17 Наурыз 2016, 04:55
Бұл оқиғада ешқандай сенсация жоқ. Қарапайым отбасы. Алмас пен Махаббаттың тұрмыс құрғанына бір жыл ғана болды. Алмас зауытта, ал Махаббат кітапханада жұмыс істейді. Екеуінің ортақ табысы – 180 мың теңге. Бұл қаражат екі жастың күнделікті ішіп-жеміне, киіміне емін-еркін жететін. Осыны ескеріп, екеуі ақылдаса келіп несиеге автокөлік алмақ болып шешті. Автосалоннан 16 мың долларға су жаңа машина алды. Қатты қуанған отбасы көлік үшін жеті жыл (жылдық төлем ақысы 12%) несие төлейтіні жайлы мүлде ойлаған жоқ. Автокөлікті алысымен жас жұбайлардың өмірі күрт өзгерді. Ай сайын төлейтін несиеден бөлек жанармайға, сақтандыру қызметіне, көлік салығына, дөңгелек ауыстыруға, айыппұлға, май ауыстыруға т.б. шығындарды ескермеген олар үлкен қателік жасағандарын түсінеді. Енді бұл тығырықтан шығу үшін, тым болмағанда күнделікті шығындарын жауып, несиенің 3-4 айын төлеп тастау ниетімен Алмас тағы да несие алады. Бұл жолы ол тұтынушылық несиені алуға мәжбүр болды. Оның жылдық төлем ақысы – 20%. Алмастың бұл шешімі қаншалықты дұрыс? Бұл оқиғаның соңы немен аяқталды? Мамандар не дейді?
— Бүгінгі таңда несие алушылардың жіберетін үлкен қателігі бар. Бұл — банк ұсынған келісімшартпен таныспау. Егер келісім шартты толығымен оқып, танысып шығатын болса көптеген түсініспеушілікке жолықпас еді. Тұтынушылар көп жағдайда несие алғанына мәз болып, қол қойып кете береді. Халық бір нәрсені анық түсінуі қажет. Банк — делдал. Ол сіздің досыңыз емес, туысыңыз емес, қайырылымдық қоры емес. Банктің басты мақсаты— ақша табу.
— Несие алушы қандай ережелерді ұстануы қажет?
— 1. Экономист ретінде мүлдем несие алмауға кеңес берер едім. Егер қаражат өте қажет болып жатса туған-туыс, достарыңыздан ала тұруға тырысыңыз.
2. Ал егер мұндай мүмкіндік болмаса, барлық банктердің сайтына кіріп пайыздарын салыстырып шығыңыз. Егер қай банк тиімдірек екенін түсінбесеңіз — банк менеджіріне хабарласыңыз. Қазіргі таңда банктерге кез-келген телефоннан хабарласу тегін екенін біле жүрген дұрыс.
3. Тұтынушылық несиенің пайызы өте жоғары болатынын ұмытпаңыз. Егер несиенің бұл түрін пайдаланатын болсаңыз, бастапқы жарнасын төлеп алыңыз. Бұл тәсіл несие пайызының төмендеуіне әсер етеді.
4. Егер несиеңіздің көлемі үлкен болмаса қысқа мерзімге алыңыз. Ал егер үлкен сомадағы несие болса ұзақ мерзімге алған дұрыс.
5. Сізден кейін мың адам кезекте тұрса да келісім шартпен танысып шығыңыз.
6. Ай сайын төлейтін несиеңізді кемінде бір апта бұрын жоспарлап, ақшаңызды дайындап қойыңыз.
Біле жүріңіз
Француз тілінен аударғанда кредит сөзі «сенім» деген мағына білдіреді. Алғашқыда бұл табыс көзі емес, халыққа көмек көрсету үшін пайда болды. Қыста бір қап бидай алған адам көктем шыққанда бір жарым қап қылып қайтаратын болған. Ал тұтынушылық несиенің дамуы 1970-ші жылдары АҚШ-та бастау алды. Қазақстанда тұтынушылық несиені бірнеше банктер ұсынады. Олардың пайыздық мөлшерлемесін төмендегі кестеден біле аласыз.
(Ақпаратты банк қызметкерлері берген 16.03.2016 жылғы деректерге сүйене отырып әзірледік. Түсінікті болу үшін орта есеппен 1 миллион тенге несиені ең ұзақ мерзімге есептеп көрдік)
Атауы
Пайызы
Банк қызметі үшін алынатын сома
Ай сайынғы төлейтін сома
Несие беру уақыты
Халық банк
20%
7%
30,800 теңге
4 жыл
406000 теңге
Еуразиялық банк
38,8%
5%
54,188 теңге
3 жыл
Қазкоммерцбанк
22-ші Қаңтардан бастап тұтынушылық несие беру тоқтатылды
Каспий банк
21%
15,800
42,848 теңге
5 жыл
Цесна банк
25%
6%
33,500 теңге
4 жыл
592,000 теңге
Қазақстанда тұтынушылық (потребительский) несие ел экономикасы мен қаржы секторының маңызды бөлшегі болып табылады. Статистикаға көз жүгіртер болсақ 2015 жылы елімізде тұтынушылық кредит мөлшері 2,5 трлн теңгеге жеткен. Несие алу жөнінен Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұны қала халқының және шағын кәсіппен айналысушылар санының көптігімен түсіндіруге болады.
Несиенің кері әсері туралы нақты мысал келтіру үшін біз банктен несие алып, оны төлей алмай жүрген кейіпкерлермен жүздестік.
Гүлайхан Аткеева:
— Аты-жөнім Аткеева Гүлайхан Аңдасқызы. Көп қазаққа еріп мен де бастапқы жарнасын төлеп ипотекаға үй алған болатынмын. Айына 118 мың төлеймін. 2010 жылы жеке кәсіпкер болып тіркелдім. Базарда темір сатумен айналыстым. Алғашында жұмысым жақсы жүрді. Кәсібімді кеңейтейін деп Каспий банктен 2 миллион несие алдым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін анам обыр ауыруына шалдығып қалды. Бұл жағдай біздің отбасымызға ауыр тиді. Жұмысымды тастап анамның жанында болдым. Қасында жарты жылға жуық ауыруханада жаттым. Жұмыс істемендіктен, амал жоқ несиемді жабу үшін Еуразиялық банктен 500 мың теңге тағы қарыз алдым. Қарызға бір батсаң қайтып шығу мүмкін емес екен. Осыдан кейін Хоум кредит банкінен тағы 500 мың теңге несие алдым.
— Бүгінгі күні төленбеген неше несиеңіз бар?
— Төлей алмай отырған 4 несием бар.
— Бұл тығырықтан қалай шықпақсыз?
— Шынымды айтсам, інімнің артынан жалынып жүріп оны несие алуға көндірдім. Ауылдағы үйін кепілдікке қойып 2 миллион теңге алуға ауылға кетті. Бұл кредитті алып екеуміз осы темір сатуды жалғастырсақ па деген ойымыз бар. Егер осы ісіміз табысты болса, қарыздарымды қайтарамын деген үміттемін.
— Осыдан кейін несие аласыз ба?
— Осы қарыздарымнан құтылсам, бұдан кейін несиеге мүлдем жоламаймын. Алғым келген күннің өзінде маған берейін деп жатқан ешкім жоқ. Өйткені банктер «қара тізімге» кіргізіп қойған. Шынымды айтсам (күліп) «қара тізімге» кіргеніме қуанамын...
Гүлбахыт Жолдасбекқызы — психолог:
— Несие алу адам психологиясына өте қатты әсер етеді. Бір рет несие алған адам басына қиын жағдай түскен сайын несиеге жүгінгісі келіп тұрады. Бұл нағыз тәуелділікке алып келуі мүмкін. Қазіргі таңда несие алу — ерлі-зайыптылардың ажырасуының бірден-бір факторы болып отыр. Өйткені қарызға кіріп, тығырыққа тірелген адам үлкен психологиялық күйзеліске түседі. Күйзеліс отбасының берекесіне кері әсерін тигізбей қоймайды.
Түйін
«Несиені өтеу үшін несие алу қаржылық құрдымға алып келеді», — дейді мамандар. Мақаламыздың басында жазған жас отбасының бастарына түскен қиындық қуанышқа орай оңымен аяқталды. Алмас пен Махаббаттың ата-анасы бұл іске араласып, олардың несиелерін өтеп берді. Осыдан кейін екі жас әр ай сайын алған жалақыларының 10 пайыз мөлшерін «қажет болған күнге» арнайы сақтап, табыстарына ұқыппен қарайтын болды.
Рүстем ӘЛПИ
Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ