Неліктен біз өтірік айтамыз?

28 Қаңтар 2015, 11:11

Бүгінде өтірікті айту дұрыс емесін біле тұра, жалған сөйлейтін жандарды жиі көреміз. Мұның себебі табиғи жаратылыс, әлде тәрбиенің қателігі ма?

Бүгінде өтірікті айту дұрыс емесін біле тұра, жалған сөйлейтін жандарды жиі көреміз. Ең сорақысы – бесіктен белі шықпаған баланың балабақшада өтірікті бөсуі. Осы тақырыпқа қызығып, біршама мәліметтерді ақтара отырып байқағаным: өтірік айту көп адамға тән екен. Алайда, бәрі бірдей өтірікші емес. Сирек болса да, шындықты, әділдікті жеткізетін бар. Не себепті бір адам өтірікші, екіншісі шыншыл? Мұның себебі табиғи жаратылыс, әлде тәрбиенің қателігі ма?


«Сөзді абайлап айтыңыз, себебі сөздеріңіз – әрекетке, әрекетіңіз – мінезге, мінезіңіз – өміріңізге айналады» деген нақылды естігенім бар еді. Жалған айтуды екіге бөліп қарастырайық және соның бірі – тәтті өтірік. Тәтті өтірік – өзгелерге зиян келтірмейтін, немесе өзгенің көңілін қалдырмау мақсатында айтылатын өтіріктер. Мысалы, қонақ күтуші кісінің «Тамақ дәмді ма?» деген сұрағына қонағымыз «Ия» деп жауап береді, себебі бұл қалыптасқан мәдениет. Сонымен қатар достар бір-бірінен «Киімім жарасып тұр ма?» деп сұрағанда да «Жоқ» деп жауап беретіндер ілуде бір. Демек, қарым-қатынасты сақтау, көңілін қапаландырмау мақсатында айтылатын өтіріктің салмағы ауыр емес, тіпті, ислам дінінде ол «жаиз» деп аталып, күнәға жатқызылмайды. Ал екіншісі – ащы өтірік. Өтірік айтушы марқайып қалмайтын, өтірікті естіген шалқайып қалмайтын, ешкімге пайдасы жоқ өтірік. Мәселен, дүкен яки базарда жүргенде «отқа салса жатбайтын, суға салса батпайтын» аяқ киімдерін мақтап, жағасында «Made in China» деп тұрса да, «Түріктер қолмен тіккен» деп сатқан саудагерлерді көп көреміз. Мұсылмен ілімінде затын өткізу үшін өтірік ант-су ішкен адамдардың бұл қылығы тозаққа жетелейтіні көрсетілген.  Бұл сіздің адамдығыңызға дақ түсіріп, арыңызды ластайды, ақиқаттан алыстатады.

Жалған сөйлеуге қатысты жас категорияларын да ескерсек, ересек өтірік және балалық өтірік деп топтастырамыз. Ересек адамдардың өтірік айтуы қажеттіліктен немесе басқа факторлардың әсерінен болады. Үлкендердің өтірігі көбіне еселеу яки құлдырату өтірігі. Мысалы, өзеннен ұстаған балығының көлемін дәл айтатын адам аз екені анық.

Ересектедің айтатын өтіріктері жайлы біршама зерттеулер жүргізілген, соның барлығы да жалған сөйлеудің адам денсаулығына зиян екенін көрсетеді. Мысалы, Норт-Дам университетінің профессоры Анита Келли 18-71 жас аралығындағы 110 еріктіні жинап, 10 апта көлемінде бақылаған. Тіпті бірінші аптаның соңында жұмыстан кешіккенде яки өзінің жетістіктерін әсірелеуді тоқтатқан адамдардың өтірік сөйлейтіндерге қарағанда қызметтестерімен қарым-қатынастары жақсарып, көңіл-күйлері қалыптыдан жоғары болғанын байқаған. Шын сөйлейтіндер немесе өтірік айтуды азайтқан адамдардың тамақ кебуі мен бас ауруы 3 есе, ал стреске түсуі 4 есе қысқарған. Бұл жайлы М.А.Шолохов университетінің психология ғылымдарының докторы, профессор Марина Розенова: «Өтірік айтушы шын ақпаратты бүгіп, өтірік ақпараттың ашылып қалмауы үшін оны есте сақтауға тырысамыз, бұл көңіл-күй мен ішкі дискомфортты, ардың мазалауы мен кінә сезімін өршіте түседі, соның нәтижесінде, көп адамдар депрессияға берілгіш келеді» – дейді. Профессор Анна Зарембо: «Өтірік айтатын адамдардың стресшіл келуі өзі қиындықпен шығарған өтірігіне өзін сендіруге тырысуы» – дейді. Демек, деніңіз сау әрі қиын жағдайларға оңай төтеп беруі үшін шын сөйлеп үйрену керек-ақ.

Балалардың көзінше өтірік айтудың үлкендердің өздерінен гөрі, балаларына зияны көп. Сіздер кішкентай қыздың анасының сөмкесі мен аяқ-киімін киіп, ал әкесінің көлігінде отырып мәз болған ер баланы көргенсіздер ғой?! Демек, балалар қашанда әке-шешесінің әрекеттерін қайталауға тырысады. Телефон тұтқасы шырылдағанда «Балам, мені «жоқ» дей салшы» деуі, тойға шақырғанда бармай, «жұмыстан шыға алмағанын» айтуы, үй шаруаларына ұстап қалған әкесі мұғалімге «Баласының ыстығы көтерілді, кешіріңіз, енді қайталмаймыз» деп қолхат жазып беруі баланың санасында «қиын жағдайда өтірік айтып жол табуға болады екен ғой» деген түсінік қалыптастырады. Сосын баласы көршінің ойыншығып тартып алып, «көшеден тауып алдым» деп алдағанда, «кім үйретті саған өтірік айтуды?» деп ұрысып отырамыз. Өзіңізден сұраңызшы кім үйреткенін.

Жалпы, баланың жас кезінен өтірік айтпауды үйретуге болады екен. Оны Макгилла университетінің ғалымдары жуырда ғана дәлелдеді. Жасырын бейнебақылау орнатылған бөлмеге 4 пен 8 жас аралығындағы 372 баланы  жалғыз қалдырып, артындағы ойыншық қойылған үстелген қарамауын бұйырған. Нәтижесінде, балалардың 1/3 өтірік айтқан және мүлдем мойындамаған. Зерттеуге сүйенсек, баланың тек шындықты айтуы үшін, өтірік сөйлегенде жазаламау керек. Себебі, олар әлі шындық пен өтіріктің аражігін толық ажырата алмайды. Баланың өтірік айтудағы ең үлкен себебі –  жазадан қорқу. Егер балаңыз әлденені бүлдіріп не сындырып қойса және оны өзі мойындаса, тоқпақтың астына аламыз. Ал жұмсақ құйрығы қатты қолды көрген бала екінші рет сізге шындықты айтады дегенге сенбеймін. Демек, шындықты айтқаны, яғни әрекетін мойындағаны үшін мақтап қойсаңыз бала психологиясында тура сөйлеуге деген қорқыныш, үрей болмайды.

Қазақта «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деген мақал бар. Егер сіз бір адамды алдай алсаңыз, сіздің керемет өтірікшілігіңіз емес, шындығында, сіз оның сеніміне лайық адам емессіз деген сөз. Ақ сөйлеп, адалдықтан таймай, ақиқатқа тура қарайтын адамдардан аларымыз көп! Үйрену ешқашан да кеш емес, шын айтам!


Аян Қалмұрат

Бөлісу: