Нидерланд сарапшылары еліміздің су ресустары бағытындағы жұмысты жоғары бағалады

Кеше, 20:47 304

Нидерландтың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нико Схермерс Су ресурстары және ирригация министрлігінің су тасқыны салдарын жою іс-шараларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елші су тасқынын болжау және су тасқынының алдын алу мәселесінде Қазақстан мен Нидерландының ынтымақтастығына жеке тоқталды.

Нидерланд сарапшыларының айтуынша, министрлік биыл үлкен жұмыс атқарды. Көптеген есептеулерді қолмен жасау керек болса да, нәтижелері өте дәл келді. Менің ойымша, біздің елдеріміз бірлесіп шешуі керек басты мәселе - үлкен аумақтарда есептеулер жүргізу. Климаттың өзгеруіне байланысты біз жаңа сын-қатерлерге тап болдық. Осы міндеттерді шешу үшін Нидерланды тарапы министрлікпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Су ресурстары және ирригация министрлігі өте үлкен жұмыс істеп жатыр деп санаймын. Қазақстанда көптеген донорлық ұйымдар жұмыс істейді. Сол себепті Үйлестіру кеңесін құру министрліктің халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру мен үйлестіруді байыпты қабылдағанын көрсетеді. Бұл өте маңызды, - деді Нико Схермерс.

Айта кетейік, осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Дельфт су білім беру институты (IHE Delft) арасындағы меморандум аясында нидерландылық сарапшылар Астанада су тасқыны тәуекелдерін басқару бойынша екі мәрте семинар өткізген болатын.

Еске салсақ, Қазақстанның су секторын дамыту жөніндегі әріптестердің Үйлестіру кеңесінің құрамына БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдері кіреді.

Перизат Саденова
Бөлісу: