Неліктен құрғақ сүтті Ресейден алып отырмыз? Министр жауап берді

24 Маусым, 14:01 1056

Мәжіліс кулуарында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров құрғақ сүт өндірісінің неліктен төмендеп кеткенін түсіндірді және бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуы тиіс екенін айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің Үкімет сағатында министр құрғақ сүт өндірісі 25,4%-ға (7,4-тен 5,5 мың тоннаға) төмендегенін айтқан еді. Осы ретте El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі министрге «Бизнес-қауымдастықтар құрғақ сүтті сүт зауыттарының өздері әкеледі деп мәлімдейді. Неліктен мұндай тәжірибе бар? Олардың отандық өнімге көңілі толмай ма?», деп сауал қойды.

Министрдің сөзінше, біздікілер өздері өңдеп, қысқы уақытта сүт азайғанда құрғақ сүтті қосып сүт шығара бастаған.

Бүгінгі күні құрғақ сүт арзан бағамен Ресейден келеді. Олардың логистикасына дейін субсидия беріледі. Биыл қосымша егіс науқанына қосымша 400 млрд қаржы бөлінді, 70 пайыз мал азығы болады. Бірінші бізде мал азығын дұрысталса, егінді жақсы алатын болсақ (20 центрден 30 центрге дейін) жақсарса, сүттің бағасы да төмендейді. Сонда ғана бәсекелікті сақтай аламыз және өзіміз сүтті сатып алуға жағдаймыз болады, – дейді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ министр бұл бағытта қаржы бөлінгенін және келесі жылдан бастап әрі қарай жалғасын табатынын айтты.

Айта кетейік, министр бүгін өзінің баяндамасында 100 млрд теңге сомасында 65 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға беру жоспарланғанын, бұл жылына 372 мың тонна сүт өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: