ашылғаннан бері үш тергеуші ауысты. Бұл ретте ескі тергеушілер жаңаларының нөмірін де бермей, тіпті қоңырауларға да жауап бермейді, - делінген жазбада.

Жақындары мұның аса қатыгездікпен жасалған қылмыс екеніне сенімді.

Марқұмның туыстары желіде тараған түрлі ақпараттарға сенбеуге шақырды. Айтуынша, бұл күдіктіні ақтап, істі тезірек жабу үшін әдейі жасалауда. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары қазір еңсені көтеріп, тергеудің соңына дейін әділ өтуі үшін күреспек.

Еске сала кетейік, 9 қараша күні бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін өлімші етіп сабап өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. Ол 2 айға қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: