Немістер Әлем чемпионатының ширек финалына еркін жететін команда!

9 Маусым 2014, 07:31

Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Бүгінгі әңгіме Германия және Португалия құрамалары туралы.

Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Бүгінгі әңгіме Германия және Португалия құрамалары туралы.

 

Германия құрамасы

Бас бапкер: Йоахим Лев

Команда капитаны: Филипп Лам

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Лотар Маттеус (150)

Ең көп гол соққан ойыншы: Герд Мюллер, Мирослав Клозе (68)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 2

Футболдан әлем чемпионаты осыған дейін 19 рет ұйымдастырылған екен. Бұл аралықта 8 құраманың мандайына топ жару бақыты бұйырды. Бразилия 5 рет, Италия 4 рет чемпион атанды. Ал Германия үш мәрте дүниежүзілік доп додасында үздік шықты.

Германия құрамасын футбол жанкүйерлері «неміс машинасы» деп атайды. Шынымен де, «бундестим» өзі қатысқан жарыстың қай-қайсында болсын фаворит саналады. Мәселен, қарт құрлықта жүлде жағынан Германияға тең келер құрама жоқ. Олар ең алғаш 1934 жылы Италиядағы әлем чемпионатына қатысты. Бұл турнир олимпиадалық жүйе бойынша өткізілген еді. Апенин түбегінде алдымен Бельгияны 5:2 есебімен ұтты. Ширек финалда Швециядан басым түскенімен, жартылай финалда Чехословакияға шамалары жетпеді. Осы матчта көпшілігі қақпашы Виллибальд Кресті кінәлады. Ал үшінші орын үшін өткен бәсекеде Австрияны ұтып, қола жүлдеге ие болды. Міне, бұл Германияның ресми турнирдегі тұңғыш жүлдесі болатын. Негізі оған дейін де жолдастық кездесулер өткізіп тұрған.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін «бундестим» мүлдем өзгеріп шыға келді. 1950 жылы сол соғыстың салдарынан Бразилияға жолдары түспеді. Есесіне арада 4 жыл өткенде Швейцарияда бас жүлдеге ие болды. Зепп Хербергердің шәкірттері Венгрия, Түркия, Оңтүстік Корея командаларымен бір топқа түсіп, бұл топта Венгрия мен Германияның қарқынына қалған екеуі төтеп бере алмады. Ал екеуара кездескенде  Перенц Пушкаш бастаған жігіттер немістерді 8:3 есебімен ойсырата жеңді.  Осылайша, Венгрия – бірінші, Германия екінші орынмен ширек финалға жолдама алды. Тоқтауды білмейтін «неміс машинасын» осы тұстан мойындай бастадық. Ширек финалда Югославияны жарыстан шығарды. Одан соң Австрияны 6:1 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Финалда Венгриямен жолдары қайта түйісті. Мажарлардан топтық кезеңдегі масқара жеңілістің есесін қайтару үшін аянып қалмады. Аса тартысты өткен ойында немістердің бағы жанып, әлем біріншілігінде алғаш рет алтынға қол жеткізді.

Міне, осыдан бастап бүкіл әлем тегеурінді Германия құрамасынан сескенетін болды. Әсіресе, 70-80 жылдары нағыз жұлдыздар шоғыры қалыптасты. Франц Беккенбауэр, Уве Зеелер, Зепп Майер, Герд Мюллер болып жалғаса беретін тізімдегі футболшыларды кез келген команда өз қатарларынан көргісі келетін.  Расында да, сол кездегі жетістіктеріне қарасаң, көз қызығарлық. Мысалы, 1966-1976 жылдар аралығында екі ірі турнирде төрт рет финалға шығып, соның екеуінде чемпион атанған.

Сексенінші жылы құрлық біріншілігінде топ жарғаннан кейін қатарынан үш әлем чемпионатының финалында өнер көрсетті. Алғашқы екеуінде финалда сүрініп, бас жүлде бұйырмай қойып еді. «Ер кезегі үшке дейін» дегендей, Италияда оларға ешкім қарсы тұра алмады. Тіпті, Марадона бастаған Аргентинаның өзі немістердің мықтылығын мойындады.

Жалпы, Германия осы уақытқа дейін 28 халықаралық ірі турнирдің (17 әлем чемпионаты мен 11 Еуропа біріншілігі) 18-інде жүлдеге іліккен.

Неміс құрамасында әр жылдары Зепп Хербергер, Хельмут Шён, Йозеф Дерваль, Франц Беккенбауэр, Берти Фогтс, Рудольф Фёллер, Юрген Клинсман секілді мықты бапкерлер жұмыс істеді. Бұл бапкерлер құраманы жоғары деңгейге көтерді. 2006 жылы өз жерінде өткізген әлем біріншілігінен кейін тізгінді Йоахим Лев ұстады. Левтің қатысуымен өткен соңғы үш турнирден Германия құралақан қайтқан емес. Бірақ бас жүлденің барлығы әзірге Испаниядан аспай жүр. 

Қазіргі құрам

Германияда талантты футболшылар жетерлік. Бұл елде балалар футболы жақсы жолға қойылған. Сондықтан болар, жыл сайын жас футболшылардың қатары қалыңдай түсуде. Қазіргі кезде ұлттық құрамада ойнауға үміткерлер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондай мықтылардың арасында үздіктерін іріктеп алу бас бапкер Йоахим Левке оңай соқпағаны белгілі.

Ендеше, Бразилияда Лев сенім артатын футболшылар мыналар: Қақпашылар Мануэль Нойер («Бавария»), Роман Вайденфеллер («Боруссия» Д), Рон-Роберт Цилер («Ганновер»); қорғаушылар Жером Боатенг, Филипп Лам (екеуі де – «Бавария»), Эрик Дурм, Марсель Шмельцер, Матс Хуммельс, Кевин Гросскройц (барлығы – «Боруссия» Д), Бенедикт Хёведес («Шальке»), Марсель Янсен («Гамбург»), Пер Мертезакер («Арсенал»), Шкодран Мустафи («Сампдория»), Маттиас Гинтер («Фрайбург»); жартылай қорғаушыларЛарс Бендер («Байер»), Юлиан Дракслер, Макс Майер, Леон Горецка (барлығы – «Шальке-04»), Андре Хан («Аугсбург»), Сами Хедира («Реал»), Тони Кроос, Марио Гётце, Бастиан Швайнштайгер (барлығы – «Бавария»), Месут Озил («Арсенал»); шабуылшыларТомас Мюллер («Бавария»), Мирослав Клозе («Лацио»), Лукас Подольски («Арсенал»), Марко Ройс («Боруссия» Д), Андре Шюрле («Челси»), Кевин Фолланд («Хоффенхайм»).

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

16 маусым. Фонте-Нова. Германия – Португалия

21 маусым. Форталеза. Германия – Гана

26 маусым. Ресифи. АҚШ – Германия

Бек Төлеуов

Бөлісу: