23 Желтоқсан 2014, 09:51
Үндістанның қазіргі жағдайында сын көтермейтін тазалық мәселесі тек дәретханалар салумен шешілмейді. Дәл қазір Үндістан адамдарды дұрыс жолға тәрбиелемесе, мемлекет үлкен қиындықтың алдында тұр.
Үндістанның тазалық мәселесі мемлекет билігіндегілер үшін үлкен қиындық тудырып отыр. «The Economist» сайтына шыққан мақалада жазылғандай, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидың айтуынша, қазіргі жағдайда Үндістанда дәретхана салу шіркеу тұрғызуға қарағанда маңыздырақ. Ал, мемлекеттің қаржы министрі – Арун Джайтлей қараша айының қаржысын қолданып, 2019 жылдың соңына дейін далада үлкен дәретке шығу мәселесін шешеміз деп жоспарлауда. Айтпақшы, сол жылы «Санитария мемлекет тәуелсіздігінен де маңызды» – деп айтып кеткен Мохандас Гандидің туылғанына 150 жыл болады екен.
Қазіргі күні Үндістанның 130 миллион отбасында дәретхана мүлдем жоқ көрінеді. Ауыл тұрғындарының 72%-ға жуығы үлкен дәретке ағаш түбіне, далаға немесе жолдың шетіне шыға салады. Көрсеткіш бұған дейінгі сараптамалармен салыстырғанда біршама азайған. Соның өзінде, әлемде дәретханасы жоқ 1 миллиард адамның 600 миллионы Үндістанда тұрады екен.
Санитария мәселесінің шығыны өте үлкен. Біріншісі – адамдардың қауіпсіздігі. Осы жылдың мамыр айында Уттар Прадеш штатында «қоғамдық дәретхана» ретінде қолданылатын далаға күн батқаннан кейін барған екі жасөспірім қызды қанішерлер зорлап, өлтіріп, ағашқа асып кеткен. Күн батқаннан кейін адамдар аз баратын «дәретханалар» әйел адамдар мен кішкентай балаларға өте қауіпті. Бұндай жағдайлар жиі кездеседі.
Дәретхана тапшылығының тудыратын екінші қиындығы – халық денсаулығына келтіретін зияны. Үндістан халқының саны көптігінен және өте тығыз орналасқандығынан адам нәжісінің дәнді дақылдарға, құдықтарға, кішкентай балалардың қолына тиюден сақтау мүмкін емес. Адам ағзасына кірген ластықтың кесірнен ішек аурулары, энтеропатия (адам ағзасына калорийлер мен керек қоректерді сіңіруін тоқтататын созылмалы ауру түрі) сияқты дерттердің саны өте көп. Мемлекеттің экономикалық жағдайын көтеруге, халықтың шала тамақтануын азайтуға бөлінген шексіз материалдық қаржы әсерінің жоқтығын осы аурулардың болуы түсіндіретін сияқты. ЮНИСЕФ-тың есебі бойынша Үндістанда әрбір екінші бала шала тамақтанады. Әсіресе, жағдай, елдің Солтүстік өңірлерінде ушығып тұр.
Солтүстіктің дәретхана жағдайы да нашар. Адам нәжісінің жерасты суларына таралуымен бірге энцефалит және диареяның таралуы да көбейіп кетті. Диареяның кесірінен адамдардың денелері дамымай, әлсіз анадан дәл сондай сәбилер туылуда. Салыстырып қарайтын болсақ, күнделікті жейтін калорийлер саны азырақ Африка құрлығының бүлдіршіндері Солтүстік Үндістан бүлдіршіндерінен әлдеқайда ірірек.
Сонымен, Үндістан тазалық мәселесін қалай шешеді?
Қыркүйекте осы салаға жауапты шенеуніктердің айтуы бойынша жақын арада елде 5.2 миллионға жуық дәретхана салынбақ. Бұл бірінші жол.
Алайда, мемлекеттегі анти-санитарияның тағы бір себебі бар. Бұл адамдардың нанымдары мен мәдениеті. Индуизм салт-дәстүріндегі «Ману заңдары» бойынша адамның үй сыртынан тыс, далада үлкен дәретке отыруы рухани тазалықты сақтап қалуға көмектеседі екен.
Одан басқа тағы бір мәселе, ол касталық бөлінудің факторлары. Касталық бөліну заңдылықтары бойынша қоғамдағы ең кедей, басқа касталықтар қолын тигізгісі келмейтін адамдар (Далиттер) ғана адам қалдықтарын тазалайды. Үндістанның көп бөлігінде, әсіресе Ганг ойпатының тұрғындары дәретханалары бола тұра далада үлкен дәретке шыққанды қалайды екен.
Мемлекет билігіндегілерге Индуизм сенімін ұстанатындардың көзқарасын өзгертуге біраз еңбек ету керек. Зерттеулерге қарағанда 1960 жылдардан бері сәбилердің шетінеуі Мұсылман отбасыларына қарағанда Индуизмді ұстанатын отбасыларында әлдеқайда жиі кездеседі. Әдетте, Индуизм ұстанушыларымен салыстырғанда мұсылмандар кедейірек, ауызсудың тапшылығына, білімі де азырақ болғанына қарамастан әр 100 сәбидің ішіндегі 5 жасқа дейін тірі қалатын мұсылман сәбилердің саны Индуизмді ұстанатын отбасыларынан шыққан сәбилерден 1.7 есе көбірек екен. 2005 жылы мемлекеттік зерттеулердің нәтижесінде Индуизмді ұстанатын отбасылардың 67%-ы, ал мұсылман отбасыларының 42%-ы ғана далада үлкен дәретке шығатыны анықталды.
Қатар жүргізілген бейресми зерттеулер көрсеткендей, Солтүстік Үндістан мен Непал елдеріндегі Индуизмді ұстанатын тұрғындар, далада үлкен дәретке шығуды денсаулыққа пайдалы санайды екен. Керісінше, дәретхананы – денсаулыққа зиян, тек әлсіз адамдар мен әйелдер қолдануы керек деген ойларын білдіріпті. Қысқасы, солтүстік үндістандықтар үшін дәретхана тапшылығы қатты алаңдайтын мәселе емес.
Жоғарыдағы мағлұматтарды қорытындылай келе, Үндістан үкіметі алдында санитария мен әжетхана тапшылығы мәселесін шешу үшін атқаратын орасан жұмыс күтіп тұр. Мәселені шешуге тек дәретханаларды салу жеткілікті емес. Адамдардың мәдениетін, сенімдерін өзгерту керек. Мектептегі оқушылардан бастап ересектерге дейін гигиенаның маңызын түсіндіретін қоғамдық сабақтар жүргізілуі қажет. Әрине, адамдардың сенім-нанымдарын өзгерту оңай емес, бірақ басқа амал жоқ.
Суреттердің дереккөзі; The Economist Әзірлеген: Нұрғазы Абжанов