Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен болған аппарат жиынында өңірдегі жұмыссыздықтың алдын алу жайттары пысықталды, деп хабарлайды EL.KZ Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында сөз алған Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопановтың айтуынша, биылғы 9 ай қорытындысы бойынша облыста 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде инвестициялық және ұлттық жобалар аясында жобалар аясында 778, ұлттық жобалар аясында 8 919 жұмыс орны.
Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталықтарына 34 мыңнан астам адам хабарласып, 22 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 3 900 адам жолданып, 653 адам жаңа бизнес- идеяларды іске асыруға 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар алды. Дегенмен, жұмыспен қамту бойынша көрсеткіш төмен аудандар да бар. Олар Ақтау, Жаңаөзен қаласы және Бейнеу ауданы, - деді басқарма басшысы.
Аймақ басшысы жұмыссыз азаматтардың көбеюі жұмыс жоқ дегенді аңғартпайтынын, сондықтан жұмыссыздықты шешудің оңтайлы жолдарын тиімді пайдалану керек екенін жеткізді. Ол үшін тұрғындарды шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, туризм сияқты салалардағы жұмыспен қамту мүмкіндіктері жайлы құлағдар ету керек.
Жиында көтерілген тағы бір мәселе – азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаеваның айтуынша, аймақта биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында 436 меморандум жасалған.
Президентінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарымен бірлесіп, сауда базарларындағы 11 кәсіпкерге және 2 супермаркет иелеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауараларына үстеме ақысын асырғаны үшін әкімшілік ескерту хаттамалар толтырылған. Маңызды азық-түліктердің бағасын тұрақты ұстау мақсатында қосымша 1,6 млрд теңге бөлінген. Тұрақтандыру қорында және «айналым механизмі» бойынша барлығы 7,7 мың тоннаны құрайтын 16 түрлі тауардың қоры қалыптасқан.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша Президент тапсырмалары нақты, дұрыс орындалуы қажет екенін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.