NU-да кітапхана саласындағы әлемдік сарапшылар жасанды интеллектті енгізу мәселелерін талқылады

29 Мамыр, 19:52 302

Жасанды интеллектті енгізу, бірыңғай автоматтандырылған кітапхана жүйесі, арнайы топтамалар арқылы мәдени мұраны дәріптеу – осы және басқа да тақырыптар NU қабырғасында Халықаралық кітапхана қауымдастықтары федерациясымен (IFLA) бірлелестікте өткен XIII Еуразиялық академиялық кітапханалар конференциясында талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияға АҚШ, Канада, Қытай, Ресей, Финляндия, Малайзия, Португалия және тағы басқа елдерден келген сарапшыларды қосқанда, 200-ден астам адам қатысты. Сондай-ақ шарада Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген кітапханашылар болды. Конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының қолдауымен өтті.

Еуразиялық академиялық кітапханалар конференциясы жыл сайын өтеді. Биылғы конференция тақырыбы – «Бірігу, ынтымақтастық және жасампаздық: мамандық болашағының кепілі ретінде кітапхана қауымдастықтары мен серіктестіктерін дамыту».
Конференцияның ашылу салтанатында бірінші болып NU кітапханасының директоры Джеральд Кавана, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ IFLA Кітапхана қауымдастықтарының менеджменті секциясының басшысы сөз сөйледі.

«Біздің мақсатымыз – кітапхана ісі мен ақпаратты басқару саласындағы көшбасшыларды Қазақстанда жинау. Қазір – біз үшін маңызды уақыт, өйткені алдымызда жасанды интеллекттің дамуына байланысты зор мүмкіндіктер мен көкжиектер ашылуда. Кітапхана саласы осы өтпелі кезеңнің шешуші факторы болып отыр», — деді NU кітапханасының директоры Джеральд Кавана.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова қазақстандық кітапхана ісінің проблемалары туралы айтып берді, атап айтқанда, мамандардың жалақысы төмен, сондай-ақ кітапхана мәртебесін көтеру қажет: «Бүгінгі таңда кітапхана заң бойынша мәдени ұйым саналады. Алайда кез келген кітапхана іс жүзінде білім беріп, ағартушылық қазмет атқаратынын ескеру маңызды. Сондықтан бұл фактіні мойындап, кітапханалардың мәртебесін білім беру деңгейіне көтеру керек, бұл қолдау көлемін арттырады», — деді Г. Жарасова.

Өз кезегінде IFLA Кітапхана қауымдастықтарның менеджменті секциясының басшысы Лойда Гарсия-Фебо секцияның бүкіл әлем бойынша жетістіктерімен бөлісіп, конференция қатысушыларына алдағы күндерге сәттілік тіледі: «Көптеген жыл бұрын біздің секция әлемнің арғы жағындағы Панамада конференция өткізген болатын. Ал бүгін біз Орталық Азияға, Астанаға келіп қалдық. IFLA Кітапхана қауымдастықтарының менеджменті секциясының мүшелері шетелде өте белсенді, өйткені біздің мақсатымыз – бүкіл әлемдегі кітапхана бірлестіктері арасындағы байланысты нығайту. Осы конференция мағыналы диалог, жемісті ынтымақтастық пен трансформациялық өзгерістердің катализаторы болсын», — деді ол.
Конференцияның бірінші күні жемісті өтті. Брюссельдегі БҰҰ-ның өңірлік ақпарат орталығының директоры Шерри Альдис кітапханалардың БҰҰ-мен ынтымақтастығы туралы айтып берді, ал ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева Large Language Model (LLM) жобасы және оның дамуындағы кітапханалардың рөлі туралы ақпаратпен бөлісті. Одан кейін IT-маман және кітапханашы Нұржан Жолдыбалин қатысушыларға Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық ақпарат жүйесін таныстырып, оның артықшылықтары мен перспективалары туралы айтты.
Екінші күні Үндістаннан келген Хузефа Гадиали арнайы топтамалар арқылы мәдени мұраны дәріптеу тақырыбын қозғады. Сондай-ақ осы күні Финляндия кітапханалары қауымдастығының бас хатшысы баяндама жасап, осы саладағы стратегиялық жоспарлау әдістерімен бөлісті. Үшінші күні АҚШ пен Қытайдан келген сарапшылар өз білімдері және тәжірибелерімен бөлісті. Соңғы спикер ретінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова сөйледі.
Шара қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова алған әсерлерімен бөлісті.

«Мен бұл конференцияға бірінші рет қатысып отырмын. Мен кітапхана ісі туралы қарапайым баяндамалар жасалады деген оймен келдім, алайда оған қоса жаһандану жағдайындағы әлеуметтік мәселелер, жасанды интеллект талқыланды, спикерлер тіпті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына, бала тәрбиесі мәселелеріне және осылардың барлығының біздің жұмысымызбен байланысына тоқталып өтті», — деді ол.

Сонымен қатар Анар Жаппарқұлова Шымкент кітапханалары үшін семинар өткізу туралы жоспарымен бөлісті:

«PhD докторанттар Scopus журналдарында мақала жариялауы керек екені бәріне мәлім. Өкінішке орай, біз тек базада бар еңбектерді ғана ұсына аламыз. Алайда мен кеше өткен көрмеде осындай рейтингі жоғары журналдарға қалай мақала жариялау керектігі туралы қызықты сілтемелер алдым. Шымкентке қайтқаннан кейін өз қаламдағы кітапханалардың басшыларын жинап, олармен алған біліміммен бөліскім келеді. Осылайша, біз өңірлік жоғары оқу орындарының докторанттары мен профессор-оқытушылар құрамының ғылыми еңбектенуіне көмектесе аламыз», — деп қорытындылады XIII Еуразиялық академиялық кітапханалар конференциясына қатысушы.

Үш күн бойы негізгі сессиялармен қатар, кітапханашыларға ақпараттық қызметтерді ұсыну кезінде жасанды интеллектті пайдалану бойынша қазақ және ағылшын тілдерінде шеберлік кластары өтіп отырды.
Анықтама: NU кітапханасы 2010 жылы құрылған және бүгінгі таңда Орталық Азиядағы ең озық кітапханалардың бірі. 2018 жылы ол оқырмандарына 24/7 режимінде есігін ашқан алғашқы университеттік кітапханалардың бірі болды. Оның қорында 200 мыңға жуық материал бар, олардың ішінде қағаз және электронды кітаптар, микрофиштердегі және DVD-ROM-дардағы материалдар бар. Олардың басым бөлігі – ағылшын тілінде.

Перизат Саденова
Бөлісу: