Нидерландының Қазақстанға салған инвестициясы $100 млрд-тан асты

16 Ақпан 2023, 16:27 1330

Налдвейк қаласының «World Horti Center» халықаралық бау-бақша орталығында ресми тұлғалар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Нидерланды инвестициялық дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қонақтарды Вестленд муниципалитетінің мэрі Бауке Арендс, «World Horti Center» директоры Пак ван Холстейн, «Dutch Greenhouse Delta» директорының міндетін атқарушы Мирьям Бокестейн, сондай-ақ Нидерланды Корольдігінің Ауыл шаруашылығы, табиғат және азық-түлік сапасы министрлігінің Бас хатшы Ян-Кис Гет және арнайы елші Фредерик Воссенар қарсы алды.

Вестленд муниципалитетінің мэрі Бауке Арендстің айтуынша, Қазақстан мен Нидерланды соңғы отыз жылда саяси, экономикалық және мәдени салаларда берік және сенімді ынтымақтастық орнатты. Елдер агроөнеркәсіптік, геологиялық барлау, тау-кен өндіру, металлургия және электротехника салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды кеңейту үшін зор мүмкіндіктерге ие.

ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев Нидерланды Қазақстан экономикасына салған инвесторлардың көшін бастап келеді деді. Соңғы 30 жылда тікелей инвестициялар шамамен $110 млрд құрады және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Нидерланды Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. Сонымен қатар, соңғы жылдары сауда көлемі тұрақты өсуде. Бүгінде қазақстандық нарықта голландиялық капиталы бар 900-ден астам компания жұмыс істейді.

Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов таныстырды. Қазақстанның Еуразия орталығында стратегиялық орналасуы, табиғи ресурстардың көптігі, өндірістің тиімділігі және қолайлы инвестициялық ахуал экономиканың түрлі секторларында, әсіресе агроөнеркәсіптік кешенде жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміз мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын, қолжетімді және білікті жұмыс күшін ұсынады. Сондай-ақ, ірі әлемдік нарықтарға шығу басты артықшылықтардың бірі болып табылады, деп атап өтті ол.

Нидерланды 2021 жылдың қорытындысы бойынша Еуроодақтағы ең ірі және әлемдегі екінші (АҚШ-тан кейін) ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік экспорттаушы мәртебесін сақтап қалды. Бұл туралы нидерланды тарапынан «Dutch Greenhouse Delta» директорының міндетін атқарушы Мирьям Бокестейн мен «Naktuinbouw» фитосанитариялық қызметі Бас хатшысының орынбасары Марко Хоффман айтты. Қазақстанда бизнесті дамытудың қаржы құралдары туралы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Қошкімбаев пен KIDF тікелей инвестициялар департаментінің директоры Азамат Алдияров айтып берді.

Іс-шара аясында инвестициялық дөңгелек үстелге қатысушылар «World Horti Center» жылыжайларына шолу жасап, су және энергия үнемдеу технологиялары, биоқорғаныс және тамақтану, IT және жасанды интеллект негізіндегі шешімдер саласында жұмыс істейтін Нидерландтық компаниялардың қызметі туралы ақпарат ұсынылған стендтерді көріп шықты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша «MJ Tech» пен Қазақстан жылыжайлар Одағы арасында ирригациялық жабдықтар өндіру жөніндегі жобаны іске асыру ынтымақтастығы туралы, «Royal GD» мен ҚР АШМ Республикалық ветеринариялық зертханалары арасында, сондай-ақ «Қарағанды ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС, «Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және нидерландтық «Royal Eijkelkamp» арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

EL.KZ
Бөлісу: