Немере сүйген шақта сахнаға шығу – қазақ қызына ғана тән ерлік

11 Ақпан 2023, 11:10 7675

Бәтес Омарова зейнеткерлікке шыққан соң мектеп жасындағы арманын орындауды алдына мақсат етіп қана қоймай оны жүзеге асыру үшін әрекет етіп жүр.

- Осы жасымда ән айтуға келуімді өзімді-өзім сынау деп қабылдаймын.

- Сіз 60-тан асқан шағыңызда ән айтуға қалай бел шешіп кірістіңіз?

- Мен саналы өмірімнің әдеуір бөлігін жолдасымның қызмет бабына байланысты шет елдерде  өткіздім. Жұмыс істей жүріп, үш ұлымызды бағып-қағып, оқытып, үйлендіріп, жеке отау етіп, немерлерімізге мейірлене бастаған кезімде зейнеткерлік жасқа да жеткенімді байқамай қалыппын.

Ал бос уақытымды жеке бастың дамуына пайдалануға үлкен ұлым Азаматтың ұстанымдары себеп болды. Бала десе жанын беретін халықпыз ғой, әсіресе немеренің орны бөлек, бірақ балам: «Сіздер бізді өсіріп, жетілдіріп қатарға қостыңыздар. Енді біз өз балаларымыздың тәрбиесімен өзіміз айналысайық, ал сіздер өздеріңізге, денсаулықтарыңызға көңіл бөліңіздер», – деді. Әрине,  немелерімізден қол үзіп кеткен жоқпыз, келіп маңдайларын иіскетіп тұрады. Бірақ оларды дамытумен - мектеп, балабақша, спорт және басқа үйірмелерге апару-әкелу, үйде бағып-қағумен өздері айналысады. Осыдан соң бос уақытымды өзімді дамытуға арнап, ұнайтын йогамен айналысып, вокалдан дәріс ала бастадым. Ұнаған іспен айналысу адамды сергітіп, жоспарлар жасауға, соны жүзеге асыруға ынталандырады екен.

- Жақындарыңыз ән айтуыңызды қалай қабылдады?

- Іс жүзінде сахнаға шығуым солардың қолдауымен болды деген дұрыс шығар. Күйеуім мен ұлдарым мені қолдап қана қоймай, сахнаға шығуға қатысты көптеген мәселелерді жылдам шешіп, менің ерік-жігерімнің мұқалмауын қамтамасыз етті.

- Өсіп-өнген ортаңызда әншілік дәстүр бар ма еді?

- Әкем Орынбасар Омаров табиғатынан өнерге икемі бар, ән салатын еді. Алдыңғы шепте соғысқан соғыс ардагері, өрімдей жас кезінде соғысқа аттанып бара жатып ән айтып майданға шығарып тұрған жұртты жылатып кеткен екен. Батысқа бара жатқан эшелон тоқтаған қазақ теміржол станцияларында ән шырқап, елді жылатып майданға өткен. Соғыстан кейінгі қиын жылдары негізгі жұмысынан тыс халықтың көңіл-күйін көтеруге ауылдық көркемөнер іс-шараларына қатысып жүрген. Ән салу әкемнен жұқса керек.

- Қанша жасыңыздан ән айта бастадыңыз?

- Бастауыш сыныпта інілерімді, көрші-қолаңның балаларының алдында ән айтып, соңында олардың қол соғуын талап ететінмін. Мектеп қабырғасында өтетін түрлі іс-шараларға ән айтып қатысатынмын. Жоғары оқу орнында ән айтудан біршама алыстап кеттім. Кейін шет елдерде жұмыс істеген жылдары шағын ұжым алдында мерекелерде ән айтумен шектеліп жүрдім.

Ән айтсам көңілім жадырап, көтеріліп қалатын. Көңілімнің түбінде жатқан ән айтуға деген құштарлық  зейнеткерлікке шыққанда  жаңа күшпен қайта оянды. Қазақта екінің бірі әнші, сондықтан кәсіби ән салу негіздерін үйрену үшін бір жылдан аса уақыт вокалдан дәріс алдым. Жасы кіші болса да Жұлдыз Құмарғалиева есімді коуч вокалды жаттығулар жасатып, тыныс алу, дыбысты дұрыс шығару, ән орындау әдіс-тәсілдерін үйретті, даусымды қойып, сахнада өзін ұстау, әннің көркемдік мәнін сезіну және т.б. шеберлік қыр-сырынан қанықтырды.

- Сахнаға шығу жолыңыз қалай болды?

Ойламаған жерден болды. Вокалмен айналысып жүргенімді білетін жақын құрбым Қарлығаш Мұртаза маған білдірмей  «Шаншар» театрының директоры Уәлибекпен келісіп қойыпты. Сөйтіп, өткен жылы қала күнінде «Сыр сұлуы» деген әнмен Астананың бұрынғы Конгресс-холл концерт залында (қазір Е.Рахмадиев атындағы) алғаш рет қалың тыңдарман алдына шықтым. 16 желтоқсанда сол залда «Бәрінен де сен сұлу» әнін айттым.

Вокал коуч Жұлдыз Құмарғалиева: Алғашқы сынақ сабағы әлі есімде, дауысы шағын диапазонды әдемі табиғи тембрмен ерекшеленді. Есту (слух) қабілеті бар, ритмді сезінуде қиындықтар болды, бірақ мен оның әлеуеті мен оқуға деген құштарлығын көрдім. Үйренудің басында әрине қорқыныш болды, бірақ біз тез арада ортақ тіл таптық. Оқыту барысында ән айту кезінде қысылу жойылды. Бұл вокалдағы ең маңызды нәрсе, содан кейін ғана біз бірінші әнді орындап, студияда жаздық. Біз жасаған жұмыс пен дайындық өз нәтижесін берді. Айта кеткім келеді, Бәтес Орынбасарқызы талантты және еңбекқор, ең жақсы оқушы, өйткені ол әрқашан сабаққа дайындықпен келеді және барлық үй тапсырмаларын орындайды. Мен оны мақтан тұтамын және ол үшін қуанамын!

- Тыңдарман қалай қабылдады?

- Концерт залындағы тыңдарман жылы қабылдаған сияқты. Туған-туыс, таныс-біліс, дос-жаранның реакциясы алабөтен ерекше болды. Курстасымыз, қазір ғылым докторы Анардың: «Ақ Бәтестің әнін естіп қуандық! Осындай немере сүйген шақта сахнаға шығу – қазақ қызына ғана тән ерлік!» – деген сөздері тілектес адамдардың барлығының ойын білдіргендей болды.

Айтыскер ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықовамен кездейсоқ танысып, вокалмен айналысып жүргенімді білгенде ол кісінің  «Өнер жас талғамайды» деген бір ауыз сөзі менің әншілік өнердің қыр-сырын үйренуді одан әрі жалғастыруыма ынталандыра түсті.

«Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов: Соңғы қойылымдарымызда Бәтес Омарова Шәмшінің екі әнін  орындады. Бәтес курстас, Казгудың филология факультетінде бірге оқыдық. Кейін шет елдерде жүрді. Курстастардың бір кездесуінде шын жүрегімен керемет ән айтқанын көріп, үлкен сахнаға шығуды ұсындым. Екі әнді де жақсы орындап шықты. Қазіргі кезде Бәтес кәсіби деңгейін көтеру үшін вокал мамандарымен жұмысты жалғастыруда.

- Ендігі жоспарыңыз қандай?

- Осы жасымда ән айтуға келуімді өзімді-өзім сынау деп қабылдаймын. Сондықтан ән айтудың қыр-сырын одан әрі меңгеруді, кәсіби шеберлікті көтеруді, әндер репертуарын жасақтауды мүмкіндігінше одан әрі жалғастырғым келеді.

Марат Амиров
Бөлісу: