III тоқсандағы сауалнаманың қорытындысы бойынша, жекелеген банктердегі кредиттік ресурстар құнының үздіксіз өсуіне қарамастан, шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс біршама өсті. Бұл туралы Ұлттық Банктің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
"Шағын бизнес тарапынан несиеге сұраныстың артуы, негізінен, ірі банктерде байқалды. Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 417 мыңға дейін тоқсаннан тоқсанға (бұдан әрі – т/т) 35%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 25,9 млн теңгеге дейін т/т 11%-ға ұлғайды. Ірі банктер есептік тоқсандағы кредиттік өтінімдер ағынын және олардың орташа мөлшерінің ұлғаюын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаражат бөлінуімен түсіндіреді. Оған қоса, өтінімдер санының өсуі қолданыстағы скорингтік несие өнімдерінің дамуымен немесе іске қосылуымен де байланысты", - делінген хабарламада.
Есепті тоқсанның қорытындысы бойынша, орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныс оң қалыптасты. Мәселен, кредиттік өтінімдер саны 4,4 мыңға дейін 12%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 251 млн теңгеге дейін 5%-ға төмендеді. Орта кәсіпкерлік тарапынан өтінімдер санының өсуі, шағын бизнестегідей, скорингтік модельдер негізіндегі кепілсіз кредиттік өнімдерге тиесілі.
"Банктердің көпшілігінде ірі бизнес тарапынан сұраныс өзгерген жоқ, бірақ маусымдық ауытқуларға байланысты кредиттік өтінімдер санының төмендеуі байқалады. Соның салдарынан кредиттік өтінімдердің жалпы саны 156-ға дейін т/т 23%-ға төмендеді, ал өтінімнің орташа мөлшері 5,8 млрд теңгеге дейін 23%-ға азайды. Шағын және ірі бизнестің кредит алуға берілген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті, көбіне, ірі банктерде тиісінше 40%-ға және 58%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, орта бизнестің кредит алуға берген өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі 48%-ды құрап, біршама төмендеді.
Ірі банктердің пікірі бойынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс теріс болады, себебі олар несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл ретте, жекелеген банктер нарықтағы ірі қарыз алушылар санының өсу мүмкіндігі аясында ірі бизнес тарапынан сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді.
ІІІ тоқсанда жеке кредиттеуге сұраныс ипотекалық және тұтынушылық қарыздар сегментінде ұлғайды, ал автокредитке деген сұраныс біршама төмендеді", - деді Ұлттық банк өкілі.
Банктердің пайымдауы бойынша, есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың артуы объектілерді пайдалануға берумен байланысты болды. Алайда, ол бойынша түскен өтінімдер саны 258 мыңнан 183 мыңға дейін қысқарды, бұл жеке банктегі сұраныстың II тоқсанда күрт өскеннен кейін алдыңғы мәндерге кері келуіне байланысты болды. Бұл төмендеу жалпы сұраныс көрсеткшінің өсуіне әсер бермегенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар, ипотекалық кредиттеу талаптарында айтарлықтай өзгерістер байқалмады және ол бойынша мақұлдау үлесі өткен тоқсандар деңгейінде сақталды (38%).
Онымен қоса, кейбір банктер тұтынушылық қарыздарға сұраныстың ұлғаюын халықтың ұзақ мерзімді тауарларға жұмсайтын шығындарының өсуімен байланыстырады, ал басқа банктер мұны маркетингтік акциялар мен науқандардың өткізілуімен байланыстырады.