Мемелекеттік тілді білу мақтаныш емес, міндет. Расында қазіргі кезде елімізде қазақ тілінде сайрайтын этнос өкілдерін көргенде таң қалмаймыз. Жыл басында «Ана тілі» ұлттық газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы да бұл туралы айтып өтті. Бұл ретте Қостанай облысы, Денисов ауданындағы қазақ мектебінде оқитын неміс қызы Кэтрин Майер туралы ерекше атап өткіміз келеді. Ол Қостанай облысы Денисов ауданы Денисовка ауылында 2008 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келген. №3 Денисов жалпы білім беретін мектебінде 10-сыныпта оқиды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жас болса да табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында Кэтрин облыс көлемінде талай байқауға қатысып, топ жарып жүр. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады. Қай жерде ұлттық дәстүр мен рухани құндылықты дәріптеу қажет, Кэтрин сол жерден табылады.
Былтыр «Ыбырай мұрасы» экспедициясы қатарында болды. Аймақтық «Тіл – достық көпірі» фестивалінде қазақ әнін шырқап, қалың көрермен ықыласына бөленді.
Менің мектебім таза қазақ тілінде білім беретін білім ордасы. Осы алтын ұяның табалдырығын аттап, білім алып келемін. Әкем Майер Николай Андреевич «Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механизатор, анам Болих Нина Михайловна мектепте кіші қызметкер болып еңбек етеді. Мен үйдің кенжесімін, әпкелерім Каролина және Алена. Ұлтым неміс болса да, жүрегім қазақ деп соғады.
Анам қазақ мектебіне беріп, менің болашағым үшін үлкен жарқын қадам жасады. Әрдайым қазақ халқының дәстүрі мен тарихын қадірлеуге, мақтан етуге тәрбиеледі. Анама деген алғысым шексіз, себебі ол шыққан тегімді құрметтей отырып, қазақ халқының мәдениетін де терең түсінетін адам ретінде өсірді, - дейді Кэтрин Майер ағынан жарыла.
Жетінші сыныптан бастап қазақ тіліне өтетін түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленді. Бұл оқушы қыздың сенімін әрдайым арттырып, бойына қанат бітірді. Облыстық «Тіл шамшырақтары» байқауына қатысып, жүлделі бірінші орынды алғанда еңбегінің ақталғанына қуанды. Сегізінші сыныпта «Жарқын болашақ» олимпиадасында «Жас қаламгерлер» бағыты бойынша облыстан тағы бірінші орынды иеленіп, республикаға барып бақ сынады. Қостанай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырумен 2023 жылы 8-9 сыныптарда «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасында топ жарды. Жобаның жеңімпазы ретінде Астана қаласына ұйымдастырылған экскурсияға қатысып, бас қаланың көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алды.
Астананың ең алғаш Ақмола облысына көшірілген кезіндегі Үкімет үйі болған оң жағалаудағы тарихи нысандарды көрдім. Сол жағалаудағы Ақордада болып, Президентіміздің еңбек ететін орындарымен таныстық. Елордадан қырық шақырым жердегі тарихи «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенін көру, музейлерді аралау мен үшін үлкен бақыт болды. Әсіресе «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесінің директоры Элина Масагутовамен әңгіме ерекше әсер етті. Өңірлерден келген мемлекеттік тілді жетік меңгерген оқушыларға естелік кітаптар сыйға тартып, қазақ тілін үйренудегі өз тәжірибесімен бөлісті. Ассамблеяның мен сияқты мыңдаған адамдардың жұлдызын жаққан «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы және «Тіл мектебі» жобаларының мемлекеттік тілді дамытудағы маңыздылығы туралы баяндады, - дейді Кэтрин.
«Ұстаз шәкірітіне талмас талап сыйлайды» деген Кэтрин бүгінгі жетістіктерге жетуіне себеп болған ұстаздарын үнемі айтып жүреді. Балабақшадағы тәрбиешісі Жанерке Төлендіқызы, мектептің алғашқы баспалдақтарынан бастап, үлкен жетістіктерге жетелеген нағыз дарынды педагог Ұлболсын Қайырбекова, қазақ тілі пәнінен сабақ берген Әйгерім Дабыловалардың оқушысының әрбір жетістігі үшін қосқан үлесі зор.
Қазақ тілі мен әдебиеті – менің өмірімнің бір бөлшегі деген Кэтрин сияқты елімізде көптеген этностардың балалары бар. «Тәрбие тал бесіктен» деген, ата-аналары мен ұстаздарының өлшеусіз еңбегінің жемісі болашақта өздеріне қызмет ететіні даусыз.