Нәзипа Шанай: Аналар – ұрпақ тәрбиесінің бастауы

Бүгiн, 11:31 185

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай сөз сөйлеп, отбасы құндылығы мен ана рөлінің ел дамуындағы маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде аналар қоғамының атқарып жатқан жұмыстары мен ел болашағы үшін қолға алынған бастамаларға кеңінен тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде Қазақстан бойынша Аналар кеңестерінде 1700-ден астам ұйым, 16 мыңнан астам есепті ана тіркелген. Олардың қатарында сексен жастан асқан ардақты аналарымыз да бар. Осы аналар атынан бүгін осы мінберден сөз сөйлеу — үлкен жауапкершілік әрі құрмет, — деді Нәзипа Шанай.

Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, бұл құрылымның қоғамдық келісім мен бейбіт өмір сүрудің үлгісін көрсеткенін ерекше атап өтті.

Ассамблея — бұл бір мақсат, бір мүдде жолында жұмыс істейтін азаматтардың қоғамдық институты. Ол мемлекеттің көреген саясаты мен қоғамды біріктіретін алтын көпір. Ал осы құрылымның маңызды буыны ­– аналар бейнесі. Аналар – ұрпақ тәрбиесінің бастауы, ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізуші алтын арқау, — деді ол.

Сөз барысында Нәзипа Шанай мемлекет басшысының балаларды қорғау мен олардың дамуына арналған бастамаларын ерекше қолдайтынын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Қазақстан балалары» бағдарламасын Аналар кеңесі толықтай қолдайды. Бұл бағдарлама арқылы қоғамда бала дауысына құлақ асатын жаңа сана қалыптасады деп сенеміз. Аналар тек білім беру жүйесіне емес, отбасылық тәрбиенің терең мәніне назар аудару қажет екенін алға тартады. Себебі жақсы тәрбие тек мектептен емес, алдымен ата-анадан басталады, — деді Нәзипа Шанай.

Сондай-ақ ол қоғамдағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жасөспірімдер арасында құмар ойындарына, интернетке тәуелділік және күйзеліс жағдайлары артқан. Бұл мәселелердің алдын алу бағытында Аналар кеңесі бірқатар жобаны жүзеге асырып отыр.

Біздің басты мақсатымыз — қоғамда зорлықсыз, мейірімді, адамгершілікке негізделген тәрбие мен тәрбиелік ортаны қалыптастыру. Ол үшін ұлттық, дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды сақтап, дамытудың маңызы зор. Ана — тек отбасының емес, ұлттың тірегі. Сол себепті біз баланы тәрбиелеу арқылы болашақты тәрбиелейміз, — деп түйіндеді өз сөзін Нәзипа Шанай.

Айта кетейік, сессия жұмысына 1600-ден астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында Парламент депутаттары, барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, орталық және жергілікті атқарушы
органдардың, діни бірлестіктердің басшылары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: