Талдықорғанда атышулы қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі тыңдалымда жәбірленуші тараптан бірінші болып Шерзат Болаттың әжесі Жұмабике Қадырова жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жұмабике Қадырова 2024 жылғы 4 қазан күні болған жағдайды егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, сол күні кешкі сағат 23:00 шамасында жұмыстан үйге оралған. Біраздан соң келініне Қаржаубай қоңырау шалып, Шерзаттың біреуді ұрғанын айтып, жағдайды түсіндіру үшін келуін өтінген.
Таксиді тоқтатқанша шамамен 20 минуттай уақыт өтті. Біз оқиға орнына жеткенде, балалар екі жаққа бөлініп тұр екен. Таксиден түсе салып, бірден Шерзатты іздедім, бірақ ол көрінбеді, – деді ол.
Әжесінің айтуынша, олар төбелеске емес, жағдайды реттеуге бармақ болған.
Біреуді ренжітіп қойса, кешірім сұрайық деген ой болды. Шерзат бокспен айналысса да, ешқашан жанжал іздеп жүрмеген. Егер біреу пышақ немесе мылтық алып келеді деген ой болса, сол мезетте-ақ полиция мен жедел жәрдем шақырар едім, – деді Қадырова.
Айта кетейік, сот отырысы алдағы күндері жалғасын табады. Куәгерлер мен жәбірленушілердің жауаптары тыңдалмақ.