Назгүл Мағжан: Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр

6 Мамыр 2022, 17:12 3482

«Біздің штаб референдум кезінде қазақстандық қоғамдастықты топтастыру үшін жұмыс істейтін болады»,- деді Нұр-Сұлтан қалалық маслихатының депутаты, Қазақстан әйелдер күштері Альянсының төрағасының орынбасары Назгүл Мағжан.

Нұр-Сұлтан қалалық маслихатының депутатының сөзінше, бұл штаб жиырмадан аса ұйымның күш-жігерін біріктіріп, республикалық референдум өткізуге жәрдем көрсетеді деді.

«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда болатын жалпыұлттық референдум жайлы халыққа үндеу жариялады. Аталмыш референдумды қолдау аясында еліміздегі жиырмадан астам ең ірі деген қоғамдық ұйымдармен басымызды қосып, үлкен республикалық штабты құрып отырмыз. Штабтың құрылуына мұрындық болған – республикалық маслихат депутаттары, оның ішінде бас редакторлар клубы, журналистер, блогерлер бұдан бөлек ірі үлкен қоғамдық ұйымдарды жұмылдыру мақсатында құрылды»,- дейді Назгүл ханым.

«Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Сондықтан 5 маусым күні әр қазақстандық өзінің жеке азаматтық борышын орындауға тиіс. Себебі еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Сол себепті ел үшін жаны ашитын әр азамат осы референдумға қатысу керек деп ойлаймын»,- деді маслихат депутаты.

Аяулым Қанағат
Бөлісу: