Несие төлемдерін кешіктірген жағдайда не істеу керек?

Кеше, 18:03 347

Несие – шұғыл ақша қажет болғанда көмекке келетін таптырмас құрал. Алайда төлем кешіктірілсе, қиындық туындайтынын қаперде ұстаған жөн. Несиені уақытында төлеу мүмкіндігі болмаса не істеу керек? Төлемдерінің мерзімін өткізіп алудың салдары қандай? Бұл кейінгі қарыз алу мүмкіндігі мен кредиттік тарихқа қалай әсер етеді? El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі мерзімі өткен банк несиелері мен микронесиелерді қайта құрылымдау процесі туралы жан-жақты зерттеп, түсіндіріп берді.

Несиені қайта құрылымдау банктер мен МҚҰ қарыз алушыларына қалай көмектесе алады?

2021 жылдың қазан айында заңнамалық түрде жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегін банктер мен МҚҰ (микроқаржылық ұйымдар) тарапынан сотқа дейінгі міндетті реттеу тәртібі енгізілді.

2021 жылдан бастап бұл бірыңғай тәртіп 1,7 млн қарыз алушының келісімшарт шарттарын өзгертуге мүмкіндік берді. Ал 2024 жылы несие берушілер 420 мыңнан астам қарыз алушының несиесін қайта құрылымдаған еді (оның ішінде банктер – 189 мың, МҚҰ – 231 мың).

Банктер мен МҚҰ қарыз алушыны берешек кешіктірілгеннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде хабардар етуге міндетті. Бұл мерзім 2024 жылдан бастап заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес 20 күннен 10 күнге қысқартылды.

Банк немесе МҚҰ хабарламасының мазмұны қандай болуы тиіс?

Несие беруші қарыз алушыға төлем жасау қажеттігі туралы туындаған мерзімі өткен берешек сомасын нақты көрсете отырып, банктен немесе МҚҰ-дан көмек сұрау құқығы мен міндеттемелерді орындамаған жағдайда туындайтын салдар туралы хабарлауы тиіс.

Тұрғылықты мекенжайыңызды немесе телефон нөміріңізді өзгерткен жағдайда банкке немесе МҚҰ-ға міндетті түрде хабарлау қажеттігін ескерген жөн.

Қарыз алушының құқықтары қандай?

2024 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушылардың берешегін сотқа дейін реттеу тәртібін жақсарту мақсатында банктер мен МҚҰ үшін жаңа талаптар енгізді.

2021 жылғы заң бойынша қарыз алушы берешек туындаған күннен бастап 30 күн ішінде банкке немесе МҚҰ-ға жүгінуі тиіс еді. Ал 2025 жылдан бастап ол мерзімге байланыссыз, тіпті 30 күн өткеннен кейін де өтініш бере алады (жазбаша түрде, цифрлық форматта немесе келісімшартта көрсетілген басқа тәсілмен).

Сондай-ақ, банк қосымшасы арқылы да өтініш жіберуге болады.

Қарыз алушы өтінішінде көрсетілуі тиіс...

Өтініште төлем кешіктірудің нақты себебі көрсетілуі тиіс. Мәселен,

- табыстың азаюы немесе жұмыссыз қалу;

- ауыр сырқат немесе мүгедектік;

- декреттік демалыс;

- форс-мажор жағдайлары (өрт, ұрлық және т.б.).

Себептерді растайтын құжаттарды тіркеуді ұмытпаңыз! Бұл айыппұлдардан, несие тарихының бұзылуынан және сот арқылы өндіріп алудан сақтайды.

Несиені қайта құрылымдаудың түрлері

Қайта құрылымдаудың келесі түрлері бар:

- сыйақы мөлшерлемесін төмендету;

- төлемді кейінге қалдыру;

- өтеу әдісін өзгерту (жиі кепілмен қамтамасыз етілген несиелер үшін);

- несие мерзімін ұзарту;

- негізгі қарызды немесе сыйақыны, айыппұлдарды, комиссияларды кешіру;

- ипотека болып табылатын мүлікті қарыз алушының өзі сату;

- жылжымайтын мүлікті сату арқылы міндеттемені сатып алушыға беру.

Қарыз алушы кепілдегі мүлікті соттан тыс тәртіппен 3 ай ішінде сата алады. Егер сот шешімі болса, ол үш ай ішінде өзі сата алады.

Несиегер қарыз алушы өтінішіне 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беруі тиіс. Егер 30 күн ішінде келісімге келмесе, реттеуден бас тартылды деп есептеледі.

Банктер мен МҚҰ үшін жаңа талаптар бар ма?

Банктер мен МҚҰ енді қайта құрылымдау мәселесін қарау үшін қарыз алушыдан берешекті біржолғы төлеуді талап ете алмайды.

Бұрын көп жағдайда банктер мен МҚҰ төлем кестесін қайта қарастыру үшін алдымен берешек сомасының 20-30% алдын ала төлеуді сұрайтын. Ендігі ретте бұл тәжірибе жойылды.

Хабарламада негізгі берешек, сыйақы және айыппұл сомасы көрсетілуі міндетті.

Қай күндері және уақытта несиегер қарыз алушымен байланыса алады?

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алушыларды хабардар ету тәртібін бекітті:

Банк қызметкері дүйсенбі–жұма күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін, аптасына үш реттен артық емес, бір күнде бір рет хабарласа алады.

Демалыс және мереке күндері – сағат 9:00-ден 19:00-ге дейін – екі реттен артық емес.

Банктер үшінші тұлғалармен қарыз алушының орналасқан жерін немесе байланыс мәліметтерін анықтау мақсатында ғана байланыса алады. Бұл ережелер коллекторларға қатысты да қолданылады.

МҚҰ үшін бұл норма 2025 жылдың 27 ақпанынан бастап күшіне енді: бір күнде бір реттен артық емес, 9:00-21:00 аралығында телефон арқылы хабарласуға болады.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қалай жүгінуге болады?

Ипотекалық несиелер бойынша сұрақтар туындаса, агенттіктің әлеуметтік жобалар мен қаржылық сауаттылықты арттыру департаменті әр сейсенбі сайын, сағат 10:00-13:00 аралығында азаматтарды қабылдайтынын ескерген жөн.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: